Мирас • 19 Сәуір, 2024

Кекілбайұлының киіз үйі

743 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еске салсақ, сонау 2009 жылы абыз жазушы Әбіш Кекілбай­ұлының 70 жылдық мерейтойы туған жерінде керемет тойланып еді. Салтанатты жиында қайраткер, қаламгер туралы баян­даманы оның таланты мен адамгершілік қасиеттерін аса жоғары бағалап, ерекше құр­мет­тейтін үзеңгілес інісі, сол кез­дегі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жасады. Сонда әкім жазушыға халық атынан тоғыз қанатты киіз үй сыйлаған болатын.

Кекілбайұлының киіз үйі

«Құрметті Әбеке! Сіз қайраткер, қаламгер ғана емес, бүгін бар мүшесі осында жиналған үлкен бір әулеттің қара шаңырағын ұстап отырған азаматсыз. Өзіңіздің туған еліңіз сол қара шаңырақты бүгін кең қанатты ақ ордаға айналдырып, кіндік қаныңыз тамған жерде Өзіңізге сыйлауды лайық көріп отыр. Бүгін тойыңыз өтіп жатқан осы салтанат сарайының алдына тігілген ақ боз үй – маңғыстаулықтардың Сізге жасаған тартуы. Мерейтойыңызда ақ ордаға алшаңдай кіріп, төрінде төбе бидей толықсып отырыңыз», деген Қырымбек Көшербаев.

Арада қаншама су ағып, жылдар жылжыған соң, абызға сыйланған сол киіз үй қазір қайда екен деген ойға келдік. Сұрау салдық. Әрине, ең алдымен хабарласар адамымыз – немересі Абыл Әбіш. Иә, біз іздеген киіз үйді ол да ұмытпапты. Тоғыз қанатты киіз үй бүгінде Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау музейінде тұр екен.

«Бұл киіз үйді белгілі қолөнер шебері Бақыт Бозжігітов жасады. Киіз үйдің барлық жасау-жабдығы дәстүрлі үлгіге сай дайындалған. Шаңы­­рағы мен сықырлауығына маз­мұн­­ды өрнектер салынып, автор­лық шешіммен ерекшеленген. Әбіш аға бұл сыйға өзінің үлкен ризашы­лығын білдіріп, киіз үйді 60 жас мерейтойында өзінің өмірі мен шығармашылығына арнап музей-бөлме ашқан Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартты. Әбіш ағаның сыйлығы – тоғыз қанат киіз үйі бүгінгі күні Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау музейінің төрінде бар сән-салтанатымен тігулі тұр», деді аталған мұражайдың бұрынғы басшысы, музей ісінің ардагері Тамара Жұмалиева.

Сондай-ақ ол қазақ киіз үйінің ЮНЕСКО тізіміне енуіне атсалысқанын да атап өтті.

«Еуразия көшпелілеріне ортақ киіз үй – қазақ халқының ұлттық мұра­сы ретінде ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін сақталып келген асыл мұраларының бірі және бірегейі. 2014 жылы қазақтың киіз үйі «Киіз үйді дайындаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» аталымы бо­йынша ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралардың әлемдік тізіміне» енгізілген болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы «Адамзаттың материал­дық емес мәдени мұраларының көр­некті тізіміне» «Қазақтың киіз үйін» «Қыр­ғыз­­дың боз үйімен» көпұлтты аталым ретінде бірге ұсынды.

Еліміздің басқа аймақтарына қара­ғанда, өзінің жасау-жабдық­тары­мен ерекшеленетін Маңғыстаудың киіз үйлерінің дайындалуы мен жаса­луын негізге алып, аталымды Маңғыстау му­­зейінде дайындап, ұсыну Ұлттық комитеттің мүшесі ретін­де маған тапсырылды», дейді музей ісінің ардагері.

Шынында да, Маңғыстаудың киіз үйлері – ХІХ ғасырда қандай сән-салтанатымен тігілсе, ХХІ ғасырда да сол қалпын сақтап қалған ерекше мұра. Әрине, бұл өлкедегі қол­өнер шеберлерінің ұлттық дәстүрге адалдығының көрінісін де сипаттаса керек. Оған дәлел – Маңғыс­тау­дың киіз үйлері бүгінде Жапонияда, Президент резиденциясында, Ас­танадағы мәдени орталықта, Мем­лекеттік Орталық музейде, Ұлттық музейде, облыстық музейлерде, көрмелерде тұр.