Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Жас ұрпақты кітап оқуға қалай баулимыз?

581 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайда: «Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. ...Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді.

Жас ұрпақты кітап оқуға қалай баулимыз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Оқу сауаттылығы орташадан төмен

Адамның оқу сауаттылығы оның ин­тел­лектуалдық қарым-қабілетінің ірге­та­сы саналатынын қазіргі ғылым растап отыр. Мысалы, PISA халықаралық зерттеуі бо­йынша, оқушының оқу сауаты төмен болса, қаржылық, математикалық, шығар­ма­шылық, ақпараттық-технологиялық сұрақтарға да дұрыс жауап беруі екіталай. Яғни адамның білім-білігінің өзегінде кітап оқу дағдысы тұрады. Кітап оқудың пайдасы көп: адамның көкжиегін кеңейтіп, ойлау қабілетін шыңдайды, тілдік қорын молайтып, эмоциялық зердесін дамытады. Ал мемлекеттің басты капиталы саналатын адамның білім-білігі оның өз өмірінің сапасына ғана әсер етіп қоймайды, сондай-ақ қоғамның рухани-мәдени, саяси-экономикалық жаңғыруы жолында да шешуші рөл ойнайды.

Өркениетті елдердің бәрі де осы бір қара­пайым әрі күрделі іске айрықша мән береді. Себебі кітап оқу – азаматтардың мәдени деңгейінің көтерілуіне, ғылыми жаңалықтардың ашылуына, экономикалық өсімнің артуына, саяси реформалардың сәтті жүзеге асуына әсер ететін маңызды фактор.

Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанның жағдайы көңіл көншітпейді. 2022 жылғы PISA зерттеуінің нәтижесі бойынша, еліміздің көрсеткіші 81 елдің орташа көрсеткішінен айтарлықтай төмен болды. Оқу сауаттылығы бойынша еліміз 61-орында тұр. Бұл – оқушылар кітап оқи алғанмен, оқығанын толық түсінбейді деген сөз. Яғни елімізде оқу дағдарысы анық байқалады. Әрине, бұл бағытта біршама жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, мәселеге мейлінше кешенді түрде қарап, әлі де болса жетілдіре түсетін тұстары бар.

Жас ұрпақты кітап оқуға баулу мәселесін ғылыми тұрғыдан зерттеп жүргенімізге көп болған жоқ. 2023 жылдың аяғында Жапония тәжірибесін зерделеп қайтуға Токиоға барып қайтқанымыз бар. Сапар барысында біз Жапониядағы балалар әдебиетінің жай-күйімен, жас ұрпақты кітап оқуға баулу бағытында жасалып жатқан әртүрлі жобалармен таныстық. Сонымен қатар Токио қаласындағы Халықаралық балалар әдебиеті кітапханасында әріптестік кездесу өткізіп, Осака қаласындағы Балалар әдебиеті институтымен байланыс орнатып келдік. Президентіміздің Ұлттық құрылтайда айтқан сөздері қолымызға қалам алуға түрткі болды. Жапонияның жас ұрпақты кітап оқуға баулу саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып төмендегі ұсыныстарды ортаға салып отырмыз. Сонымен бірге PISA халықаралық зерт­теуінің қорытындысы бойынша үздік көр­сеткіштерге жеткен кейбір елдердің тәжірибесін де қаперде ұстадық.  

 

Жапондардан үлгі алса...

«Кітапхана туралы» және «Жас ұрпақ­ты кітап оқуға баулу туралы» заң­дарда кітап­ханашылардың мәртебесі, қар­жы­ландыру көзі, кітап оқуға баулумен айналысатын ұйымдарды қолдау жүйесі, тағы басқа мәселелер қарастырылғаны абзал.

Жапония – әлемде «Жас ұрпақты кітап оқуға баулу туралы» деген арнау­лы заң қабылдаған бірден-бір мемлекет (2001). Ал 1950 жылы «Кітапхана туралы» заң қабылдап, соның негізінде «Мектеп кітапханаларының кеңесін» құрған. Бұл кеңес мектеп кітапханаларын толықтырумен айналысады. Сонымен қатар 2001 жылы қабылданған заңды жүзеге асырудың 5 кезеңнен тұратын стратегиялық жоспарын бекіткен. Бұл заңда жас ұрпақты кітап оқуға баулу ісіне қатысты барлық механизм көрсетілген. Атап айтқанда, заңның мақсаты, басты философиясы, тараптардың міндеттері, жергілікті билік өкілдерінің міндеттері, қаржыландыру жүйесі т.б. мәселелер қамтылған. Аталған заңда 23 сәуір  Жапонияда балалардың кітап оқу күні деп бекітілгені де жазылған. Сонымен бірге Жапония 2005 жылы «Оқу және жазу мәдениетін қолдау туралы» заң қабылдаған. Ал 27 қазан Оқу және жазу мәдениеті күні болып бекітілген. Мектептерде кітап оқуға арнайы уақыт бөлінеді. Содан да болар, PISA зерттеуінің оқу сауаттылығы көрсеткіші бойынша, Жапония ондықтан түспей келеді. Ал 2022 жылы 3-орынды иеленді.

