Шарайна
Әлемдік сауда алаңдарында мұнайдың бағасы тағы да айтарлықтай құлады. Лондон биржасындағы сауда қорытындылары бойынша Brent маркалы мұнай құны 4,71 пайызға төмендеп, 1 баррелі үшін 53,14 доллар ғана болды.
Нью-Йорк тауар биржасындағы WTI мұнай құны да 5 пайызға жуық құлдырады. Сөйтіп, оның баррелінің құны бар-жоғы 50,14 доллар ғана болды. Сарапшылардың атап өтуінше, Еуропа мен АҚШ-та мұнайға осындай төмен баға соңғы 5 жылдан астам уақытта байқалмаған. Иранның мұнай министрі Биджан Намдар Занганенің болжамынша, жақын айларда 1 баррель мұнайдың құны шамамен 70-90 доллар аралығында тербеліп тұратын болады.
Жанкешті НАТО конвойын шабуылдады
Лаңкес-жанкешті Ауғанстанның шығысындағы Нангархар провинциясында НАТО конвойына шабуыл жасады. Оқиға Жалалабад және Торкхам қалаларының арасында орын алған.
Жанкешті Солтүстік Атлантика альянсының әскери колоннасы өтіп бара жатқан жол бойында өзін өзі жарып жіберген. Шабуыл салдарынан бронды техникаға айтарлықтай нұқсан келсе, ықтимал құрбандықтар туралы ештеңе айтылмайды. Шабуылға жауапкершілікті «Талибан» қозғалысының басшылығы өз мойындарына алып үлгерді. Бұған дейін жанкешті Еуроодақтың полиция миссиясының машинасын шабуылдаса, лаңкестік салдарынан кем дегенде бір адам қаза тауып, бесеуі жараланған болатын.
Еуроодаққа тапсырысын кері қайтарады
Исландия билігі жақын уақытта Еуроодаққа өтуден бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің премьер-министрі Сигмундур Давид Гуннлаугссон мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, 2009 жылы ресми берілген тапсырыс осы жылдың басында кері қайтарып алынатын болады.
Исландия Еуроодаққа кіру туралы тапсырысты аса ауыр экономикалық жағдайда қалған 2009 жылдың шілдесінде берген еді. Сол уақытта ЕО-ға қосылу ел экономикасын тұрақтандыруға көмектеседі деген пікірлер кең тараған-тын. Ал аталған мәселеге байланысты келіссөздер 2010 жылы басталса, 2013 жылы Исландияның жаңа үкіметі ЕО-ға кіруді тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған еді. Өйткені, ЕО мен Исландия арасында кейбір мәселелер бойынша келіспеушіліктер бар делініп отыр.
Царнаевты қандай жаза күтіп тұр?
Бостон сотында Жохар Царнаевқа қатысты процесс үшін алқа билерді іріктеу басталды. 21 жастағы Царнаев 2013 жылдың сәуіріндегі марафон кезінде лаңкестік жасады деп айыпталған болатын. Лаңкестік салдарынан 3 адам қаза тапса, 260-тан астамы түрлі деңгейде дене жарақатын алған еді.
Таяудағы 3 күн ішінде 1200 адамның ішінен 12 негізгі және 6 қосалқы жюри мүшелерін іріктеп алу міндеті тұр. Сот процесі 26 қаңтарда басталады және ол 3-4 айға созылуы ықтимал делініп отыр. Егер Царнаев кінәлі деп танылса, ол өлім жазасына кесілуі ықтимал. Ал адвокаттар әбжілдік таныта алған жағдайда, ол өмір бақи түрмеде отыру үкімін алуы мүмкін.
Алтын шынжырдың ұзындығы – 5 км
Біріккен Араб Әмірліктерінде ұзындығы 5,52 шақырым болатын алтын шынжыр жасап шығарылды. Жақын арада бұл зергерлік бұйым Гиннестің рекордтар кітабына енгізілетін болады.
Жергілікті The National басылымының ақпаратына қарағанда, шынжырдың салмағы 256 килограмнан асса, құны шамамен 6 миллион долларға жуықтайды екен. Бұл зергерлік бұйымды жасау үшін 100-ден астам адам 45 күн бойы еңбектенген. Бүгінде шынжырды Дубайдың ескі бөлігіндегі Алтын базары маңында қызықтауға болатын көрінеді. Әшекей Дубайда 1 ақпанға дейін жалғасатын 20-шы Сауда фестивалі қарсаңында арнайы жасалыпты.
Смартфон құны – 6 000 доллар
Аса қымбат тұратын смартфондар шығаратын Италияның Tonino Lamborghini Mobile компаниясы смартфонның құны 6 мың доллар тұратын жаңа үлгісін ұсынды. Тұсаукесер 6 қаңтарға қараған түні өтті.
Электр құралдарына бағаның жаппай төмендеу үрдісі байқалып отырғанына қарамастан, италиялық компания өзі үшін ең қымбат үлгіні шығаруға шешім қабылдаған. Осының алдындағы үлгідегі смартфондар құны шамамен 4 мың доллар тұрады. Алайда, рынокта бұдан да қымбат модельдер бар екені белгілі. Компанияның бас директоры Боб Хатефидің өзі мойындап отырғандай, смартфонның соңғы үлгісі соншалықты бір қажеттілік болып табылмайды, бұған тек иесін басқалардан ерекшелеудің бір тәсілі ретінде ғана қараған жөн.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында Ресей құрамасы алаң иелері – Канада құрамасынан 5:4 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп, Торонтода өткен әлем біріншілігінде Канада жастар құрамасы чемпион атанды.
*Египет астанасы – Каир қаласына жақын маңда орналасқан Әл-Минья қаласында бетперде киген белгісіз біреулер 2 полиция қызметкерін атып кеткен. Тәртіп сақшылары қаладағы шіркеулердің бірінің жанында кезекшілікте жүрсе керек.
*Оңтүстік Кореяның қорғаныс саласы бойынша сатып алулар жүргізу агенттігі Оңтүстік Кореяның Hyundai Rotem компаниясынан 901,5 миллиард вонға (820,3 миллион доллар) танктер сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойды.
Бразилиядағы теміржол апаты салдарынан зардап шеккен жолаушылар саны 140-қа жетті. Бұған дейін екі пойыз соқтығысынан 69 адам жарақат алды делінген болатын. Қуанышқа орай, құрбандықтар жоқ. Апат салдарынан теміржол қозғалысы әзірше тоқтатылып тұр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.