Волонтер • 19 Сәуір, 2024

Бауырмалдық пен ізгілік

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы наурыздың кейінгі онкүндігінен сәуірдің ортасына дейін су тасқынын бастан кешірді. Күннің күрт жылынуынан өзендер арнасынан шығып, елді мекендерді су басу қаупі төнді. Облыс орталығы мен алты ауданда төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам су басу аймақтарынан шұғыл түрде көшірілді.

Бауырмалдық пен ізгілік

Қызыл судан қауіп төн­ген күндері жұ­дырықтай жұмы­лып, бір үйдің баласындай әре­­кет еткен азаматтардың ал­дың­ғы легінде волонтер жас­­тар жүрді. Олар қаланың Елек және Қарғалы өзендері бойын­дағы 11 бау-бақша ұжы­мы мен тұрғын үй алаптары тұр­ғындарын қауіпсіз жерге көші­руге көмектесті, су басқан үйлерден өздігінен жүре алмайтын мүгедек жандар мен қарт кісілерді, жас балаларды, үй жануарларын алып шығып, полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға жәрдемдесті. Тасқын күндері Ақтөбе қаласы мен алты ауданға 4 мыңнан астам волонтер көмекке келді. Сондай-ақ олар қаладағы 36 эвакуациялық бекетте жатқан­дарға киім-кешек, төсек орын таратып, азық-түлік, дәрі-дәр­мек жеткізді.

Еріктілер облыс орталығы­мен шектеліп қана қоймай, аудандарда да белсенді әрекет етті. Мәселен, су басқан Қоб­да ауданына 60 волонтер кө­мекке келіп, адамдарды эва­куа­циялауға көмектесті. Ал төтенше жағ­дай жөніндегі өңірлік штаб жанында құрыл­ған еріктілердің фронт-офисі қай жерде көмек күші зәру болса, сол жерге волонтерлерді жұмылдыра білген үйлесті­руші орталыққа айналды. Ерік­тілердің қата­рына колледж, жоғары оқу орын­дарының сту­дент­терінен басқа түрлі маман­дық иелері, ересектер де қосылды. Волонтерлік орта­лық­тармен жұмыс істейтін зейнеткерлер үйлерінде ас дайын­­­даса, оларды жастар тас­­­қын­­мен алысып, бөгеттерді биік­­тетіп жүрген азаматтарға таратты.

Қызыл судың беті қайтса да, волонтерлерге әлі жұмыс көп. Қазіргі уақытта тасқын су зардабын Ырғыз ауданының бес ауылы тартып жатыр. То­сын құмдарынан келген Тор­ғай өзенінің суы Белшер, Нұра, Жайсаңбай, Мамыр, Құйы­лыс елді мекендеріне кі­ріп, тұрғындар Ырғыз ауда­ны орталығындағы үш эвакуа­циялық орынға көшірілді. Нұра, Белшер, Мамыр ауылдары су астында қалды. Енді Тәуіп ауылдық округінің Құйылыс және Жайсаңбай ауылдарына қауіп төніп тұр. Жұрт қолдан бөгет үйіп, судың осы белдеуден асып кетпеуі үшін күні-түні еңбектеніп жатыр. Өзен жағалауларын бекітуге Ақтөбеден әскери бөлім жауынгерлерімен бірге 100 волонтер келді. Қостанайдан жеткен Торғай өзенінің суы Құйылыс ауылының шетінде Ырғызбен қосылып, Құрдым деген елсізде құмға сіңіп жоғалады. Құмдауыт жер болып көрінсе де, Құрдым – жер асты суы мен жер беті суының қосылатын тұсы. Құрдымға құлаған су жер астымен Арал теңізіне барады дейді үлкендер.

Волонтерлер Ырғыздағы уақытша паналау орындарында жатқан 500 адамды та­мақ­тандырады, облыс орта­лығынан жеткізілген гумани­тарлық көмекті таратып бере­ді. Өйткені Қорғаныс минис­трлігінің тікұшағымен шұғыл көшірілген ауыл тұрғындары үйлерінен басы артық киім де алмай шыққан. Су тасқы­ны халқымыздың бауырмал, мейірімді, ізгілікке толы бір қырын ашты. Түрлі волон­терлік ұйымдарға біріккен еріктілер сапында еліне, туған қаласы мен туған жері­нің табиғатына бейжай қара­майтын азаматтар көп екен. Волонтерлік қозғалысқа күн санап қосылып жатқан әртүрлі жастағы азамат­тарға қарап осылай деп ой түюге болады.

Ақтөбелік ерікті жастардың ендігі бір тобы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенділікпен кіріскен. Олар қыстан қалған қоқыстарды жинап, көшелерді, арықтарды, өзен-көлдер бойын тазалаумен айналысып жатыр. Елімізде басталған жалпыхалықтық экологиялық акцияға ақтөбелік 80-ге жуық во­лонтер қатысуға ниет біл­дірген. Олар әсіресе қала мен далада тал егу, гүл отыр­ғызу жұмыстарына қатысуға ынталы. Сәуір, мамыр айларында табиғат қорғаушы жастардың бастамасымен Ақтөбе облысында «Таза қала – таза жағалау», «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Ардагерлерді ардақ­тайық» тақырыбымен көптеген іс-шара өткізілмекші.

 

Ақтөбе облысы