Аймақтар • 17 Сәуір, 2024

Стратегиялық нысандарды қорғау амалдары күшейтілді

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Оралда «Батыс су арнасы» ЖШС, «Жайықжылуэнерго» АҚ нысандары мен сорғылау стансасында су тасқынына қарсы жұмыстар ұйымдастырылды.

Стратегиялық нысандарды қорғау амалдары күшейтілді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Орал қаласында сумен жабдықтау жұмысы 2  түрлі көзден жүзеге асы­рылады: жерасты сулары мен Жайық өзені ар­қылы. Қаланың 340 мың хал­қын сумен қам­тамасыз ететін «Батыс су арнасы» ком­му­налды кәсіпорны қазір қалыпты ре­жім­де жұмыс істеп тұр. Мәселен, қаже­тті су мен оны таза­лауға арналған ре­а­гент­тер қоры жет­кі­лікті деңгейде. Апат­қа қарсы брига­далар, кәсіпорынның 820 қыз­меткері мен 82 арнайы техника дайын тұр.

«Жайық өзені бойындағы стра­­тегиялық нысандарды тасқыннан қор­­ғау үшін бөгетті нығайту бойынша жұ­­мыстар жүргізіліп жатыр. Қала тұр­ғын­­дарын сумен қамтамасыз ету жұмыс­та­ры алдын ала қолға алынған. Су таситын ар­найы көлік қарастырылған», деді «Ба­тыс су арнасының» бас инженері Аян Тасқали.

«Жайықжылуэнергосына» 248 шақы­рым­нан астам қалалық жылу жү­йесі қарайды. Аталған нысандардың аумағында, оның ішінде  аса қауіпті учаскелерде су тасқынына қарсы жұмыс аясында құм-қиыршық тас қоспасымен толтыру амалдары күшейтілді. Тиісті жұмыстарған 180 адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылып отыр.

Тұтастай алғанда, Батыс Қазақстанда барлығы 20 мың шақырымнан астам электр желісі бар. Айталық, төрт ауданда 20-дан астам, сондай-ақ Орал қала­сын­да 16 қосалқы станса жұмыс істеп тұр. Олар қыр­да орналасқандықтан су басу қаупі жоқ. Бұған қоса превентивті амал­дар қол­­ға алынып, шаһардағы екі қосал­қы стан­сада қап төсеу, қорғаныс үйін­ді­сін ор­на­ту жұмыстары қарқын алды. Соны­мен бір­ге апатқа қарсы бригада­лар, 1 400 қыз­меткер мен 140 арнайы техника дайын тұр.

Осы ретте Жайық өзенінде орна­ласқан сорғы стансасын қорғау шаралары да қабылданғанын айта кетейік.

«Жайық өзенінің жағасында «Жайық­­жылуэнерго» мекемесін сумен, сон­дай-ақ қала халқын ауыз сумен қамта­масыз ететін сорғы стансасы бар. Одан күн­делікті шамамен 60 мың текше метр су аламыз. Бұл стратегиялық нысан болып саналады. Сондықтан оның айналасына қап төсеп жатырмыз», деді Энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Мирас Мүлкәй.

Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақ­стан өңірінде алдағы су тасқынына дайындық аясында қажетті күш жұмыл­дырылды. Өңірде су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 6,3 мыңнан астам адам және 1,5 мың техника тартылып отыр. Тұрғын үй алаптарын нығайту бойынша шаралар қабылдануда.