07 Қаңтар, 2015

Индустрияландыру іс үстінде

425 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Трансфарматер Завод Рафхаттан (3)

Алғашқы бесжылдықтың төлтумасы

Иә, бүгінгі материалымыздың тақырыбына шығарып отырғанымыздай, тарих қойнауына кеткен 2014 жыл елімізде индустрияландырудың бірінші бесжылдығының аяқталуымен де тұспа тұс келді. Осы аралықта біткен іс қандай? Қалған із қандай? Бұл сауалға республиканың кез келген өңірінен жарқын да жеткілікті мысалдар тауып айтуға болатыны айқын. Ал батыстағы қақпамыз Орал өңірі мысалында бұл өткен жылдың аяғында ашылған Орал трансформатор зауыты десек қателеспейміз. Сөз жоқ, бұл инновациялық кәсіпорын индустрияландырудың бірінші бес жылдығының төлтумасы. «Бүгінгі күні трансформаторлар бізге өте қажет» деген болатын өткен жылдың аяғында индустрияландыру күні аясында өткізілген жалпыұлттық телекөпір кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған дейінгі кезеңде кернеу қуаттары әртүрлі трансформаторларға деген ел ішіндегі сұранысты отандық өндіріс ошақтары толығымен өтей алмай келгені де жасырын емес. Осы олқылықты Орал трансформатор зауыты толықтыратын түрі бар. Трансформаторлардың қажеттілігі жөніндегі Елбасының сөзін сәл тарқатып айтар болсақ жоғары кернеумен келетін электр қуаттары ел аймақтары мен өңірлері және жергілікті елді мекендер үшін ыңғайлы бола бермейді. Оны дәл сол күйінде тұтыну мен пайдалану еш мүмкін емес. Сондықтан да, оның күші төмендетіліп, тұтынушыларға жеткізілуі керек. Бұл іс ел аумақтарының түкпір-түкпірінде орналасқан трансформаторлардың көмегімен жүзеге асырылады. Бірінші бесжылдық төлтумасы Орал трансформатор зауытының өнімдерін негізінен кернеу қуаты 6-10 киловатт болатын есепке лайықтап шығару көзделген. Өйткені, мамандардың айтуынша, осындай мөлшердегі кернеу қуатына сұраныстар жиі түседі екен. Жаңа өндіріс ошағының өндірістік қуатын тек бір ғана трансформаторлар шығару ісімен шектей салуға болмайды. Оның басты артықшылығы электр сымдары, жоғары вольтты пештер, тіреуіштер, изолятор секілді электр-техникалық материалдардың сан алуан түрлерін өндіруге бағыт-бағдар ұстана білуінде. Иә, трансформаторлардың да трансформаторы бар. Оның әртүрлі қуаттағы майлы және құрғақ күйде жұмыс істейтін электр таратқыш түрлері болатынын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Осындай елімізде баламасы жоқ жаңашылдық зауыттың негізгі базалық өнімі болып отыр. Мұнда өндіріс көлемі алдын ала жасалған жоба бойынша жылына он екі мың дана өнім өндіруге лайықталған. Соның ішінде электровоздар құрастыруға қажетті қозғалтқыш трансформаторлар шығару ісінің орны тіпті ерекше деуге болады. Орал трансформатор зауыты өзінің толық өндірістік қуатына алдағы жылдары жетеді деп күтілуде. Сол кезде мұнда өндірілген өнім құны жылына 100 миллион АҚШ долларына жеткізілмек. – Біз өз өнімдеріміздің басым бөлігін биылғы жылы іске қосылатын Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресей мен Белоруссияға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Зауытта 700 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Біз өз өндірісімізді «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес іске асырдық. Бұған Мемлекет басшысы мен республика Үкіметі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілгеніне шексіз ризамыз. Атап айтқанда, алған несиеміздің пайыздық үстемелерін әжептәуір жеңілдете алдық. Сонымен бірге елімізде ірі, орта және шағын бизнес өкілдеріне қажетті инфрақұрылымдар да жасалып берілуде. Соның шапағатын көрген бизнес өкілдерінің бірі – біздерміз. Мысалы, жаңа трансформатор зауытына жергілікті бюджет есебінен газ тартылып берілді, – деді газет тілшісіне «Орал трансформатор зауыты» ЖШС құрылтайшысы Сайдулла Қожабаев. Жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап жаңа зауыт өнім шығаруға бет бұрды. Ендеше, іске сәт дейміз де. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.

