06 Қаңтар, 2015

«Мәңгілік Ел» – мызғымас идеялық тұғырымыз

452 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
11Өткен жылдың 11 қаза­нын­дағы Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа дәстүрлі Жол­дауы елді тағы бір серпілтіп тас­тады. Бұл Жолдаудың орны ерекше. Өйткені, соңғы уақытта шикізат ресурстарына әлемдік нарықтағы бағалардың төмендеуі, геосаяси қайшылықтар әлем экономикасының дағдарыстан шығуына кері әсерін тигізуде. Бұл жағдай біздің елдің дамуына да әсер етіп, экономикалық өсім баяулауда. Сондықтан, осы бір кезеңнен сүрінбей өтудің, қиын­шы­лықтан шығудың жолдарын ұсынған Елбасы өз Жолдауын әдеттегі мер­зімінен бұрын жариялады. Президент өз Жолдауында ал­да­ғы жылдарды жан-жақты сараптай отырып, негізгі бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады. Бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан экономиканы дамытуға, әлеуметтік міндеттерді орындауға, жол, инфрақұрылымдар салуға, шағын және орта бизнесті қолдауға қомақты қаражат бөлінетін болды. Қуаныш АЙТАХАНОВЕлбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз», – деді. Жолдаудағы міндеттерді орындау үшін Парламент «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет» параметрлерін қайта қарап, бөлінген қаржылардың 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап игерілуін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етті. Ал бұрынғы Жолдауларда қойылған міндеттерді орындауға қажетті қаржылар тиісті жылға арналған республикалық бюджет қабылданғаннан кейін, оны нақтылау кезінде, яғни 3-4 ай өткеннен кейін, өзгерістер енгізу арқылы жасалатын еді. Елбасымыздың былтырғы Жолдауының ерекшеліктерінің бірі осында. Бұл қойылған міндеттердің жедел іске асырыла бастауына оң әсерін тигізеді. Жалпы, ел үшін күрделі кезең­дерде көптеген мемлекеттер ағым­дағы проблемаларды шешумен, бірінші кезекте, өз экономикаларын сауықтыру, дамыту үшін қаржы-қаражат іздеумен әлек болады. Ал біз үшін бұл – бастан өткен кезең, өйткені, дер кезінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сырттай қолайсыз жағдайлардан қорғауға бағытталған Ұлттық қор құрылып, оған экономиканың шикі­зат секторынан түскен кірістердің қаражаты жинақталды. Бүгінде бұл қаражат жаһандық дағдарыстың ықпалын бәсеңдетіп, елімізге жұмыс істеп жатыр. Елбасы Жолдауындағы Жа­ңа Экономикалық Саясаттың өзегі – жеті бағыт бойынша инфрақұры­лым­дық даму жоспарлары. Олар – көліктік, индустриялық, энерге­тикалық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты сумен және жылумен жабдықтауды жаңғырту. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды ескере отырып жасалған «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң Парламентте қызу талқылаудан өтіп, қабылданды. Еліміздің басты қаржылық құжаты болып табылатын республикалық бюджет туралы заңда әлемдік шикізат ресурстары бағасының төмендеуіне қарамастан, бұрын қабылданған барлық әлеуметтік міндеттердің толық көлемде орындалуы қамтамасыз етілген. Бюджет шығыстарының 45 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Сондықтан, 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті әлеуметтік сипаттағы бюджет деп толық айтуға болады. 2015 жылы негізгі макроэко­но­ми­калық көрсеткіштер, атап айт­қанда ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі – 4,8 пайыз, 2016 жылы – 5,3 пайыз, 2017 жылы – 6,7 пайыз көлемінде, ал инфляция деңгейі осы жылдары 6-8 пайыз шеңберінде болады деп жос­парлануда. Болжам бойынша 2015 жылы республикалық бюджет түсімі 6 триллион 858 миллиард теңге көлемінде жоспарланса, шығыстар көлемі 7 триллион 855 миллиард теңге көлемінде болып отыр. Қабылданған бюджеттің негі­з­гі басымдықтары болып – халық­ты жұмыспен қамтамасыз ету, өмір сүру жағдайын жақсарту жә­не тіршілікті қамтамасыз ету инфра­құ­рылымдарын сапалы жаңарту, өңірлік дамыту, экономиканы жаң­ғырту және әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету болып табылады. Қабылданған республикалық бюджетте, Елбасы Жолдауындағы көлік инфрақұрылымын дамытуға көзделген қаражат шеңберінде үшжылдық кезеңге 1 триллион 344,2 миллиард теңге