– Өзбекстанда жалауы желбірейтін жарыста Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатыны белгілі. Сол себепті де біз іріктеу сынына ең үздік гимнастшыларды апаруға тиіспіз. Соңғы турнирлерді қорытындылайтын болсақ, Испаниядағы Гран-приде Елжана Тәниева «доп» жаттығуында дара шықты. Көпсайыста жеңіс тұғырына көтерілу үшін оған санаулы ғана ұпай жетпеді. Тәниева – қазір командамыздың көшбасшысы. Сол себепті оның лицензиялық турнирге қатысатыны анық. Осыдан біраз күн бұрын Грекияда дәстүрлі «Афродита кубогі» өтіп, жерлестеріміз алты жүлдеге қол жеткізді. Осы жарыс қарсаңында мен өз шәкірттеріме «Афинада кім өте жақсы өнер көрсетсе, Ташкентке сол барады» деп алдын ала ескерттім. Бұл бәсекеде Айбота Ертайқызының бағы жанды. Сондықтан да аталған додаға Айботаның қатысуы заңды, – дейді Ә.Юсупова.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы Азия чемпионаты былтыр Филиппиннің астанасы Манилада ұйымдастырылды. Сол жарыста Қазақстан құрамасы 14 жүлдеге (3 алтын+4 күміс+7 қола) қол жеткізіп, жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Алдымызда – Өзбекстан (8+7+1) мен Қытай (4+0+2). Сондай-ақ жүлде алғандардың арасында Жапония (0+1+6), Қырғызстан (0+0+1), Оңтүстік Корея (0+0+1) және Филиппин (0+0+1) құрамалары бар.
Қазақстанның гимнастшылары арасында жекелеген сайыста Айым Мейіржанова («доп») ғана алтыннан алқа тақса, топтық жарыста жерлестеріміз бас жүлденің екеуін олжалады. Ал көпсайыстың қорытындысы бойынша Елжан Тәниева күміс медальді мойнында жарқыратса, Айбота Ертайқызы бесінші орынға табан тіреді. Жарыстың бас жүлдесін өзбекстандық Тахмина Икромова олжаласа, қытайлық Ван Зилу қолаға қол созды.