Озық технологияға – кең өріс

IMG_5714

Үдемелi индустриялық-ин­но­вациялық дамудың мем­лекеттiк бағдарламасы қабылданғаннан бері облыста 27,4 миллиард теңгенi құрайтын 29 жоба іске қосылып, бiр мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Эконо­миканың әртүрлi салаларында 18 нысан салынып, еліміздің өзге аймақтарындағы мұнай-газ және темiржол кешендерiнiң мұқтаждарына арналған өнiм шығару жөнiндегi машина жасау кәсiпорындарының өндiрiсi жаңғыртылды. Былтыр шiлде айында өткен жалпыұлттық телекөпiрге Петропавл ауыр машина жасау зауыты құны 600 миллион теңгенің энергетикалық қазандық жабдығы өндiрiсiн құру жобасын ұсынып, Қазақстанның энергетикалық компанияларының жыл сайынғы қажеттiлiгiнiң жартысын қамтамасыз ете алатын қуат­тылыққа жетсе, Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың қаты­суымен Индустрияландыру күні аясында өткен соңғы жалпы­ұлттық телекөпірге өңірден екі жоба қатыстырылды. Солардың бірі – «Мұнаймаш» АҚ-та 2012 жылы «Өнімділік-2020» бағ­дарламасы шеңберінде жүзеге асырылған құны 13,9 миллиард теңгенің «Мұнай өнеркәсібінің механикалық өңдеу өндірісі жабдықтарын жаңғырту» жобасы. ТМД елдерінде әзірге баламасы жоқ бірегей инновациялық бағдарлама негізінде зауыттың жаңадан жабдықталған цехына Жапонияның заманауи «Nakamura-Tome» қондырғылары орнатылған. Осындай озық технологиялардың нәтижесінде өндіріс көлемі 2012 жылдың аяғында 1,4 есе артып, жалпы өнім өндіру көлемі 2,4 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп, бір жылда 7 500 дана ұңғылық штангалық сорғы және оларға керекті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығарады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр бір жұмысшының өн­дір­ген өнімі 1,5 есеге көбейіп, 18 мил­лион теңгеден асып түскен. Қазір зауытта 155 адам жұмыс істейді. Осы жылдары олардың орташа айлық еңбекақылары 1,2 есеге артып, 145 мың теңгені құрап отыр. «Мұнаймаш» АҚ бас­қар­­ма­сының тө­р­ағасы Сергей Гри­го­ренконың айтуынша, үде­мелі индустриялық-иннова­циялық да­му мемлекеттік бағдар­ла­масының аясында кәсіпорынды жаңғыртуға арналған «Өнімділік-2020» жоба­сының артықшылықтары көп. Әсіресе, шығаратын өнім­дердің ішінде негізгі түріне айналған ұңғылық штангалық сорғылар және оларға қосымша қорғаныс қондырғылары үлкен сұранысқа ие. Пайдалану-техникалық сипаттамалары бойынша аталмыш сорғылар әлемдік үздік үлгі­лер қатарына жатады. Оның халықаралық ИСO 9001-2008 стандартының талаптарына сәйкес жасалған сапа менедж­менті халықаралық сертификаты бар. Кәсіпорынға «Қазақстан Инжиниринг» ҰҚ» АҚ және «Элам Мұнаймаш» ЖШС құрыл­тайшылық етеді. Оның толық қуатында жұмыс істеуі үшін серіктестер мен өндірісті толық жаңғыртуға мүмкіндік беретін инвестициялық құйылымдардың мақсаты бір арнаға тоғысқан. – Индустрияландырудың бі­рінші бесжылдығын қоры­тын­дылауға арналған телекөпірде сөйлеген сөзінде Елбасы алды­мызға тың міндеттер жүк­теді. Индустрияландыру бағдарламасының ел экономикасы үшін зор маңызына айрықша назар аударып, шикізатты өңдеудің озық технологияларын кеңінен қолдануды тапсырды. Бұл жағынан алғанда, мемлекеттің қолдауын ерекше сезініп отырмыз. Соған орай Президенттің тіке­лей тапсырмасымен әзір­ленген «Өнімділік-2020» бағдар­ла­масына одан әрі қатысу­ды жоспарлап отырмыз. Өйт­кені, аталмыш жобаны елімізде бірінші болып қолға алғандықтан, жинақтаған тәжірибеміз мол. Станок паркін толығымен жаңар­тып, еңбек өнім­ділігі үш есеге көбейді. Шыға­ратын өнімдердің сапасы жақсарып, бәсекелестікке деген қабілет-қарым­ымыз күшейді. Сөйтіп, экспорттық үлесі­міз де артып келеді, – дейді өз сөзінде АҚ басқар­ма­сының төрағасы С. Григоренко. Иә, оның бір дәлеліне Пет­ро­павл қаласында алғаш рет кең ауқымда өткен «Қызылжар-2014» халықаралық инвестициялық форум аясында тиекті арматура бойынша испандық фирмамен меморандумға қол қойылып, бір­лескен өндіріс орнын құру жөнін­дегі бастаманы айтуға болады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.