Бізге де осындай стратегиялық қадам­дар жасау керек. Арнаулы заң шығарып, бала­ларды оқуға баулудың ұлттық бағдар­лама­сын қабылдау қажет. Өйткені бұл салада қордаланып қалған мәселе шаш етектен. Бір ғана мысал, еліміздегі 6 миллион қоры бар ең үлкен ғылыми кітапхана – Орталық ғылыми кітапхананың кітапхана мәртебесі жоқ. Осыдан 30 жыл бұрын 305 маман қызмет еткен кітапханада қазір маман саны 10 есе қысқарып, 28 кітапханашы ғана жұмыс істейді, олардың айлық жалақысы 100 мың теңгенің шамасында ғана...

 

Балалар әдебиеті институты керек

Елімізде балалар әдебиетімен айналысатын институт та, тіпті осы мәселемен шұғылданатын бөлім де жоқ. Ал бұл салада атқарылуға тиіс шаруа өте көп. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Финляндия сынды елдердің бәрінде балалар әдебиетімен айналысатын институттар жұмыс істейді. Мысалы, Жапонияда балалар әдебиетінің мәселелерімен айналысатын институттар, ұйымдар, қоғамдық қорлар бар. Олардың бәрі бір мақсат жолында қызмет атқарып, бірін-бірі толықтырып отырады. Бір инс­титут жыл сайын жарыққа шығатын мыңдаған шығармаларды сарапқа салып, олардың ең үздік үлгілерін іріктеп халыққа ұсынумен айналысса, енді бір институт мектеп кітапханашыларына арналған әдістемелік құралдарды әзірлеп, балалардың оқу дағдысына қатысты зерттеулер жүргізеді.

Елімізде де балаларға арналған әдебиет түрлерін және балаларды кітап оқуға бау­лу мәселелерін пәнаралық негізде зерт­тейтін институт ашу қажеттігі бар. Яғни мәселеге тек филологиялық тұрғыдан қарамай, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салаларының аясында зерделеу қажет. Өйткені аталған мәселе – кешенді мәселе. Балалар әдебиеті институты, бір жағынан, мемлекеттің осы бағыттағы сая­са­тының тиімді жұмыс істеуіне жол ашады. Сонымен қатар институт жанынан «Балалар әдебиетінің мәселелері» деген ғылыми журнал шығарып, осы бағыттағы жаңа зерттеулерді жариялап отыру керек.

 

Ұлттық балалар кітапханасы болса...

Елімізде балаларға арналған кітап­хана тым аз. Алматыдағы С.Бегалин атын­­дағы балалар кітапханасының сапа­сы сын көтермейді. Ал басқа кітап­ханаларға оқушыларды кіргізбейді. Ұлт­тық, республикалық деңгейдегі кітап­ханалар­дың өзінде балаларға арналған зал жоқ. Ал өркениетті елдер, ең алдымен, балаларға арналған кітапханалар желісін жақсартуды қолға алады.

Жапония үкіметі 2001 жылы бұрынғы Императордың сарайын бала­лар­ға арналған кітапханаға айналдырды. Ха­лық­аралық балалар әдебиеті кітапха­на­сын ашып, ол жерде әлемнің 160 тіліндегі 500 мыңнан астам классикалық балалар әдебиетінің үлгілерін жинақтап отыр. Бұл жерде балалар әдебиетін зерттейтін ғалымдар, кітапханашыларға қолдау көр­се­тетін әдістемеші мамандар, балаларды кітап оқуға баулумен айналысатын педагогтер қызмет істейді. Мектеп жасына дейінгі, бастауыш сынып, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған залдар бар. Кітапханада кітап музейі, әлем халықтарының мәдениетін таныс­тыратын бөлмелер, балаларға арналған үйірмелер өтетін аудиториялар және концерт залдары бар. Сонымен қатар Жапонияның түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер кітапханада өтетін семинарлар мен курстарға қатысып, балаларды кітап оқуға баулу әдістерін үйреніп шығады. Сондай-ақ бұл кітапханада «Зерттеу залы» деген зал бар. Мұнда әлемдегі балалар әдебиетіне қатысты зерттеулердің бәрін дерлік табуға болады. Қайсыбір мемлекетте балалар әдебиетіне қатысты салмақты зерттеу жарық көрсе, оны міндетті түрде осы кітапханаға алдыртады.

Елімізде балалар кітапханаларына ақпа­раттық қолдау көрсететін, бағыт-бағдар беріп отыратын арнаулы ұйым қажет. Мысалы, Ұлттық балалар кітапханасы еліміздегі 7 мың мектептің кітапханаларына ғана емес, 12 мың балабақшаның кітап бұрыштарына да ақпараттық қолдау көр­сетуге тиіс. Қазіргі уақытта еліміздегі бала­бақшалардың көбінде кітапхана немесе кітап бұрышы жоқ. Ал ғылымда баланы кітап оқуға баулу ісі кешіккенде 3 жастан бас­талады делінеді. Бұл – балабақша жасы. 3-6 жас аралығында балабақшалар Балалар әде­биеті институты бекіткен классикалық бала­лар әдебиетінің үлгілерінің негізінде бал­­дырғандарды кітап оқуға баулу сабақ­тарын өтуі аса маңызды мәселелердің бірі.

Жер-жерде мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған кітапханалар желісін ашу – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл жастағы балаларға арналған кітаптардың ішкі мазмұны мен дизайнына қатысты талаптар өз алдына, кітапхана интерьеріне қойылатын талаптары да аз емес. Міне, осындай талаптарды сақтай отырып балдырғандарға арналған қоғамдық кітапханалар желісін көбейту керек. Зерттеулерге сүйенсек, PISA-да үздік үштіктен түспей келе жатқан Финляндия оқушыларының 41%-ы – оқуға құштар балалар. Оның басты себептерінің бірі – балалар кітапханасының көптігімен, ондағы жағдайдың жақсы болуымен байланысты. Ал аумағы Ақтөбе облысының көлеміндей ғана болатын Жапонияда 3000-нан астам қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Оның бәрі маңайындағы мектептермен тығыз байланыс орнатып, баланы кітап оқуға баулу мақсатында әртүрлі іс-шара өткізіп отырады. Сондай-ақ балаларымен бірге келген ата-аналарға арналған әртүрлі бағдарламалар ұйымдастырылады. Осы тәжірибені елімізге де енгізу қажет.

Мемлекет жер-жерде заманауи балалар кітапханаларын салып, бұл іске шығын ретінде емес, болашаққа салынған инвестиция деп қарауы керек. Д.Хекман мектепке дейінгі жастағы балаларға бөлінген 1 доллар болашақта кемінде 8 доллар болып елге қайтатынын экономикалық тұрғыдан дәлелдеген. Ол балдырғандарға бөлінетін ақша орта білім беру жүйесіне бөлінетін инвестициядан 3 есе, кәсіптік білім саласына бөлінетін қаржыдан 8 есе көп болып қайтатынын айтады. Өкінішке қарай, елі­мізде бір балаға бөлінетін қаржы көлемі түр­медегі бір қылмыскерге бөлінетін қар­жы көлемінен 3-4 есе аз. 

Біздіңше, бұл мәселені бизнес өкілдерін тарту арқылы да шешуге болады. Мысалы, мектеп салған кәсіпкерлерге мемлекет 7 жыл ішінде толық шығынды қайтарып береді. Сол сияқты қоғамдық кітапхана салған кәсіпкерлерге кезең-кезеңімен қаржыны қайтарып беру шартымен не болмаса салықтан жеңілдік жасау арқылы бұл іске деген қызығушылығын оятуға болады деп ойлаймыз.

Өңірлердегі балаларға арналған кітап­хана­­лардың бәрі Ұлттық балалар әдебиеті кітап­ханасымен тығыз жұмыс істеп, белгілі бір бағдарлама аясында ортақ жобаларды жүзеге асыруы қажет.

