Қазақстан • 25 Сәуір, 2024

Су тасқыны: азаматтардың мал шығыны өтеліп жатыр

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде су басқан аймақтарда ахуал тұрақталып, мал шығыны өтеліп жатыр. Келтірілген залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялардың жұмысы барысында табиғи апаттан 8,2 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлгені анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқыны: азаматтардың мал шығыны өтеліп жатыр

Фото:aqjolgazet.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин ОКҚ алаңында өткен брифингте өлген жануарларды утилизациялау жұмыстары ветеринариялық қызметтердің бақылауында екенін атап өтті. Сондай-ақ шығу тегі күмән келтіретін етті сату туралы таралып жатқан ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Өңірлерде өлген жануарлардың иелеріне өтемақы төленіп жатыр. Бүгінде Қостанай облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 780 бас малына 113,2 млн теңге, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 753 бас малына 98,3 млн теңге сомасында өтемақы төленді. Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 млн теңге бөлінді, өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр. Төлем осы апта соңында басталады. Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылданып жатқанын айта кету керек», деді Олжас Тілебалдин.

Республикалық штабтың хаттамасында өлген малдың шығынын өтеу алгоритмі бекітілді. Ал өтемақыны алу үшін өтініш берушілер жергілікті өтемақы комиссиясына жүгінуі керек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы бюджет қаражаты есебінен де, бюджеттен тыс көздер есебінен де жүзеге асырылады.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті