Валмонтон қаласында (Италия) Рим құқығы бойынша 1-ші еуразиялық конгреске дайындалу аясында адам құқықтарын қорғау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа қолқабыс ету тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Еуропаның, Азияның және Латын Америкасының бірқатар елдерінің делегацияларын жинаған Италияның Ұлттық ғылыми зерттеулер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған конференцияның жұмысына ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров қатысып баяндама жасады.
Омбудсмен конференцияға қатысушыларды Қазақстандағы құқықтық саясат пен адам құқықтарын қорғау саласында мемлекеттің құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудегі қызметінің басым бағыттарымен таныстырды.
Конференция жұмысының қорытындылары бойынша азаматтардың құқықтарының сақталуын және осы саладағы жалпыға танымал нормалар мен стандарттардың қолданылуын бақылау саласында ұлттық құқықтық қорғау мекемелерінің халықаралық деңгейде өзара тығыз іс-қимыл жасау қажеттігі туралы ортақ пікір айтылды, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.
ҮШЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМАҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Маусымның 15-інде Женева қаласында Қазақстанның әлеуметтік әріптестігінің үш тарапты өкілдері Халықаралық еңбек ұйымымен Лайықты еңбек жөніндегі үшжылдық бағдарламаға қол қойды. Атап айтқанда, Бағдарламаға ҚР Үкіметі тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіқалықова, Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан С. Хоффманн және Жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың республикалық бірлестігі тарапынан өз өкілдері қол қойды.
Аталған бағдарлама осының алдындағы әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс әсерін есепке ала отырып жүзеге асырылған әлеуметтік-еңбек қатынастары аясындағы ынтымақтастық бағдарламасының жалғасы болып табылады. Бұрынғы бағдарлама Мыңжылдықтар даму мақсаттары мен БҰҰ даму мақсатындағы көмектер көрсету жөніндегі негізгі бағдарламалар ережелерін басшылыққа алатын.
Бағдарлама 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының даму стратегиясында айқындалған ұлттық басымдықтарға, сондай-ақ 2024 жылға дейінгі Қазақстанның орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы, 2010-2014 жылдарға арналған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің стратегиялық жоспары секілді орта және ұзақ мерзімді үкіметтік стратегияларға негізделеді. Ынтымақтастықтың басым бағыттары негізінде ХЕҰ жұмыс орындары туралы Жаһандық пактісінің қағидаттарын ұстануға назар аударылады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚАДАҒАЛАУ ҚАРЫМЫ
Кеше Бас прокуратураның кезекті алқа мәжілісі өтіп, онда қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, сондай-ақ осы бағыттағы прокурорлық қадағалаудың жай-күйі мәселелері қарастырылды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Алқа жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы бекіткен Құқықтық саясат тұжырымдамасында адамдар мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын барынша қамтамасыз ету қажеттілігі ерекше атап көрсетілген. Осыған байланысты, әсіресе, қылмыстық процесс аясында оларды мүлтіксіз орындау прокуратура органдарының ұдайы бақылауында тұр.
Алқаға қатысушылар қарастырылып отырған мәселенің өзектілігін және қылмыстық қудалауды жүзеге асырушы лауазымды тұлғалар тарапынан болатын заңсыз әрекеттердің жолын кесу бойынша қабылданып отырған шаралардың тиімділігін одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті. Тұтастай алғанда, осы саладағы құзіретті органдардың жұмыс деңгейі қанағаттанарлық деп танылды. Сонымен қатар, күдікті адамдарды ұстау барысында жіберілетін заң бұзушылықтарға және кейбір құқық қорғау органдарының ішкі қауіпсіздік қызметтерінің жұмыстарындағы жекелеген кемшіліктерге назар аударылды.
Талқылау нәтижесі бойынша алқа қылмыстық қудалау органдарының қызметін жетілдіруге, жедел-іздестіру және іс жүргізу іс-шараларындағы заңдылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалауды және ведомстволық бақылауды күшейтуге бағытталған шешім қабылдады.
ПАРТИЯАРАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
“Қазақстан – 2030” стратегиясына сәйкес елімізді дамытудың ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі экологиялық ортаны жақсарту болып табылады. Қазақстан 2030 жылы таза және жасыл, таза ауалы және мөлдір сулы елге айналуы керектігі атап өтілген.
Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың өмір сүру жасын 72-ге дейін ұзарту міндеті қойылған.
Арал теңізінің кебуін БҰҰ ғаламдық экологиялық апат деп таныды. Теңіздің кеуіп кеткен қабатынан жылына ауаға 6 млн. тонна тұз шығады. Сол тұздың құрамы Солтүстік полюсте де табылған. Арал теңізінің тағдырын Балқаш көлі де қайталауы мүмкін. Сонымен қатар, Семей полигонында жасалған ядролық сынақтардың салдары әлі көп жылдар бойы сезілетін болады. Бүгінде осы және басқа да мәселелер алаңдаушылық туғызып отыр.
Осыған орай, Астана қаласында “Экологиялық қауіпсіздік – қазақстандықтардың өмір сапасын арттырудың ажырамас құрамдасы ретінде” мәселесін талқылауға арналған Партияаралық кеңестің Х отырысы болып өтті. Партияаралық кеңесті өткізудің мақсаты – 2003 жылы бекітілген Қазақстан Республикасы Экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасының іске асырылу барысын талқылау.
Отырысқа саяси партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Бас прокуратураның, Қоршаған ортаны қорғау, Индустрия және жаңа технологиялар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, сараптау қауымдастығының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Партияаралық кеңестің жұмыс қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.