Өнер • 17 Сәуір, 2024

Студенттер қойылымы

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақ ұлттық өнер университеті» колледжіндегі «Актер өнері» пәндік-циклдық комиссиясының 1-4-курс студенттері «Егер де…» тақырыбындағы алғашқы театрландырылған концертін өткізді.

Студенттер қойылымы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Қазақстан – дарынды жас­тар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», деген еді.

Бүгінде ел Президентінің дарынды жас­­тарды қолдау бағытындағы баянды бас­­та­­малары жүйелі жүзеге асып жатыр. Бұл концерт соның нақты дәлелі десе де бола­ды.

Колледждегі «Театр деко­­­­ра­­циясы өнері» мамандығының сту­дент­­­тері сахнаны безендіру ісіне атсалысып, көрме ұйымдастырды. «Актер өнері» ма­­ман­дығы мен осы «Театр декорациясы өнері» мамандығының шәкірттері және жетек­­шілері әрдайым тығыз жұмыс істей­ді. Дипломдық жұмыс кезінде әртістер киетін костюмнің дизайнын әзірлеп, сахнаның безендіру ісіне көп күш салады.

Осылайша, концерттік бағдарлама фольклорлық музыка ырғағымен арнайы әзірленген прологтан басталды. Сахна түрілген сәттен-ақ әр шәкірттің өнер деп соққан жүрек лүпілі, ыстық ықыласы көзге оттай басылды. Концерт режиссері бай­ла­ныстырушы кейіпкер ретінде әр сәтті сабақтастырып, студенттердің жүйелі өнер көрсетуіне баса мән берді. Кол­ледждегі оқытушы-про­фес­сорлық құрамның осы уақытқа дейінгі еселі еңбегі ақталып, саналы ұрпақтың бойына сіңірген сапалы білімі анық аңғарылды.

Театр өнері және өнертану факуль­те­тінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Ақыш Омардың айтуынша, мұндай іс-шара талантты жастардың талабын ұштап, жемісті жетістіктерге жетелейді.

«Теориялық тұрғыда берілген білімді әрдайым тәжірибемен ұштастырып отыру қажет. Мұндай іс-шараларда шәкірттеріміз ең алдымен үлкен сахнада, көзіқарақты көрермен алдында өзін еркін ұстауды, барынша ашылып, шынайы өнер көрсетуді үйренеді. Колледжде алған білімінің нақты нәтижесін көреді. Қанатын қомдап, өнер айдынына асыққан жалынды жастарға дәл осындай концерттік бағдарламалар ауадай қажет», деді ол.

Іс-шара барысында колледж шәкірт­те­рі әр курстың бағдарламасына сай өнер көр­­­сетті. Мәселен, 1-курста тәлім алатын жас­тар түрлі тақырып бойынша «Сахна тілі» пәні­нен тренинг-жаттығуларды, «Ак­тер­лік шеберлік» пәні аясында жан-жа­­нуар­­­ларды бақылау әлемі этюдтерін ұсынды.

Ал 2-курста білім алатын студенттер әдеби-музыкалық композиция мен жан-жа­нуар­­ларды бақылау әлемі этюдтерін сах­­н­а­­лады. Сондай-ақ «Суреттерді тіріл­ту» та­қы­рыбында өз өнерлерін ортаға сал­­ды.

Бұл ретте, 3-курс студенттері «Сахна тілі» пәнінен монолог оқып, «Актерлік ше­берлік» пәні бойынша пьесалардан үзінді келтірді. Өз кезегінде, 4-курс студенттері прозадан үзінділер оқып, «Актер­лік шеберлік» пәні бойынша этюдтер ұсынды.

Айта кетейік, «Актер өнері» – атал­ған колледждегі жаңа ашылған маман­дық­тардың бірі. Алғашқы түлектерін 2021 жылы ұшырса да, ел жас­тары ара­сында оған деген қызығушылық дең­гейі өте жоғары. Талапкерлер дәл осы маман­дық­ты таңдап, оқуға түскісі келеді.

 

Думан ӘКІМ,

театр пәнінің оқытушысы