 

Оқу мәдениетін қалыптастыру үрдісі

Ата-ананың өз баласымен бірге кітап оқуы – баланың тілі анық, қиялы ұшқыр, эмоциялық зердесі күшті, санасы сергек болуына айрықша әсер ететін әрекет. Әсіресе, мектеп жасына дейінгі баласы бар ата-аналарға арналған бағдарламалар әзірлеп, оны Қазақстандағы барлық кітапханада жүзеге асыру міндеті кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. Өйткені PIRLS, PISA зерттеулерінен ең үздік нәтиже көрсететін елдердің ең басты құпиясы – балаға ерте жастан ата-анасының кітап оқып беруі. Яғни отбасылық оқылым баланың мектепте ғана емес, алдағы өмі­рін­­де де шешуші факторлардың бірі болып саналады. 

Мысалы, Ұлыбританияда ата-аналар күнде баласымен бірге кемінде 25 минут кітап оқиды. Тіпті мектеп жасындағы бала­лардың сабақтан тыс уақытта оқитын әде­биеттерінің тізімі жасалған. Бұл тәжіри­бе Жапонияда да бар. Балаларды кіш­кентайынан кітапқа қызықтыру үшін ата-аналарға баланың жас ерекшелігіне сай кітаптар үлестіріліп беріледі. Кітапхана қызметкерлерінің нұсқауымен ата-аналар баласымен бірге күнде кітап оқиды. Ай сайын үйіне жақын жердегі кітапханаға кітаптарды өткізіп, қажет кітаптарын алып кетеді. Жапониядағы Халықаралық балалар әдебиеті кітапханасында балаларға арналған үздік әдебиеттердің цифрлы қоры жасақталған. Жапонияның түкпір-түкпіріндегі ата-аналар балаларына виртуалды кітапханадан қажет кітаптарын оқып бере алады. Ал Финляндияда жаңа туған сәбиге арнаулы қорапша сыйға тартылады. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балаға арналған кітаптар топтамасы болады. Ата-ана жаңа туған сәбиге иллюстрациялық кітаптарды дауыстап оқу арқылы баланы ерте жастан кітапқа баулиды. Сонымен қатар, ауыл-ауылдарды аралап жүретін арнаулы кітапхана-автобустар болады (Book Bus). Мүмкіндігі шектеулі балаларды да ескерусіз қалдыруға болмайды. Дислексия, аутизм, соқыр, мылқау, т.б. балаларға арналған кітаптарды шығару ісін де қаперде ұстау керек. 

 

Баспалар субсидияға зәру

Елімізде балаларға арналған сапалы кітап табу қиын. Ал сапалы кітаптардың бағасы 20 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ондай бағадағы кітаптарды көп ата-аналар ала алмайды. 

Қазіргі жағдайда балалар кітабын шы­­­ғару баспаларға да тиімсіз. Себебі ба­ла­ларға арналған кітаптардың қағазы да, кітаптың иллюстрациясын жасайтын сурет­шілердің ақысы да, түрлі түсті кітапты типо­графиядан шығару да баспагерлерге қым­батқа түседі. Сондықтан мемлекет тарапынан балаларға арнап кітап шығару ісімен айналысатын компанияларға жеңіл­діктер қарастырылуы қажет.

Жапонияда 4 мыңнан астам баспа бар. Жыл сайын 500 миллион кітап шығады. Қатарынан қалып қойған оқушының өзі жылына 20-30 кітап оқиды. Тек мектеп жасына дейінгі баласы бар ата-аналарға арналған 50-ге жуық журнал ай сайын жарық көреді. Өйткені олар баланы кітап оқуға қызықтыру ісіне кешенді түрде қарап, мейлінше жан-жақты шешім табуға тырысады. Мемлекет баспа-полиграфия ісін балалар мүддесіне сай етіп жүйелей білген.

Кітапхана – құндылықтар жүйесін қалып­тай­тын орын. Ол мемлекет саясаты­ның жүзеге асуында айтарлықтай рөл ойнайды. Ал жас ұрпақты кітап оқуға баулу – кешен­ді мәселе. Бұл – ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылып істейтін аса маңыз­ды іс. Өйткені еліміздің өркениетті елдермен терезесі тең болуы үшін, ең алдымен, оқуға құштар қоғам құру қажет. Ол үшін ғылым, білім, мәдениет салаларына қарайтын мекемелер – балабақшалар, мектептер мен кітапханалар әрбір отбасымен бірлесе жұмыс атқаруы керек. Мемлекеттің міндеті – қаржылық һәм құқықтық шектеулерді алып тастап, даңғыл жол салып беру. Жоғарыда аталған ұсыныстар осы мақсатқа жету жолында аз-кем сеп болады деп ойлаймыз. 

 

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD