Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе – ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?», деп жырлаған жампоз ақынның жан толғанысы әлі де халықтың жадында. Оны таң бозынан ақын ескерткішінің алдына жиналған жұрттың ыстық ықыласынан аңғардық. Әуелі тұғыртасының алдында студенттер өлең оқып, гүл шоқтарын қойды. Тағзым етілгеннен кейін Ілияс Жансүгіров атындағы университетте ілиястанушылардың ізденіс, зерттеу жұмыстары тыңдалды.
Тағылымды іс-шараны облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев жиналғандарды ақынның мерейтойымен құттықтап, тарихты зерделеудің болашақ үшін атқарар жүгінің салмағына тоқталды. Салтанатты шараның ашылуында Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев алыстан ат арылтып келген рухани әлемнің өкілдеріне алғыс айтты.
Келелі конференцияда ілиястанушы Мұратбек Иманғазыновтың «Ілияс Жансүгіров» атты монографиясы, Мұратбек Иманғазынов пен Нұргүл Жауынбаева әзірлеген «Өтірік өлеңдер» атты жинағының нұсқасы, Саят Ілиясұлының әкесі туралы естеліктері мен сұхбаттары топтамасының тұсауы кесілді.
Одан кейін филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасенов «Құлагер» поэмасындағы эмоционалды бірліктердің стильдік ерекшелігі» атты баяндамасын оқыды.
«Кез келген көркем туындыда белгілі бір кейіпкердің мінез-құлқын ашу мақсатында автор эмоционалды бірліктер мен эмоционалды мәнге ие болатын сөздер қолданады. Бұл өз кезегінде туындының көркем, тартымды болуына ықпал етеді. Біз қарастырып отырған Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында адамның ішкі эмоциясына қатысты тілдік бірліктер молынан ұшырасады. Ақын эмоционалды тілдік бірліктерді қажетті тұсында қолдану арқылы мақсатты ойын дәл жеткізеді. Мысалы, ақын «Құлагер» поэмасының:
«Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр,
Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.
Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,
«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр», –
деген шумағында қазақ қоғамындағы адамдар қарым-қатынасының әрбір қимылын, әрбір көрінісін, әрбір құбылысты кең ауқымда көрсетеді», деді Е.Қасенов.
Оның айтуынша, ақын кейіпкерлер тіліне «Аллай хақ», «кет-кет» тілдік бірліктерін қыбын тауып қиюластырып, сол кезеңдегі тұрмыстың шынайы көрінісін, психологиялық ахуалын көз алдыңызға әкеледі. Әлбетте, бұл тілдік бірліктер жеке дара тұрғанда ерекше бір көңіл күйді білдірмегенімен өлең өрімінде айрықша эмоционалды мәнге ие.
Шынында ақын өз шығармасында қазақы танымда жағымсыз образды білдіретін «қабан», «бүйі», «албасты» тәрізді экспрессивті-эмоционалды мәндегі тілдік бірліктер пайдаланылып, әсерлеушілік, бейнелеушілік мәнді күшейтеді. Ақынның ханға қабанды, биге бүйіні балама ретінде ала отырып, бейнелі түрде беруінің өзі тілдік талғамның жоғарылығын танытады. Мұны Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Насихат Набиолла да баяндамасында айтып өтті.
«Ақын өзінің жазған-сызғандарын сұрыптап отырған. 1920 – 1932 жылдары жазылған өлеңдерін саралап, тақырыптары бойынша «Тәуірі», «Нашары» деп екі бағанға топтастырған. Ол «1924 жылдың басындағы кітаптарым» деп қазақ және орыс жазушыларының шығармасымен қатар кейбір сөздіктер де қамтылған 26 кітаптың тізімін жазып қалдырған. Бұдан біз ақынның өз кезеңінде баспа бетінде жарық көрген дүниелердің барлығын көзден таса қылмағанын көреміз. Баспасөз материалдарымен қатар жаңа кітаптарды да қарап, олармен танысқанын білеміз. Ілиястың ел аузынан жазып алған тапқырлық, шешендік сөздері мен қағытпа, әзіл-қалжыңдары бір төбе. Халықтық толғау, терме, қара өлеңдері де жетерлік. Ілиястың ел аузынан жинап жариялаған мәтіндерінің бір парасы: «Жалайыр Қабан ақынның ұрылармен қақтығысуы», «Тезек төре мен Бүйембай ақын», «Тезек төре мен Бақтыбай ақын», «Құлмамбет пен Түбек ақын» айтыстары да жазып алынып, сақталған», деп ақын халық мұраларын жинап қана қоймай кейбір үлгілері туралы зерттеу мақала да жазғандығына да тоқталды.
Жиында ақынның Орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған шығармаларына, халық арасынан жинап, жүйелеген фольклорлық мұраларына шолу жасалды. Одан бөлек, Насихат Набиолла автордың «Ән, әншілер жайында» және «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласын зерделеді. Осы салада ерекше тер төккен Александр Затаевичтің еңбегін айрықша бағалағандығына мысал келтірді.
Жалпы, ақын қазақ музыка танушысын «жыл құсы» деп атап, осындай өнер қайраткерлерін ұтымды пайдаланып қалу керек деген. Сондай-ақ зерттеушінің Қарқаралы жақтан жазып алған халық күйлерінің бірнешеуінің атын атайды. Затаевичтің ел аузынан жинап бастырған мың әнімен қатар күйлерін де санамалап көрсетеді. Бірақ ақын оның жинап, жариялап жүргені тек үлкен қазынадан «өнгені» ғана деп, ел арасында жиналмай қаншама мұраларымыздың жатқанын, оны тездетіп жинамаса айырылып қалатынымызды ашық айтады.
Ақын заманның өзгеруіне, елдің жұмысбастылығына байланысты халық мұрасының да ескерусіз қалғанына күйініш білдірген. Сондай-ақ күйші қарттардың азайып кеткенін, көп күйлердің олармен бірге келмеске кетіп бара жатқанын тілге тиек еткен. «Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал қырық күй тартады екен. Ол күйлердің біреуін де бұл күнде ешкім білмейді. Тек күй аттарын ғана айтып аңыз қылысады. Сөйтіп, Тойтан өлімі қырық күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Тойтан емес, домбырашылар, күйшілер күйімен бірге құндылық жоғалып жатыр. Елде жастан домбырашы шығу, жаңадан күй шығу өте сирек», дейді ақын өз мұрасында.
Баяндамашылар ақынның шығармашылығы хақында тереңнен ой толғағаннан кейін, қобызшы Молықбай Байсақұлы қобызының үні қойылды. Күйге ғашық ақынның ғұмырдариясынан сыр шерткен ілиястанушылар оның мәңгілік мұрасы ұрпаққа аманат екенін айтып тарқасты.
Жетісу облысы