Маман Ғазиз Надуевтың айтуынша, су тасқыны салдарынан адамдар арасында түрлі инфекция тарауы мүмкін. Әсіресе, жіті ішек инфекциясының тарау қаупі жоғары. Себебі үй-жайды, даладағы қораны, әжетхананы — барлығын сел шайып кетті. Қазір судың астында түрлі жануардың өлексесі, қоқыстар мен қалдықтар жатыр. Ал лас суда түрлі химикат, паразит, бактерия, вирус бар. Одан түрлі инфекция пайда болады.
- Қазір төтенше жағдай жарияланған аймақтағы, үйлерін су басқан тұрғындар эвуакацияланды. Олар арнайы пункттерге орналасты. Ол жерде халыққа бөтелкедегі таза су беріліп жатыр. Оған қоса біздің қызметкерлеріміз зертханада олардың ішіп-жеп жатқан тағамын, жатқан жерін зерттеп, бақылап отыр. Сонымен қатар халыққа ақпарат беріліп, санитарлық-ағарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Сол себепті қазір іш ауруы, сары ауруы және тағы басқа ауру мен инфекциялардың өсімі байқалмады. Дегенмен мәселе — су кетіп, адамдар өз үйіне оралған соң, тазалықты, гигиенаны қаншалық сақтап-сақтамайтынында, — дейді маман.
Оның айтуынша, су кеткен соң үйіне оралған адамдар тазалыққа аса мән бермесе, жіті ішек инфекциясымен ауруы мүмкін. Бұл — асқазан-ішек жолының зақымдалып, патоген және шартты патоген бактерияларын, вирустарды тудыратын инфекция аурулары. Мұны әдетте «лас қол ауруы» деп атайды. Ішек инфекциясы — ауыз су, тағам арқылы жұғады.
- Адам қолын жумаса, көкөністі, жеміс-жидекті жумай жесе, лас су ішсе, ішек инфекциясы жұғады. Бұл тек тасқын, апат кезінде ғана болатын ауру емес. Күнделікті өмірде де балаларға «алманы жуып же» деп осы ішек инфекциясының алдын алу үшін айтылады, — дейді ол.
Инфекцияның алдын алу үшін не істеу керек?
Ғазиз Надуевтың айтуынша, су басқан аймақтардың жергілікті атқарушы органдарына тапсырма берілді. Олар даладағы әжетханаға жиналған суды толық сорады, ішін дезинфекциялайды. Аман қалған үйлердің ішін кептіріп, тазалап, дезинфекциялайды. Дегенмен маман азаматтарға су тасқынынан соң ескеру керек бірнеше кеңес айтты:
Жергілікті органдар үйді, әжетхананы дезинфекциялап тазаламайынша онда кірмеген жөн.
Қолды үнемі мұқият жуып тұру қажет және антисептик қолданған абзал.
Су басқан аймақтағы кез келген затты қолғап киіп қана ұстаған дұрыс.
Су тасқыны салдарынан өлген үй жануарларының, төрт-түліктің өлексесін ұстамаған жөн. Керек болса, тек қолғап киіп қана ұстау керек.
Даладағы құдық суын уақытша тұтынбаған дұрыс. Жергілікті органдар ондағы судың құрамын әлі тексереді. Тексеріп болып, бәрі дұрыс екеніне көз жеткізген соң ғана ондағы суды қолдану керек. Ал оған дейін адам бөтелкедегі таза суды немесе қайнатылған суды ішуі керек.
Көкөніс пен жеміс-жидекті жуып жеу керек. Оған қоса адам ішіп-жейтін барлық тағамын қадағаланы дұрыс.
Балалардың қалдық заттарды ұстамағанын қадағалау керек.
Су басқан үйде қалған киім-кешектің бәрін жуып тазалап, кептіріп қана қолдану керек.
Тасқынның суын тұрмыстағы қажеті үшін қолдануға болмайды.
Денесі қызып, іші өтсе, дәрігерге баруы қажет.