Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы ақпанда 2,2%-ға ұлғайып, 17,2 трлн теңгеге жетті. 2024 жылдың басынан бері 3,4%-ға өскен. Ипотекалық несие көлемі 1,3%-ға, 5,4 трлн теңгеге өссе, тұтынушылық қарыз 2,7%-ға, 10,7 трлн теңгеге дейін артқан.
Ұлттық банк дерегі бойынша, 2022 жылдан бастап банк жүйесі орташа есеппен ай сайын несие портфелін 1,7 пайыздық тармаққа ұлғайтқан. 2024 жылдың ақпан айының соңындағы жағдай бойынша банк жүйесінің несие портфелі 28,4 трлн теңге деңгейінде болды, бұл 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,1%-ға артық. Жылдық мәнде несие портфелі 2024 жылғы ақпанның соңында 24,2 пайыздық тармаққа өсті (2023 жылдың ақпан айының қорытындысымен салыстырғанда).
Экономикаға ең көп несиені берген – «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» АҚ. Қаржы институты жалпы сомасы 9,4 трлн теңгені мақұлдаған. Бұл екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) жалпы несие портфелінің 31,9%-ын құрайды. Одан кейін 4,5 трлн теңге сомасымен «Kaspi Bank» АҚ, 3,2 трлн теңге сомасымен «Отбасы Банк» АҚ және 3 трлн теңге сомасымен «Центр КредитБанкі» АҚ тұр. ЕДБ жиынтық несие портфеліндегі олардың үлесі тиісінше 15,3%, 10,9% және 10,3%-ды құрайды.
Сонымен қатар ең көп мерзімі өткен несие берешегі Kaspi-де жиналып қалыпты. Одан кейін «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» АҚ мен «First Heartland Jusan Bank» АҚ банктері орналасқан.
Жалпы, 90 күннен асып өтелмеген несие берешегінің (NPL 90+) көлемі несие портфелінің 3,0%-ын немесе 906 млрд теңгені құрап отыр. 2024 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 2,9% немесе 863 млрд теңге деңгейінде болған.
«Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда несие портфелі өсімінің оң қыры да бар. Біріншіден, бұл үрдіс Қазақстанға экономикалық одан әрі даму мүмкіндіктерін береді, оның өндірістік қуатын кеңейтуге және жаңғыртуға мүмкіндік ашады. Жұмыспен қамтудың өсуіне және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», дейді сарапшылар.
2024 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 390 млрд теңге болды. Бұл 2023 жылғы ақпанға қарағанда 18,0%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 3,8%), капитал рентабельділігі (ROE) 35,6%-ды (2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 31,6%) құрады.