Денсаулық • 23 Сәуір, 2024

Жатыр мойны обырына қарсы вакцина

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісулық дәрігерлер өңірде жатыр мойны обырымен ауыратын қыз-келіншектердің көбейгенін алға тартып отыр. Оған папиллома вирусынан туындаған инфекция әсер етеді. Вирусты жұқтырмаудың және оның дамуын болдырмаудың жалғыз жолы – вакциналау. Сондықтан ақ желеңділер қыркүйек айынан бастап адам папилломавирусына қарсы екпе салмақ.

Жатыр мойны обырына қарсы вакцина

Облыстық санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасованың айтуынша, онкогенді адам папиллома вирустарының (АПВ) барлығы 14 түрі бар. Олар онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Ал АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап 11 жастан 14 жасқа дейінгі қыздарға вакциналау жүргізу жоспарланып отыр.

«Жетісу облысына вакцина­лардың бірінші партиясы қыркүйек айында келеді. Содан кейін аймаққа 6 мың доза салу жоспарланып отыр. Сәйкесінше, алғашқы вакциналау емшаралары қыркүйек айында басталады. Қараша айында 6 134 дозаның екінші партиясын алу жоспарланған. Айта кету керек, әлемде бұл вакциналауға сұраныс өте жоғары. Бүгінде әлемнің 125 елінде екпе күнтізбесіне енгізіл­ген», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова.

Өздеріңіз білетіндей, қыздарға вакцина салу ата-аналарының келі­сімін алғаннан кейін 11 жастан басталады. Бұл жас ДДҰ, онкологтердің ұсыныстарына сәйкес таңдалады, өйткені 11-14 жас аралығындағы вакциналау ересек жасқа қарағанда тиімді. Вакциналаудан кейін жатыр мойны обырына тұрақты иммунитет қалыптасады.

«Жетісуда жатыр мойны обыры бойынша диспансерлік есепте барлығы 553 әйел тұр. Жыл сайын әйелдер арасында ауруды ерте сатысында анықтау үшін скрининг жүргізіледі. Мәселен, соңғы скри­нингтің нәтижелері бойынша 26 903 әйел профилактикалық тексеруден өтті. Нәтижесінде, жатыр мойны обырының 26 жағдайы анықталды», дейді Облыстық көпса­лалы клиникасының директоры Мадияр Өмірбаев.

Қазір өңірлік дәрігерлер тұрғын­дармен ашық диалог жүргізіп, сырқатын жасырмауға шақырып отыр. Мамандар қолдан келген көме­гін көрсетуге даяр.

 

Жетісу облысы