Қоғам • 25 Сәуір, 2024

Қызылорда облысында 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері өңірде 182 алаяқтық іс тіркелді. Оның 52-сі – интернет-алаяқтық фактілері, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысында 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында қоғамда белең алып бара жатқан интернет-алаяқтық фактілерімен күрес шаралары сараланды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Баймағанов толығырақ баяндады.

«Қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы жасалатын қылмыстарды болдырмау мақсатында Қызылорда қалалық полиция басқармасында тұрақты «CyberPol» жедел тергеу тобымен жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Алаяқтық жасаудың негізгі және басты себебі - азаматтардың сенгіштігі. Мұндай қылмыстардың бетін ашу және тергеу барысында біршама қиындық туындайды. Өйткені, қылмыскер үшінші адамға тіркелген әртүрлі банк карталарын, сондай-ақ түрлі абоненттік нөмірлерді, ақша шешіп алу үшін жалған адамдарды пайдаланады. Аталған қылмысты ашу үшін заң жүзінде алынған деректерді мұқият талдау қажет және бұл ұзақ уақытты талап етеді. Бүгінде интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмысының алдын алу, болдырмау бағытында біршама іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыстың тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау туралы, қандай сақтық шараларын сақтау керектігі де түсіндіріліп жатыр. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін тұрғындар сақтық шаралары ретінде жеке деректерін қатаң сақтауы керек. Оған қоса өзіне тиесілі пластикалық карталардың мәліметтерін, SMS-кодтар мен құпия сөздерді ешкімге айтпауға және белгісіз әрі тексерілмеген сайттарда төлем жасамауларын сұраймын. Сонымен қатар телефон мен компьютерге TeamViewer, AnyDesk және RustDesk деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпауға шақырамын», деді Мақсат Баймағанов.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті