Руханият • 18 Сәуір, 2024

Жаһандағы жақұт ел

149 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Сәуірлетіп Қазақ еліне Саха Жазу­шылар одағы басқарма төрағасы Н.Хар­лампьева бастаған бір топ қаламгер қауымы мәдени алмасулар мақсатымен келіпті.

Жаһандағы жақұт ел

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл – елеулі мәдени жаңалық. Біз­дің Түркістандағы «Түрік тілдес ха­лық­тар кітапханасында» өз алдына сап құрап тұрған саха тіліндегі 201 кітап (тарих, тіл, әдебиет, салт-дәстүр,  ұлт­тық тағам, т.б.) бар. Іштей осы қазынамен сырласа бас­тадым. Кешегі кеңестік империя кезінде әдеби, мәдени қарым-қатынас кеңінен жүзеге асырылар еді. Тәуелсіздіктен кейін құлаққа ұрған танадай тына қалдық. Әдеби байланыс, мәдени қатынас үзілді. Дәуірдің күміс қоңырауы – Шерхан Мұртаза туыс түрік халықтарымен байланыстың үзілуіне қынжыла үн қатқаны бар: «Қазақ жазушылары мен өнер адамдары Қазанға, Уфаға, Ташкентке, Ашғабадқа, Бішкекке барып, тіпті алыстағы Якутскіге – сахаларға барып, олар бізге келіп, рухани әлемде алыс-бе­ріс, барыс-келіс болып, бір-бірімізді байы­тып, бауырласып жатар едік» («Еге­мен Қазақстан», 4.01.2008). Шерағаң сол мәдени алмасулардың тәуелсіздіктен кейін сап тыйылғанына қынжылады. Қы­ран ­жүрек қаламгердің наласына наз қосып біз де «Бармасаң, келмесең – жат боласың...» деп «Егемен Қазақстан» газетінде үн қаттық. Бірақ бүлк еткен жауапты орынды көрмедік... Сәл кейінірек біртіндеп сең қозғалғандай болды-ау. Бұ­рынғы министріміз «Алтын адамды» сырт жұртқа көрсетіп, көрмелетіп, сейіл­деді. Сейілдің аяғы сергелдең болғаны тағы белгілі. Жә, беті аулақ. Тап бүгінгі күндері Қ.А.Ясауи қорық-музей ұжымы бауырлас татар елінде, астанасы Қазанға кеңейтілген көрме ұсынып, мәдени байланыс іс-шарасымен жүр. Мавзолей – ЮНЕСКО бойынша қорғалатын аяу­лымыз. Мәдениет жампозы Өзбекәлі Жәнібектің ұзақ жылдар бойы жан сала, жанталаса жүріп тиянақтап үлгерген бір ісі. Мавзолейдің «ұлттық» мәртебе алуы, іле-шала тарихи Қазанға аттануы – түрік халықтарының Шерхан Мұртаза аңсаған, іздеп-жоқтаған барыс-келісінің жандануы деп білеміз.

Іле-шала әдеби алмасу мәдени алмасу ізінен салып келеді екен. Астанаға алыс ағайын Саха, іргедегі Қырғыз халықтары әдеби алмасу шараларымен келіп жатыр. Қуанарлық жағдай!..

Түрік халқының бір ұлттық бұтағы саха – бір қиыр шетті қоныстап жатқан ел. Қазақ сияқты елі аз, жері көп. Далиған кең жердің рақатын көрмеген, көре алмай келе жатқан түрік жұрты. Кешегі кеңес кезеңінде саханың ұзын саны 500 мың жан болатын. Бүгін 450 мың шамасы қалыпты. Бүкіл Сібір жұрты азулыға тез жұтылып бара жатқандай... Арасында түрік тектес тайпалар да, өзге тайпалар да жеткілікті. Олардың арасынан Ю.С.Рытхэу, Ю.Шес­талов, В.Санги, С.Курилов, С.Руфов се­кілді танымал ақын-жазушылар шық­қа­ны белгілі. Біразымен таныс-біліс болдық. Бәрінің дерлік поэзия, прозалық шығармаларын оқыдық.

Сібірдің аз санды ұлысы арасынан өзіндік ұлттық келбетін сақтап қалуға ты­ры­сып келе жатқан сахалар арасынан көрнекті ақын-жазушы, түрколог, фольклорист мамандар өciп шықты. М.К.Аммосов кезінде Қазақстанның біраз өңірінде жауапты саяси қызмет атқарған. Аштық қынадай қырған жыл­дары Қазақстан экономикасын тұрақ­тандыруға көп қайрат жасаған азамат. Қырғыз КСР-i құрылған жылы респуб­лика басшылығында болып, 1937–1938 жылда жалалы жазаға ұшыраған.

Саха зиялылары өз ұлтының күннен-күнге семіп бара жатқанын уайым етеді. Сондықтан да кейінгі жас өркенді ұлттық дәстүрде тәрбиелегісі келеді. Жылма-жыл жаздың жайма-шуағында «Ысыых» мейрамын өткізу – саха салты. Ұлттық мейрам. Ол біздің Наурыз мейрамы секіл­ді. Сол сияқты өзінің ұлттық тарихын тереңдей зерттеп, түріктік негізге тартыла өсіп келеді. Бұл орайда ағайынды тамаша түркологтер Васильевтерді бөлекше атап айтар едік. Ағайынды Васильевтер өз­дерін Түрік қағанаты тарихын, руна жазулы ескерткіш тілін зерттеуге арнады. Про­фессор В. Илларионовтай білімді фольклорисі, П.М.Максимовадай бүгінгі cаха әдебиетін, оның ішінде поэзия жанрын типологиялық тұрғыдан жіті зертте­ген ғалымы бар дәстүр орай жалғасып келеді.

Жаһандағы жақұтты Саха елімен барыс-келіс, оқу біліс дегендей өзара сыйластығымыз тәуір. Әсіресе түрколог Н.И.Васильевпен достық қарым-қатына­сымыз жақсы болды. Түрік халықтары тарихы, тағдырын өмірінің мәніне айнал­дырған Николай Иванович екі қыс қата­рынан Түркістанда тұрақтап, «Түрік тілдес халықтар кітапханасында» тапжылмай жұмыс істеді. Ол ұлтын шексіз сүйетін, саха ұлысы тағдырына уайым шегетін. Н.И.Васильевтің інісі Ю.И.Васильев – руна жазуларын оқи­тын аздың бірі. Ол уақытында баласы И.Ю.Васильев екеуі саха тіліндегі көне оғыз элементтері жайын­да тамаша ғылы­ми түркологиялық еңбек берген еді.

Бүгінгі саха зиялылары бойындағы ұлтқа сүйіспеншілік бастауын іздейміз ғой, баяғы. Оқып іздене келе тапқанымыз, саха халқы да өзге түрік халықтары секілді XX ғасыр басында ояна бастапты, ұлтты қайтсек сақтаймыз? – деген оймен жүріп ұлтшылдық ұлы жолға түсуші азаматтары болыпты. Біздің қызығушылығымызға қарай олардың бәрі бір ауыздан саха жұртының оянып, ұлтты сақтау, өсіру жолына түсуіне бас себепкер тарихи тұлға ретінде Алексей Кулаковский есімін атайды. Бұл тұлға – саха ақыны, публицист жазушысы. 1877 жыл туып, 1926 жылы қайтқан. Міне, осы азамат өз халқының әлеуметтік жағдайын, күнкөріс тір­шілігін, де­мографиялық өсі­мін... бәрін-бәрін жіті зерттеп, саханың отар ретінде өліп бара жат­қанына, егерде бұлай кете беретін болса туған елінің келешегі жоғына көзі жетіп «Саха зияларына» атты үндеу жазады.

Мұнда ол ұлысының көрген қорлығын, шаруашы­лығының күйсіздігін, өcy орнына өшіп бара жатқанын статистикалық мәлімет араластыра талдайды. Азғантай ғана саха тағдырын әлем жұртшылығы контексінде қарастырады. Алып ел­дердің жұрты қырылып аштан, азаптан, қанаудан өліп жатқанда саха кім? Бүгінгі таңда орыс отары болып отырған, көбіне аңшылықпен күн көретін саха жер бетінен жойылып кетпей ме? Ол осындай өткір сұрақтар қояды. Озбырлардың қытығына тиетін сұрақтар. «Өмір үшін күресу. Біз мәдениетіміз артқан са­йын оның жолын іздестіреміз. Жабайы қалыпта жүрсек, бардан айырыламыз. Мені жойылу деген сөз шошындырады» дейді ол. Ой жосығы, міне, осындай! Бұл бір саха ұлты басындағы жағдай еместігін де еске салады. Бүкіл Сібір жұрты тағдырлас. Кулаковский салыс­тыра қарайды. Tiптi Миллердей Сібір ұлт-ұлыстары тағдырына тарихшының көзімен, ой жібере қарайды. «Өкінсек те, Сібірде саны мыңға жуық: алтайлықтар, қарағастар, қойбалдар, ұйғырлар, осман­лылар, қондомдар, телеуіттер, қама­сындар, жойылуға «бет түзеген» сібір татар­лары, ұранхайлар, орочондар (680 жан), вогулдар (7000), бұхарлықтар (400), остяктар, зыряндар, качиндар, тұнғустар, ламуттар (500), манегрлер, гольдтар (430), юкагирлер (675), чувандар (72), коряктар, камчадалдар (5000), айндар (1130), гиляктар (2500) жанымызды ауыртады. Ал ариндар, омуктер, байқал якуттар («чукуна омук») толық жойылды» деп жазады.

Тағы бір запыран пайымы, міне, осындай...

Әлемдегі алып елдердің де қырылып жер бетінен жойылып жатқанын жазады. Өздерімен іргелес, тағдырлас саны аз ұлт, ұлыстардың да күннен-күнге жер бетінде азайғанын айтады. Сақтап қалар амал бар ма? Кулаковскийдің жауабы – әр ұлт өзін-өзі сақтайды! Ол үшін оның ұлттық намысы оянуы керек. Ол үшін үлкен бе, кіші ме, ол ұлт өкілдері дүние-ғаламның білімін алуы керек. Әрбірі, бәрі жұдырықтай жұмылып ұлт тағдыры, ұлт тілі үшін күресе білуі керек. Оянушылыққа бастайтын ой. Бостан күнге бастайтын жол!

1912 жылы «Саха зиялыларына» үндеуін А.Е.Кулаковский осылай нақты затты деректермен, философиялық жинақтаулармен келіп жазады. Расында, қайраткер айтқан Сібір ұлыстарының көбі бүгінгі күні орыстанды, өзге ұлысқа сің­ді, қысқасы жойылды. Кулаковскийдің саха ұлтын оянушылыққа бастайтын кітабын ұзақ жылдар кітап етіп бас­тырмай, тыйып ұстады. Осы тұлғаның ұлт­ты оятқан шығармасы жайында кезін­­де «А.Е.Кулаковский және саха ұлт­шылдығы» атап мақала жазғанбыз. Бұл – Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» шығармасымен рухтас дүние.

Әзірге саха ұлты өмір сүріп келеді. Кеңестік кезеңде саны бірсыпыра өсті де.

Ұлтты сақтайтын – ұлт зиялылары. Осы күндері Қазақ еліне арнайы ат ары­тып келе жатқан көрнекті ақын, сол елдің Жазушылар одағының төрағасы Наталья Харлампьева бастаған бауырлас саха қаламгерлері – ұлтының салт-дәстүрін сақтап, ұлықтауды мұрат тұтқан қаламгерлер.

Сапар бағдарламасын шолып шық­тым. Бес жазушы 16 сәуірде Астанаға келіп түседі. Әдеби, мәдени іс-шара­лар бас­та­лады. Олар 21 сәуірде Алма­ты­ға барады. Ұлттық кітапханада жұртшы­лықпен кездеседі. 24 сәуірде қонақтар еліне (Якутскіге) ұшып кетеді. Біз ойланып қалдық. Жауапты азаматтармен кеңескіміз келеді. Түріктің бір бұтағы саха Мағжан алқалаған Түркістанға ат басын бұрса, тек қуанар едік қой...

Сахастан (Якутия) – «Ішкі Ресейдің сыртқы үлкен түрмесі» атанған кең аймақ. Өткен ғасырда Ресейдің небір демократ ойшылдары осы өңірге ай­далған. Якутияда жазасын өтеген бір Г.Короленконың тағды­ры кісіні жылат­қандай. Қазақтан дәрі­гер Қарабаев, діндарлар Науан хазі­рет пен Шаймерден Қосшығұл, Рыс­құл (Тұрардың әкесі), Угар Жәнібеков т.б. тұлғаларға осы итжеккеннен дәм бұйырған. Оның бірсыпырасын жүйрік жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов шырайын кіргізіп жазды-ақ...

Саха ұлтынан шыққан қайраткер Максим Аммосов қазақ жұртын аштық жайлаған 30-жылдары солтүстік өлке­мізді басқарды. Аз уақыт батыс өлкесінде қызмет етті. М.К.Аммосов Ленинград обкомының 1-хатшысы С.М.Кировпен ынтымақ тауып, Қазақстанды аштықтан шығарып, индустриялық аймаққа айналдыруға талаптанды. Алайда Қырғыз КСР-нің 1-хатшысы болып жүргенде Фрунзе (Бішкек) қаласының әскери коменданты В.Панфиловтың көрсетуімен «халық жауы» болып ұсталып, 1937 жылы атылып кете барады.

30-жылдар зобалаңы ешкімді аямаған ғой. Саха әдебиетінің классигі Эрилик Эристиин өз елінен қашып келіп, Шым­кентті паналаған. Оңтүстік Қазақстан өлкелік газетін ұйымдастырып, басқарған Бей­сембай Кенжебайұлы осы саха жазушы­сымен таныс-біліс болыпты. Эрилик Эрис­тиин «Маарыкчаан ыччаттара» романын Шымкентті жайлаған жаны жаралы жылдары жазған. «Маарыкчаан қы­рандары» – Са­ха­ның тұңғыш романы. Оны кейін қабырғалы қалам­геріміз Шерхан Мұртаза ана тілімізде сөйлетті. 80-жылдары сахалармен барыс-келіс қалыңдаған. Басы-қасында жүріп, ұйымдастырушы – «Яку­тияның еңбек сіңірген қайраткері» Қалаубек Тұрсын­құлов.

Өзім де cахалармен тәп-тәуір қарым-қатынаста­мын. Арнайы барып, түп-тамыры туыс жұртты аралап, әруай әсер, мол олжамен оралған жайым бар.

Сахада «культке» айналған екі мә­дениет үлгісі бар. Бірі – ағаш. Ағашқа бүтін саха жұрты табынады десе жарасады. Орманды өңір. Орманын жансалып сақтап, көздің қарашығындай қорғайды. Тіпті қураған қусақ ағаш (тіпті бұтақ) жерге төбесімен шаншылып тұрса, әйтпесе шашылып жантайып жерде жатса, тіке­сінен тұрғызып, келесі ағашқа сүйеп кетуді перзенттік міндет-парыз санайды. Екіншісі – музей. Кенжелеу дамыған Саха еліне супермәдени үлгі музей қайдан дарып, қалай байырқаланып жүр? Мыңдаған гектар жерде жер ауда­рылып жаза тартқан жазықтылар, сая­си сенімсіздер жеркепе қазып, жан сақтаған. Короленко жергілікті саха қызына үйленіп, сондай жеркепенің бірінде отбасылы болып жасаған. Бейбіт жұрт қазақтың киіз үйіне ұқсас үлкен «яранга» секілді жатақты қоныстайды. Мың болғыр жазушы Дмитрий Сивцев өткен ғасырларда тұтас түрме болған мыңдаған гектар жерді музей кешеніне айналдырған.

Ұлтты сақтау – ұлттық мұрат, жегі дерт. Ұлт дерті – ұлттың рухты азаматта­рының жүрегіне кірген тікен, арқасына қадалған шаншу... Жазушылары да негізінен орысша жазуға бейімделген үстіне бейімделіп барады. Бұл да – дерт.

Әдеби сапармен келе жатқан бес саха – тамырлас елдің жазушылары. Ұлт­тың рухани жетекшілері. Әр жылдары Жазушылар одағын ағайынды Сафрон Данилов, Семен Данилов кезектесіп басқарған. Сібір жазушылары әдеби тәжірибе алмасумен Алматыға келген бетінде (ұмытпасам 1980 жылы), Семен Даниловпен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбат кезінде жастар газетінде жарық көргені есте. Сафронмен Саха елінде әңгімелескенмін. Жазбам хатталып тұр.

Жазушылық мәдениет дегеннен шы­ға­ды, Шыңғыс Айтматовтың «Біздің Құлбек бір қазақ әдебиетімен шектелмей, күллі түрік халықтары әдебиетін қос-қатар қарастырады» деген бірауыз мақтау сөзі желіктірді ме, әйтеуір түрік респуб­ликаларында шығатын мерзімді бас­пасөз – алуан тілді газет, журналдарын студент кезімнен жаздырып алдырып оқып жүрдім. Кейін Түркістанға ойыса қызмет атқарған жылдары әзіз Бейсекең (Б.Кенжебайұлы) аманатын алға ұстап, Түркістанда «Түрік тілдес халықтар кітап­ханасын» ұйымдастырдым. Мұнда саханың «Бічік» баспасынан шыққан кітаптар бар.

2013 жылы Саха сапарында Семен Руфовтың үйінде қонақта болдым. Сол сапардан арқаланып қайттым. Оның бар шығармалары  кітапханамнан орын тепкен. Қолтаңбамен. Егор Неймоховтың «Алампа заложник вечнос­ти». (Якутск, 2012) роман-дилогиясы оқы­ған көркем әдебиет ішінде ерекше қы­зықтырды. Роман кейіпкері – біздің Жүсіп­бек Аймауытұлы секілді сан қырлы та­­лант. Роман, повесть, әңгіме жазған. Драма­тургияның негізін салушы. Актер. Режис­сер. Театр директоры. 1937 жылы аты­лып кеткен. Романның ішкі драмасы соқталы. Психологизм иірімді.

Көп жылдан Өзбекәлі Жәнібек жайын­да жазып келе жатқаным көзі­қарақты оқырманға мәлім болса керек. Үш рет естелік кітабын құрастырдым. Бір «Өзбекәлі Жәнібек кім?» аталатын ф/б роман жаздым. Өзбекәлі Жәнібек – тұнып тұрған ұлттық салт-дәстүріміз. Түрік тілдес халықтар кітапханасын қалыптастыруда түрік тайпаларының тарихи-этнографиялық әдебиеттеріне ерекше ден қоятын себебім, міне, осыдан. Мысалы, Н.Васильев «Якутия тарихы», «Культура питания Якутов» (Санкт-Петербург, 2012). Петрова С.И. «Свадеб­ный наряд Якутов. Традиции и реконструкция» (Новосибирск, 2006). Кітаптар – осы ыңғайда жиналған еңбектер.

Дос-жар жүрген, марқұм Н.И.Ва­сильевтің «История Якутии» (Якутск, «Бичик», 2007), аға буын түркологтер қатарында аталатын Е.И.Убрятованың саха тілі грамматикасы, синтаксисі туралы еңбектер шоғыры, әкелі-бала­лы түріктанушы Васильевтердің «Огуз­ский компонент в якутском языке» (Якутск, 2012), майталман фольклорист В.В.Илларионовтың «Олонхо ыһыах-оһуокай» (2011), «Якутское сказительство и проблемы возрождения олонхо» (Новосибирск, «Наука», 2006), Г.У.Эргистің «Очерки по якутскому фольклору» (Москва, «Наука», 1974), ақын Н.И.Харлампьеваның лирикалық жыр жинақтары (2019). Түркістанда біз ұйымдастырып, ашқан «Түрік тілдес халықтар кітапханасында» сақталатын саха ақын, жазушы, тілші, тарихшы ға­лым­дары еңбектерінің кейбірі.

Саха әдебиетінің арғы-бергісін оқып, жанымды байытып, білімімді молайт­қаннан өзге зиян көргенім жоқ. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетіне келіп, білім алып жүретін саха студенттері елін, жұртын, тілін сағын­­ғанда осы еңбектерді оқығанына талай куә болғанмын. Тіпті кітапханада саха­ның ұлт қайраткері А.Е.Кулаковский жайында жиын ұйымдастырғанымыз да есте.

Қазақ-саха әдеби-мәдени қарым-қатына­сының бірсыпыра беттерін «Egemen Qazaqstan» газеті оқырмандары көз алдыңда ақтарсам керек. Түйіндей келе айтарым мынау: Саха елімен әдеби қарым-қатынасты неге Астана, Алматымен шектеген сала мамандары? «Түркістан – түрік халықтарының рухани діңгегі» деген ойды әзелден айтып, жазып келеміз. Президентіміз Қ.К.Тоқаев та «Түркістан – түрік халықтарының мәдени бас қаласы» – дегенін білеміз. Олай болса, алыстан ат арытып келген саха жазушыларын екі астанамен шектеп қоймай, сапарын сәті­мен Түркістанға жалғау керек еді деп ойлаймын. Қ.А.Ясауи халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Сахастаннан келген ұл-қыздармен кездесу жастар жүрегіне отаншылдық сезімін құяр еді. «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» бұрылып кіріп, саха еңбектерін көру Олонхо ақын-жазушыларын туыстық рухын арттырары да сөзсіз.

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

әдебиеттанушы-профессор