16 Маусым, 2010

ҚҰЛАҚҚА “ҚҰЛАНСАЗДЫҢ” ӘНІ ЖЕТТІ

631 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жамбыл бабаның есімімен аталатын аудан­да өнер десе өрге ұмтылатындар көп. Осы үр­дістің жауқазындай бүр жарғанына бүгінде көп­шілік куә. Оған құлашын кеңге жайған “Құ­лансаз” халықтық фольклорлық-этно­гра­фиялық ән-би ансамблі дәлел бола алады. Осы ұжымның құрылғанына 30 жыл толуына арналған мерейде бұл дәстүрді және бір тамашаладық. Қарап отырсақ, аталған аралықта бірнеше лек алмасты, оның қаншасы осы жерден қа­натын қатайтты десеңізші! Әуелде өнер ұжы­мының негізін көрнекті композитор, осы киелі мекеннің төл перзенті Әсет Бейсеуов қалаған болатын. Оның бастапқы құрамында 28 өнерпаз жастар болыпты. Мерейлі жиынға сол құрамның бірқатар мүшесі келіп, көрермен қауыммен жылыұшырай қауышты. Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев жиналғандар алдындағы сөзін әріден бастап, Мемлекет басшысының қолдауымен дүниеге келген “Мәдени мұра” бағдарламасына сай жүзеге асырылып жатқан өрісті жұмыстар барысына тоқталды. Айтса айтқандай-ақ, осыдан 30 жыл бұрын өнер өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасымен танылған ұжым репертуарында халық әндері мен күйлері, ақын-жыраулар туындылары ұлттық нақыштағы жаңаша өрнегімен өрістеген еді. Сол кездегі ансамбль құрамында шың­далғандар арасынан бүгінде Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген әртістері Ұлжан Айнақұлованың, Ержан Қос­барма­қовтың, ерлі-зайыпты әншілер Базаркүл Әжі­ғожаева мен Сағымбек Малтабаровтың, Алтын Әліпбаеваның, Сарагүл Машақованың, Айман-Шолпан Дауыдовалардың, Дүйсебай Шаштайұлының, биші Кеңес Керімбаевтың есімі ерекше аталады. Олардың аудан, облыс қана емес, Моңғолия, Түркіменстан, Ресей жұртшылығын шығармашылық табыст­а­рымен тәнті еткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Өнердегі осындай табыстары нәтижесінде аталған ұжымның 1983 жылы “Халық ансам­блі” деген абыройлы атаққа ие болғаны өз алдына зор мәртебе еді. Бүгінде жоғарыдағы әнші, күйші, биші­лердің қатарын жас толқын жаңғыртты. Осы жолды таңдап, болашағын сахнамен бай­ланыстыруға ден қойған жастар арасынан Айым Қоғамова, Зәмзәгүл Ахметова, Айзат Қарабекова, Жәнел Сембаева, Марта Төлепберген тәрізді таланттардың есімі атала бастады. Бүгін де олардың сәтті қадамдарына көрермен қауым дуылдата қол соқты. “Құлансаз” ансамблінің жұртшылыққа ұсын­ған екі сағатқа жуық концерттік бағд­ар­ламасының тақырып аясы да кеңдігімен ерек­ше­ленді. Сахна шымылдығы Толымбек Әлім­бек­ұлының “Жаршылар толғауымен” ба­с­талып, ор­кестрдің орындауындағы “Қа­расай” күйімен жал­ғасты. Осы жерде бір айта кететін жай, жаңа оркестрде домбыра, шертер, дауылпаз, шіңкілдек, бас шертер, асатаяқ, тайтұяқ, қобыз, алть-қобыз, қыл­қобыз, шаңқобыз, саз сырнай, сыбызғы сияқты таза ұлттық музыка аспаптарының үнінің жаңаша естілуі еді. Оркестрдің сүйемелдеуімен өткен күзде аудан­ның 80 жылдық мерейінде бас бәйгені жеңіп алған