бөлу көзделген. Оның ішінде: 2015 жылға 502,9 миллиард теңге, оның ішінде Ұлттық қор қаржылары есебінен 178 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Аталған қаражаттар есебінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық көлік дәлізі, «Орталық – Оң­түстік» – «Астана – Қарағанды – Бал­қаш – Қапшағай – Алматы» жолы, «Ор­талық – Шығыс» – «Астана – Пав­лодар – Қалбатау – Өскемен» жолы және басқа да халықаралық транзиттік дәліздер: «Бейнеу – Ақтау – Түрікменстан шекарасы», «Омбы – Павлодар – Майқапшағай» сияқты ірі жобаларды іске асыру, сонымен қатар, жаңа жолаушылар териминалы құрылысы мен Астана әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жалғастырылатын болады. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша үшжылдық кезеңге тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесі арқылы тұрғын үй салуға және сатып алуға, жалда­малы тұрғын үй салуға және инже­нер­лік-коммуникациялық инфра­құрылымды дамытуға 394,9 миллиард теңге жоспарланған, оның ішін­де 2015 жылы жалпы 141,8 миллиард теңге, осы орайда Ұлттық қордан ныса­налы трансферттер есебінен жыл сайын 17,5 миллиард теңге бөлі­неді. Аталған бағыттардың ең бастысы және негізгісі көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Бұл бағытта елімізде Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қыруар жұмыстар атқарылуда. Ұзындығы 2787 шақырымды құрайтын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» магистральдық көлік дәлізін салу аяқталуда. ХХІ ғасырдың «Жібек жолы» атанған халықаралық тран­зиттік дәліз еліміздің бес облысы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақ­стан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары арқылы өтеді. Бұл жобаны іске асыру халықаралық эконо­микалық байланыстарды жақ­сартады, мыңдаған шағын және орта бизнес объектілері, он мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, «Астана – Қарағанды – Алматы», «Астана – Пав­лодар – Өскемен», «Алматы – Қап­шағай – Өскемен» автожолдары салынуда. Соңғы жылдары «Жетіген – Қор­ғас» теміржолы салынуға байланысты еліміздің Қытайға шығу мүмкіншілігі ұлғайса, «Өзен – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» шойын жолы құрылысының бітуімен Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына шығуға жол ашылды. Ал, Орталық Қазақстанның көп­те­ген аудандарының әлеуметтік-эконо­микалық жағдайын жақсар­та­тын, еліміздің шығысы мен батысын жалғастыратын, құрылысы биыл аяқталатын, ұзындығы 1200 шақы­рым болатын «Жезқазған – Шал­қар – Бейнеу» бағытындағы жаңа темір­жол Каспий теңізімен Кавказ арқы­лы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан тарихында бір ғасырға жуық уақытта бір-ақ Түркісіб шойын жолы салынғанын еске алсақ, тек соңғы бес жылда Тәуелсіз Қазақ­станның теміржол магистральдарын салу арқылы Шығыс пен Ба­тыс және Оңтүстік Азия елдерінің теңіз порттарына шығуға мүмкіндік алғанын үлкен мақтанышпен айта аламыз. Жол – өмірдің өзегі, ба­қуатты тірліктің қайнар көзі. Тек жол құрылысы арқылы 200 мың­нан астам жұмыс орнын ашуға мүм­кін­дік бар. Ол экономиканың басқа са­ла­­ларының дамуына тікелей әсер етеді. Елбасының «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасы Қазақстан экономикасының алға дамуымен бірге, шекаралас мем­лекеттердің де экономикасын, халықтарының әл-ауқатын арт­тыруға оң ықпалын тигізеді. Мы­салы, халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік жол дәлі­зін Қытай, Шығыс, Орталық Азия, Ресей елдері де өз игіліктеріне пайдаланатын болады. Елбасы өз сөзінде «ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады» деді. Міне, көрегендік, міне, тереңінен ойлап, толғап, алдымызды болжап, халыққа қызмет ету, ел басқару үлгісі. Елбасы Жолдауындағы Жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі – тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту мәсе­лесі. