Шымкент • 18 Сәуір, 2024

Шымкент: инвестор тартудың ұтымды жолы

115 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде Шымкент қаласының өнеркәсіп пен инновациялық дамуы 7 индикатор бойынша жүзеге асып жатыр. Шаһардың әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз ететін басқа да индикаторлар бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы – өңдеу өнеркәсібін­дегі өндіріс көлемін арттыру. Жоспарға сәйкес биыл өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығару көзделіп отыр. Әдепкі үш айдың өзінде 200 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Жалпы, мегаполисте 885 кәсіпорын бар, оның 20-сы ірі саналады. Елуге жуық кәсіпорын орта санатқа жатса, қалғаны – кіші өндіріс орындары.

Шымкент: инвестор тартудың ұтымды жолы

Негізгі капиталға салынатын ин­вес­тицияны биыл 275%-ға арт­ты­­ру жоспарда бар. 2016 жылдан бас­тап мегаполисте дәрі-дәрмек, меди­циналық бұйымдар өндірісі қар­қын алған. Ең ірі «Химфарм» зауытынан бөлек «Тассай» индус­триалды аймағында медициналық зат­тар шығаратын кәсіпорындар ашылған. «Экофарм Интернешнл» компаниясы да қазір осы саладағы ірі кәсіпорын қатарына кіреді. Сонымен бірге, өзбекстандық инвесторлардың қатысуымен ашылған «Дента Фил» өндіріс орны да өз ауқымын кеңейтіп жатыр. Компания биыл екінші жобасын іске асырмақ. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Өзбекстанға ресми сапармен барып, бірнеше маңызды келісім­ге қол жеткізгені белгілі. Осы орайда қазақ-өзбек бірлескен жобалары қанатын кеңге жаяды деген үміт бар. «Дента Фил» компаниясы соның жарқын мысалы.

Жергілікті әкімдіктің ендігі мін­деті – орта кәсіпкерліктің эко­но­ми­кадағы үлесін 10%-дан асыру. Былтыр өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Биыл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге жет­­кізу мақсаты тұр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 825 млрд теңге.

Соңғы 5 жылда мегаполис эко­номикасына айтарлықтай инвес­тиция тартылды. Шымкент рес­пуб­ликалық маңызы бар қала мәр­те­бесін алғалы инвестиция құю көрсеткіші 3 есе артқан. Мәселен, 2019 жылы мегаполистің инвестициялық даму көрсеткіші 195 млрд теңгені құраса, былтыр 700 млрд теңгенің үстінде инвестиция жұмсалды. Биылғы меже – 900 млрд теңгеден асыру. Осы жылдың 3 айының өзінде 100 млрд теңгенің инвестициясы тартылып үлгерді. Инвес­тициялық қаражаттың негіз­гі бағыт­­тары – шағын және орта кәсіп­керлік, сонымен бірге, индус­триалды аймақтардағы жобалар. Сонымен қатар инвестиция туризм, көлік, білім салаларына да бағытталып жатыр.

Қалалық өнеркәсіп және индус­триал­ды-инновациялық даму бас­­қар­масы 2024-2028 жылдарға ар­нал­ған инвестициялық пулды қалып­тастырды. Оған жалпы құны 1,7 трлн теңгеге тең 219 инвес­тициялық жоба кірді. Соның аясында 31 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Биыл инвестициялық пул шеңберінде 260 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын 64 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Өз кезегінде инвестиция өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық, көлік секілді салаларға бағытталады.

Өңдеу өнеркәсібіне қатысты жалпы сомасы 500 млрд теңгеден асатын 114 жоба іске қосылмақ. Осының аясында машина құрас­тыру, жеңіл өнеркәсіпті дамыту шаралары қолға алынбақ. Айта кету керек, жеңіл өнәркәсіп бойынша қалада арнайы эконо­микалық аймақ бар. Қазір оның толымдылығы 85-90%-ға жетті. Өңдеу өнәркәсібіне арналған жобалар ішінен 16 кәсіпорын ашу мақсаты қойылып отыр.

Шымкентте қытайлық әріптес­термен бірлесіп атқарылып жатқан жобаның бірі – керамикалық тақта өндірісі. Кәсіпорын ғимаратының құрылыс жұмыстары бітуге таяп қалды. Жыл соңына дейін іске қосу үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер учаскесі бөлініп, тиісті инфрақұрылым тартылды.

Осы жылы сәуір айының со­ңында Шымкентте «Фьюсти» алко­голсіз сусынын шығаратын кәсіп­орын іске кіріседі. Маусым айында осы өндіріс орнынан «Кока-Кола» сусыны шығарылады. Көлік-логистикалық аймағында орна­ласқан бұл кәсіпорын транс­ұлттық компания қолдаумен ашылмақ. Мұнда негізгі инвесторлар – түрік ағайындар. Былтыр наурызда басталған құрылыс жұмысы бір жылдан астам уақытқа созылып, қазір соңғы кезеңге жетті.

Сондай-ақ «Жұлдыз» индус­триалды аймағында ресейлік инвес­торлардың қатысуымен тұрғын үй құрылыс комбинаты бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстары 50%-ға тәмам болды. Келешекте тұрғын үй құрылыс ком­бинаты үй құрылысына қа­жетті панельдер шығарады. Оның кө­мегімен 1 күнде 3 қабатты тұр­ғын үйді салуға мүмкіндік ­туады.

Ал шұлық өндіретін «Әлем-БТ» компаниясы өнім ассортиментін көбейту мақсатында инвестиция тартып, екінші жобаны іске асырмақшы. Осы орайда жаңа өндіріс ошағының құрылысы жүргізіліп, жыл аяғына дейін аяқталады деген жоспар бар. Екінші жобаны жүзеге асыруға құйылған инвестиция 6,5 млрд теңгені құрайды. Бұдан өзге газоблок, темір-бетон өнімдері мен химия саласында сутегі пероксиді өндірісіне инвестиция салынып жатыр.

Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың айтуынша, 2028 жылға қарай түрік инвесторларымен бірлесіп аумағы 500 гектар, жалпы сомасы 300 млрд теңгені құрайтын ең ірі өнеркәсіптік жылыжай құрылысын бастау жоспарда тұр. Ол инвесторлар биылдың өзінде 100 гектар жерге жылыжай салып, құрылысын осы жылдан қалдырмай аяқтауды көздеп отыр. Осы мақсатқа орай қалалық әкімдік «Бозарық» индустриалды аймағынан 200 гектардан астам жер учаскесін ұсынған.

 

ШЫМКЕНТ