Кино • 25 Сәуір, 2024

Басын жұтқан байғұс

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үш минутқа да толмайды екен ұзақтығы. Екі минут он жеті секунд қана. Бірақ британдықтар фильм деген айдар тағыпты. Екі жарым минуттың мөлшеріндегі түсірілім. Бейнеролик емес, бейнесюжет те емес – фильм. Қысқаметрлі бола ма, басқа анықтауыш қосыла ма, кино деген соң туындыға біз де назар тіктедік. Жілігі татымайды дей алмадық. Бір емес, екі емес, халықаралық төрт марапат беріліпті. Ағылшын режиссері Филип Сэнсом мен сценарист Олли Уильямстың бұл туындысының атауы да аса күрделі – «Қара құрдым», қыс­қаметрлі фильм 2008 жылы шығыпты жалғанның жарығына.

Басын жұтқан байғұс

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ «су аяғы – құрдым» дейді. Құрдым туралы түсінігі ерте қа­лыптасқанын аңғарамыз. Ал мына қара құрдымның қасиетіне ғылым әлі жетіп болған жоқ. Не болса соны жұтып тынбай қоймайтын құбылысты ғылым Қара құрдым (черная дыра) атайды. Дүниені алмап-жалмап жұтатындай бұл сұмдықтың ғылым ашпаған сырын осы кино ашып бермесе де, болмыс тұрғысынан жақындатып-ақ бағады. Қара құрдым дегенді бар дүниені жұтып жіберетін жердің алып үңгірі ретінде қарау бір жағы ғана екен... Осы киномен түсіндіріп көрейікші. Ұзын-ырғасы былай:

Кинода уақыт белгісіз, шамамен күнделікті жұмыстан қайтатын кешкілік кез бе, әлде түн деуге де келіңкірейді. Әйтеуір кеңсенің іші, күніңе не түніңе қаратпайтын қазіргі жұмысбастылықтан мезі болған атмосферадағы әлдебір кабинет. Сонда үйреншікті ісін атқарып тұрған жігіт те жұмыс соңына таман қажыған сыңайлы, қан-сөлсіз сұп-сұр. Құрылғыдан (сканер) қағаз көшірмесін шығарып тұрған кеңсе қызметкері қызық жағдайға тап болады. Осы жолғы көшірме қағазының ортасы қап-қара үлкен шеңбер болып шығады. А2 форматтағы қағаздың дәл ортасына доптай болып басылып шыққан қара домалақ суретке мән бермеген қызметкер оны қасындағы үстелдің үстіне қоя салады. Құрылғы дұрыс істемей тұрғандықтан, бұл жолғы қағаз да сәтсіз шыққанына налыған ол күйіп кетіп, стақаннан су алып ішіп, әлгі қарайған қағаздың үстіне қоя бергенде, ғайыптан-тайып ыдыс жұтылып кетеді. Жаңа ғана өзі шығарған қағаздағы қап-қара шеңберге. Жалма-жан қолын жүгіртіп көрсе, әлгі қара шеңбер үстелдің астына қолын да өткізіп жібереді. Сөйтіп, су ішкен ыдысын алып шығады. Осындай кереметке тап болған ол енді әлгі «қара құрдымы» бар қағазды бетіне қойса, кез келген жабық дүниенің әр жағына қол жеткізе аларын түсінеді. Сөйтеді де ішінде шоколад, басқа да тәттілер сақталған құлыптаулы аппараттың әйнегіне қағазды қойып жіберіп, қалаған дәмін алып жейді. Енді көзі одан да зорға – басшысының бөлмесіне түседі. Әлгі қағазын қойып жіберіп, қара шеңбер арқылы арғы жағына қолын өткізіп, құлыптаулы есігін ішінен ашып алады. Бастық болған соң белгілі, көзі кабинеттегі сейфке түскенде, жайнап кетеді. Сейфтің бетіне қағазын жапсырып, бір бума ақша алып шығады. Сөйтіп, қаншама рет әрекеттеніп, ақшаны үйеді жанына (демек бастығы да жемқор болғаны ғой, әйтпесе соншама ақша қайдан келген?). Қолжетер жердегі ақшаның бәрін шығарса керек, әр жағында да қалғанын сезген ол доптай қара құрдымға қос қолы мен басын қоса сұғып, сейфтің ішіне кіріп кеткенде, қағаз түсіп қалады да, өзі сейфте қалып қояды. Кино осымен бітеді. Сейфтің сыртында бір қап ақша, ал ішінде адам. Көп ұзамай адам тұншығып өлетіні белгілі ғой.

Жеп жатсың, жеп жатсың, бір тоя­тын уақытың болды ғой дегің келеді осындағы кейбіреулерге. Ертең әлгі қара құрдымға жұтыласың, жина­ғаның ит пен құсқа жем бола ма, әлде желге ұша ма, әйтеуір о дүниеге қоса барып абырой әпермейді. Одан да бұл дүниеде елмен бөлісіп, абы­рой алсайшы, алғыс арқалап екі дү­ниенің рахатына кенелсейші, байғұс.

Кино сараңдық туралы депті, ол бір жағы ғана. Киноның бас­ты тақырыбы біздіңше пенде бала­сының тойымсыздығы. Негізгі ұс­тыны Абайдың «Ескендір» поэмасында тұр. Онда жарты әлемді жаулап алған Филипп патша баласы ақырында бір далаға келіп, сұмдыққа тап болмай ма? Сонда дүниенің алтын-күмісі Ескендірдің қолында еді ғой, соншама не жетпеді ал? Сөйтсе де тоймай, бармаған жер, алмаған ел жоқ, ақыры бір қамалға тіреліп, қақпасын аша алмай қор болады. Қайтсе де қақпасын аша алмай иттен қор боп қайтып бара жатқанда, Ескендір патша қақпаның ар жағындағылардан келгенімнің белгісі болсын деп естелікке бір зат сұрайды ғой, бейшара. Қақпаның арғы жағынан сөйлес қылған адам шүберекке орап, сүйек лақтырыпты. Ескендір патшаның барлық асыл тастары мен қымбат заттарын таразының бір басына салып, әлгі қу сүйекті екінші басына қойғанда, жеп-жеңіл кішкентай сүйек бәрін басып кетеді. Сөйтсе бұл да адамның көз сүйегі көрінеді. Соңында Аристотель бір уыс топырақ шаша салғанда барып таразының сүйек жақ басы сылқ ете қалады. Дүниеге көзі тоймайтын бейшара пенделіктің бір шегі осы болса, екінші шегі – әлгі «Қара құрдым». Мұнда адам тойымсыздығы мен ашкөздігінің кесірінен өз басын өзі жұтып қойғандығы емеурін етіледі. Жеке басын жұтып қана тынса жақсы ғой, болашақты, ұрпақ несібесін тонап жатқанын ойласа нетті?!