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген сөз бар. Адамның алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуі үшін ең қажетті нәрсе бас­пана. Елімізде тұрғын үй мәселесін шешу үшін бірқатар бағдарламалар іске асырылуда. Алайда, бұл бағдар­ламалардағы қойылған шарттар­ды орта және төмен табысы бар отбасылар орындауға мүмкін­шіліктері жетпейді. Басқасын айтпа­ғанда, тұрғын үй алу үшін төленетін бастапқы жарна мөл­шерін көпшілік төлей алмауда. Екіншіден, ипотекалық несиеге бе­рілген үйлердің пайыздық мөлшері тым жоғары. Бір сөзбен айт­қанда, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бар, бірақ көп адамның қолы жете бермейді. Себе­бі, қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы саласында неше түрлі делдалдар, қауымдастықтар, жеке құрылымдар бар. Солар арқылы үйдің бағасы көтеріліп кетуде. Ал осындай қарапайым адам­дар­дың қолы жете бермейтін бағдар­ламалардың өзіне бюджеттен қар­жы бөлінеді де, бөлінген қаржы­лар әртүрлі себептермен игеріл­мей қалады. Мысалы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойын­ша 2014 жылға бөлінген 3,7 мил­лиард теңгенің 2,69 миллиард тең­гесі немесе 71 пайызы игеріл­мей, бюджетке қайтарылып жатыр. Осын­дай мәселелерді түпкілікті шешу мақсатында Елбасы­мыз Н.Ә.На­зар­баев өз Жолдау­ында еліміз­дегі тұрғын үй инфрақұры­лым­дарын да­мы­тудың жолдарын көрсетіп берді. Бүгінде, елімізде жыл сайын пай­далануға берілетін тұрғын үйдің 43,7 пайызы жеке меншік еншісінде. Сон­дықтан да, жеке тұрғын үй құры­лысының дамуын ынталандыру, жер телімдерін бөлу рәсімдерін жеңілдету, олардың ашықтығын қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй салынатын учаскенің электр, су жүйесін тарту, жол салу сияқты басқа да инженерлік коммуникация­ларын мемлекет тарапынан тез арада шешу елімізде тұрғын үй құрылысын жоғары қарқынмен дамытуға тікелей әсер етеді. Алайда, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Бүгінде, жеке тұрғын үй салушыларға инфра­құ­рылымы жоқ деген сылтаумен жер телімдері берілмеуде. Ал инфра­құ­рылымын салуға бюджеттен қаржы өте аз бөлінуде. Осының салдарынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 100 мыңнан 300 мыңға дейін өсіп, жер телімдерін алушылар кезегіндегі азаматтар саны республика бойынша 1 миллионға жетті. Ал қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы бойынша инфрақұрылым салуға 2014 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 7 миллиард теңгесі игеріл­мей, бюджетке қай­тарылды. Бұл бағ­дар­лама­ның то­лық іске аспай жатқанын көрсетеді. Сондықтан, мемлекет жеке аза­мат­тардың әлеуетін пайдаланып жеке тұрғын үй салуда барынша қол­дау көрсетуі керек. Бірінші кезекте, біз азаматтардың жеке меншік қаржысын пайдаланамыз. Оларға инфрақұрылымы дайын жер бөліп берсек, өздерінің қаржысы есебінен үй салып алады. Мемлекеттен еш­теңе сұрамайды. Осылай баспанамен қамтамасыз ету мәселесі тезде­тіп шешіле бастайды. Ал үнемдел­ген қаржыларды жағдайы төмен аза­маттарға, жас отбасыларға, көп балалы отбасыларға қолжетімді тұрғын үй салуға жұмсауға болады. Қолжетімді баспана мәселесін шешу еліміздің халық санының өсуіне, демографиялық ахуалдың жақсар­уына тікелей әсер етеді. Өз баспанасының болмауы отбасы­лар­дың жоспарлы түрде бала сүюден бас тартуына мәжбүрлеп отыр. Сондықтан, халықты баспанамен қамтамасыз етудің барлық жолдары қарастырылып, жалдамалы тұрғын үй болсын – жеке тұрғын үй салу болсын бәріне жағдай жасап, қоғамдағы бұл өзекті мәселені шешуге тиіспіз. Сонымен қатар, көп балалы аналарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте үй алу мәселесін де шешуіміз керек. Өйткені, 7-8 сәбиге әлемнің жарығын сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, оларды бағып-қағудан, еліміздің өркендеуіне еңбек ететін, тәуелсіздігімізді қорғайтын азаматтарды дүниеге келтіріп, тәрбиелеп, өсіруден артық қызмет те, жұмыс та, құндылықтар да жоқ шығар деп ойлаймын. Ең үлкен құрмет те, қолдан келгенше барлық жағдайды жасау да бірінші кезекте батыр аналарға тиісті болуы керек. Сондықтан, пәтер алушылардың бірінші кезегіне батыр аналарды кіргізу керек. Жолдауда шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту – ел экономикасын нығайтудың бірден-бір жолы. Атап айтқанда, салалық және өңірлік монополизм жойылады, нарықта тауарлар мен қызметтер көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өмірге