айтыскер ақын Айнұр Тұр­сын­бае­ваның жұртшылық алдында орындаған “Арнауын” Аяулым Сәдіғалиева орындаса, ақын Рәтбек Терлікбаевтың сөзіне жазылған “От Ана – Отан” әндерін Марат Әбді­қадыров пен Базарбай Кәрбозов тамыл­жыта шыр­қа­ғанда, көрермен жұртшылық ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндерді еріксіз еске түсірген. “Ел іші – өнер кеніші” демекші, соншама дауыс ұқсастығы мен әнді орындаудағы үн­дестік жұптасып, халықтан өз бағасын алды. Бағдарламада егемен еліміздің еңсесін кө­теретін патриоттық рухтағы әндерге де өзіндік орын беріліпті. “Жасыл ел – Қазақстан”, “Елге сәлем”, “Ұзынағаш вальсі”, “Арман қала – Талдықорған”, “Киелі мекен” әнде­рінен ел ең­сесін көтеретін асқақ рух өріліп тұрды. Жам­былдың “Угәй-ай”, Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы”, “Саржайлау”, Шәмші Қалдаяқовтың “Те­ріскей”, Сүгірдің күйі “Бозінген”, Латиф Ха­мидидің “Қазақ вальсі”, Нышан Тө­легеновтің “Бәйдібек баба”, “Домалақ ана”, Өмірбек Байділ­даевтың “Туған жер”, Кенжебек Күміс­бековтің “Биші қайың”, тағы басқа ән мен күйлер жұртшылықтың құлақ құрышын қандырып, орындау шеберлігімен ерек­шеленді. Сахнада орын­дау­шылық шебер­лігімен ерек­шеленген Зәмзәгүл Ахметова, Данияр Ыс­қақов, Кеңес Керім­баев, тағы басқа өнер­паз­дардың орында­у­ындағы әндер әуезділі­гімен тәнті етті. Ансамбльдің рухани жағынан толысуына облыс әкімі Серік Үмбе­товтің қолдау көр­сеткеніне жұртшылық алғысын айтты. “Құ­лан­саздың” құлпы­руына бюджеттен 40 533,0 мың теңге бө­лініп, әртістерге бір­неше жаңа сахналық киімдер, музыкалық аспаптар мен аппаратура, студия, компьютер алыныпты. Ансамбль құрамындағы 15 адам оркестр мүшелері, 12 әнші және 14 биші болса, олардың репертуарында бүгінгі күннің өзінде отыздан астам ән мен бірнеше ұлттық нақыштағы билер бар екен. Игілікті істі басқарып, өнерлілерді топ­тас­тырып, олардың жаңа бір қырынан жар­қыл­дауына ансамбльдің көркемдік жетекшісі, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов, режиссері сатирик ақын Толымбек Әлімбекұлы, му­зы­калық жетекшісі Марат Жалбыров, және тағы басқалар тынымсыз еңбек сіңіріпті. Іздену мен ілгерілеуі айқындалған “Құлансаз” бүгін тә­уел­сіз елі мен жерінің баянды бақытын әнге қос­ты, достық пен ынтымақты айшықтап би биледі. Ансамбльдің мерейіне облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, қай кезде де адам көңілін көтеретін, еркін төгілген әсем ән тарихтан жеткен толғаулар мен сымбатты ырғақты би екеніне екпін бере сөйледі, оның тәрбиелік маңызын да атап көрсетті. Әрдайым рухани байлықпен, жан тазалығымен өрбіген өмірдің мәнді болатынын ортаға салды. Осылайша ансамбль құрамындағы ардагерлерді Құрмет грамоталарымен марапаттап, иықтарына зерлі шапан жапты. “Құлансаздың” әні құлақ құрышын қан­дырды, ансамбльдің көрікті өнері көрермен жүрегінде жаңғырды. Сөйтіп, Жамбыл ата­мыздың бүгінгі жасампаз ұрпағы ел мә­дение­тіне деген ерекше жанашырлығын және бір қырынан танытты. Күмісжан БАЙЖАН.