Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
«Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз», деді Олжас Бектенов.
Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктер, барлық мүдделі ұйым мен компанияларға – Қазақстан құрамасының Қытайда сәтті нәтиже көрсету үшін спортшыларымызға барлық жағдай жасау тапсырылды. Сыртқы істер министрлігіне ұлттық құрамаға дипломатиялық желі бойынша тиісті қолдау көрсету міндеті қойылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне отандық спортшылар қатысатын Азия ойындарының үздіксіз әрі сапалы көрсетілімін қамтамасыз ету тапсырылды.
Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен, Ұлттық Олимпиада комитеттерімен, федерациялармен бірлесіп, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын барынша күшейту бойынша тапсырма берілді.
Үкімет отырысы соңында Премьер-министр әйгілі спортшылар – олимпиада жеңімпаздары Владимир Смирновтың, Людмила Прокашеваның, Елена Хрусталеваның, Денис Теннің, Юлия Галышеваның қазақ спортындағы еткен еңбегі мен жетістіктерін атап өтті. Олжас Бектенов спортшыларға Харбинде өтетін қысқы IX Азия ойындарында сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді.