*«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ «ҚазМақта» АҚ-тың 100% акциясын сатады. Құрылымның баспасөз қызметі хабарлағандай, бастапқы баға 3 380 051 579 теңге болып отыр. Аукционға қатысуға арналған өтінім үстіміздегі жылдың 5 ақпанына дейін қабылданады.
*-Елімізде Оңтүстік Корея компаниясы қуаты 310 мегаватқа жететін ЖЭС салатын болды. Осыған орай бекітілген келісімшарттың құны 308 млн. долларды құраған. Станса Каспий теңізінің солтүстік жағалауында орналаспақ.
*«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2014» республикалық байқауының үздіктері анықталды. Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі түрде ұйымдастыратын шараға еліміздегі 90 ЖОО-дан 545 үміткер қатысып, соның 200-і жеңімпаз атанды. Аталмыш байқауда грант ұтып алғандарға әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге, өздерінің ғылыми жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік бар.
*Алматы облысында 40 отбасы қайта қалпына келтірілген көпқабатты тұрғын үйге қоныстанды. Алакөл ауданында орналасқан бұл үйдегі пәтерлер мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көпбалалы аналарға, мемлекеттік қызметшілер мен жас отбасыларға берілген. Оның жөндеу жұмыстарына «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 230 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.
*Қарағанды өңіріндегі Доскей ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, бұл мекеменің құрылысы мен жабдықталуына республикалық қазынадан 170 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Енді ауыл тұрғындары сапалы медициналық қызметті қалаға бармай-ақ, өздерінің тұрғылықты жерінде ала алады. Жаңа ғимаратта 42 бөлме мен педиатрия блогы жұмыс істейді. Санитарлық автокөлік, жалпы тәжірибедегі екі дәрігер, 7 медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетуге дайын. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұнда қосымша дәріхана, фтизиотерапия кабинеті, күндізгі стационар ашу көзделіп отыр.
*Түркістанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының баспасөз қызметі атап көрсеткендей, онда «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлер үшін қызметтер кешені ұсынылады. Сондай-ақ, жаңа орталықта шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы да мағлұматтар беріледі.
*Ақтөбеде аймақтық симуляциялық орталық өз жұмысын бастады. Мұнда акушер ісі және гинекология, хирургия мен терапия, медбике ісі сыныптары қызмет көрсетеді. Айта кетейік, заманауи симуляторлармен жабдықталған бұл оқу орталығында 50 млн. теңгеге сатып алынған роботтар бар.
*Солтүстік Қазақстанда жаңа мешіт ашылды. «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында бой көтерген мешітті жеке кәсіпкер Дулат Қалитов өз қаражатына салғанын мәлімдеді. Ғибадатханада кітапхана, асхана жұмыс істейді.
*Ақтауда мәдениет пен спортты дамыту ісі басты назарда тұр. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Ада Кимнің сөзіне қарағанда, биыл 496 млн. теңгеден астам қаржы аталған салаларды өрістетуге жұмсалатын көрінеді.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша дайындалды.