енгізіледі, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптасады. Сондықтан, біз отандық кәсіп­керлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдауымыз керек. Соңғы кездері мемлекеттің кә­сіпкерлікті қолдауға байланыс­ты атқарып отырған бірқатар іс-шараларына қарамастан, әлі де болса шешімін табуды қажет ететін мәселелер, кедергілер мен тосқауылдар жеткілікті. Бүгінде отандық кәсіпкерлердің еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесі – 17-18 пайызды ғана құрайды. Бұл – Кеден одағына қатысушы елдердің ішіндегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Ал дамыған елдерде бизнес ішкі жалпы өнімнің 50-60 пайызын құрайды. Мұның негізгі себептері: кәсіпкерлер, әсіресе, ауылдағы шағын кәсіпкерлер мемлекеттің өздеріне жасап жатқан жеңілдіктерін білмейді. Түсіндіру жұмыстары төмен, несиелік пайыздың мөлшер­лемесі жоғары, кепілдіктері жоқ, сау­атты бизнес-жоспар жасай алмайды. Елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін көтеру үшін кәсіпкерлікті барлық өңірлерде және ең бірінші кезекте шикізат емес секторда дамытуға, ауыл шаруашылығы өнім­дерін терең өңдеп, оның экспорттық әлеуетін көтеруге бағыттау керек. Кәсіпкерліктің 63 пайызы тек Алматы қаласында шоғырланған, 66 пайызы сауда-саттық пен қыз­мет көрсету саласында. 2013 жылы шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген несиенің 65 пайызы тек сауда-саттық пен қызмет көрсету саласына берілген. Ал өндіріс саласына небары 9,6 пайыз, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 5,7 пайыз несие берілген. Сондықтан да, кәсіпкерлікті нақты өнім дайындайтын салаға бағыттайтын кез жетті. Мәселен: машина жасау, химия, тоқыма, тағы басқа өндіріс салаларында мыңдаған әртүрлі бөл­шек, тауарлар керек. Осы керекті тауарларды өндіретін де шағын кәсіпорындар болуы керек және олар сол өндіріс орындарының төңірегінде шоғырлануы тиіс. Елбасы Жолдауында қойылып отырған үлкен де аса жауапты міндеттерді ойдағыдай орындау үшін елімізде тұрақтылық, келісім мен бірлік болуы керек. Бүгінде Қазақстан – бірлігі мен тірлігі жарас­қан, атағы әлемге тараған мемле­кет. Көптеген этностар қазақ шаңыра­ғының астында жиналып, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұ­мыр кешіп жатыр. Осынау көпұлт­ты халықты Қазақстан атты бір шаңы­рақ астына тоғыстыру Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбе­гінің, тәуелсіз елімізді әлемдегі дамы­ған, өркениетті елдердің қатары­на қосу жолындағы сындарлы сая­сатының арқасында мүмкін болып отыр. Елбасы өз Жолдауында: «Біз Жал­пыұлттық идеямыз – Мәңгі­лік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіз­дігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық», деп атап өтті. Сондықтан, қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! «Мәңгілік Ел» болу ата-баба­ларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы еді. Бүгінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігінің, ақылы мен парасатының арқасында ата-бабаларымыздың армандаған асыл мұратын біз ақиқатқа айнал­дырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету біздің ұрпақтың басты мақсатына, ұлттық ұранымызға, ұлттық идеямызға айналды. Осы орайда, енді басталған 2015 жыл ұлт­тық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғы­сынан мерейлі белестер жылы болып табылады. Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығын, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Конститу­циямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. «Мәңгілік Ел» идеясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының, ондағы атқарылуға тиіс іс-шара­лар­дың бәрін халық арасында терең түсіндіруіміз керек. Өйткені, Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақ халқының ұлт болып өркендеуіне жол ашып, жағдай жасау, оның тілі, ділі, мәдениеті кең құлаш жаю үшін зор мүмкіндіктер туғызады. Бұл мақсатқа қол жеткізу жолында бәріміз бір кісідей жұмылып, елімізде бірлік пен тұрақтылықты сақтап, оны нығайта отырып, аянбай тер төгіп еңбек етуіміз керек. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.