Бүгінде диқандар топырақ ылғалы құрғамай тұрып, сүдігер, күздік, көпжылдық шөп тырмалау және жер жырту сияқты дала жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Сала мамандары да шаруаны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ұйымдастырып, сапалы өткізуге тырысады. Науқандық жұмыстарды мінсіз атқаруға күреңбелдіктер де атсалысып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың берген мәліметіне жүгінсек, өңірде көктемгі дала жұмыстарына әзірлік қызу жүруде. Трактор, тұқым сепкіш, қопсытқыш, тырма, соқаның бәрі дала төсін дүбірге бөлеуге дайын. Ақауы барлары қажетінше жөндеуден өтіп, сақадай сай тұр.
Жоспар бойынша 117 653,4 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде күздік бидай және жаздық арпа, бидай мен сұлы, дәндік жүгері, қарақұмық сияқты дәнді дақылдар бар. Сонымен бірге 1313,4 гектарға картоп, 591 гектарға майлы дақылдар себіледі. Мақсары, күнбағыс, зығыр дақылдары да осының ішінде. Қант қызылшасының тұқымы 700 гектарға, бақшалық дақылдар 387,5 гектарға егіледі деп жоспарланып отыр.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізетін диқандар үшін жанар-жағармай ауадай қажет. Биыл 94 шаруа қожалығынан 868 тонна кепілді жанар-жағармайға өтінім түскен. Оның әр литрі 250 теңгеден белгіленіпті. Берекені тасытып, мол өнімге қол жеткізу үшін минералды тыңайтқыштардың алар орны ерекше. Сол себепті, оның көлемі анықталып, нәтижесінде 8513,1 тонна минералды тыңайтқыш сатып алу қажеттігі белгілі болған. 508,7 тоннасы жаздық бидай, 7 947,4 тоннасы жаздық арпа, қалғаны жүгеріге арналмақ.
Ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жан-жақты қолдау көрсету маңызды. Әсіресе техникасы әбден ескірген жетісулық шаруалардың қаржылық ресурстар мен жаңа технологияларға қол жеткізуі – өзекті мәселе. Осы орайда облыс орталығына Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев, Қазақстан Фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Абуов, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Асқар Санаубаров келіп, жетісулық шаруалардың көкейкесті талап-тілектерін тыңдады.
Қазақстан Фермерлер қауымдастығы облыстық филиалының басқарма төрағасы Асқар Шәріповтің айтуынша, былтыр қауымдастық эксперттік тұжырымдауларға қатысып, мемлекеттік бірнеше жобаға сараптама берген. Ұйымдастырылған арнайы конференцияда өзекті тақырыпқа айналған жүгері мәселесіне де ден қойылды. Мәселен, былтыр облыста дәндік жүгері егілген алқаптың әр гектары 69 центнерден айналып, жалпы түсім 393,5 мың тоннаны құраған. Десек те ішкі және сыртқы нарықта дәндік жүгері бағасының күрт төмендеуіне байланысты сыртқы сұраныс тоқтап қалды. Сөйтіп, жүгері сату үлкен проблемаға айналды. Сондай-ақ су мәселесі де өзекті. Өңірде су үнемдеу мақсатында жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісін қолданатын алқаптарды 2 есе ұлғайту жоспарланып отыр.
Жиында биылдан бастап жаңадан ашылған «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында көктемгі дала жұмыстарына несие, субсидия, кепілдік алу үшін «Даму» қоры арқылы өтінім беруге болатыны айтылды. Бұған қоса, агроөнеркәсіп кешенді дамытуда еңбектеніп жатқан шаруашылық иелерін қаржыландыруда атқарылған жұмыстар мен «Іскер», «Кең дала» бағдарламалары бойынша несие алу жолдары баяндалды.
Ветеринария саласындағы түйткілдер де қозғалды. Сала мамандарының айтуынша, жоспарға сәйкес бүгінде қажетті вакцинаның жартысы жеткізіліп, малдан қан алу жұмыстары басталған. Қызметкерден де тапшылық жоқ.
«Бұл басқосу ауыл шаруашылығы саласына қозғау салады. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекетіміз үшін басты мәселе. Ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түйткілді проблемалардың түйінін тарқату, мемлекет тарапынан шаруаларға қолдау көрсету сияқты мәселелер төңірегінде ойымызды ортаға салып, пікір алмастық. Жиын арқылы ауыл шаруашылығы саласында қандай проблемалар бар, жұмыс істеуге не кедергі, фермерлерді нендей мәселелер алаңдатады, ауылды қалай дамытамыз деген сұрақтар туралы тереңнен әңгіме қозғалды. Енді шаруалар көтерген ұсыныс-тілектер басшылыққа алынып, соның төңірегінде жұмыстар атқарылады. Ауыл шаруашылығы өркендесе, ел көсегесі көгереді. Сондықтан жұмыс істеймін деген адамға барынша жағдай туғызып, мүмкіндік беру керек. Қалай десек те әрбір азамат бақуатты, әлеуеті өркендеген мәдениетті елде өмір сүруге құқылы. Осыған жету бағытында біз әрекет ететін боламыз», деді Ж.Дайрабаев.
Жетісу облысы