Есім ханның ескі жолы
Бұл кезеңде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға бағынды. Тәуекел хан Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін қазақ пен қалмақтың патшасы деп атаған. 1598 жылы Тәуекел хан Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. Көп ұзамай Абдолла хан қайтыс болып, орнына баласы Абдылһұмин хан болды. Иран шахы Аббас оған қарсы аттанбақ болды. Бірақ одан бұрын 100 мыңнан астам қазақ әскерімен Тәуекел хан Мауреннахрға басып кірді. Қазақ қосындары қарсыластарын күйрете қуып, Ахсы, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Тәуекел ханның осы жеңісті жорықтары бүкіл Орта Азия тарихындағы ірі оқиға болды. Орта Азияның алынбас қамалға айналған қала-бекіністері бірінен кейін бірі Тәуекел ханның жеңімпаз әскері алдында тізе бүкті. Тәуекел хан жиырма мың әскермен туған інісі Есім сұлтанды Самарқанда қалдырып, өзі 70 мың қолмен ұлы жорықты толық жеңіспен тәмамдау үшін Бұхараға аттанды. Қарсы шыққан әскерді қирата жеңіп, қазақ қосындары Бұхара қаласын қоршауға алды. Қазақ әскерлері Бұхараны 20 күн қоршауға алып, жойқын соғыс жүргізді. Қаланың құлауына санаулы күндер қалған еді. Өкінішке орай, осы кезде қала бекінісі түбіндегі шайқаста Тәуекел хан тура тиген жау жебесінен ауыр жараланады. Қазақ әскері қаланы қоршаудан босатып, бір түнде Ташкентке қарай шегінеді. Тәуекел ханның жараланғанын естіген Есім сұлтан шұғыл аттанып, 20 мың қолымен негізгі әскерге келіп қосылады және бүкіл қазақ әскерінің қолбасшылығын қолға алады. Ауыр жарақаттан оңала алмаған Тәуекел хан Ташкент қаласында қайтыс болды. Тәуекел ханның орнын басқан Есім хан 1598 жылы Бұхара мен Самарқанның билеушісі Мұхаммедпен бітім шартын жасасты. Бұл бітім Қазақ хандығының ұлы жеңісін паш етті. Бітім бойынша, Сырдарияның ұзына бойындағы Түркістан, Отырар, Сауран бастаған отызға жуық қала, Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен Қазақ хандығының құрамына қосылды. Сонымен бірге, қазақтар Әндижан қаласымен қоса Ферғана жазирасының солтүстік бөлігіне иелік ететін болды. Туған ағасы Тәуекел қайтыс болған соң Қазақ мемлекетінің билігін тарихта «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болған Есім хан (1598-1628) қолына алды. Дарынды әскербасы ғана емес, білікті саясатшы, парасатты мемлекет қайраткері ретінде Есім хан Қазақ хандығының сыртқы шекарасын нығайтумен қатар, елдің ішкі жағдайын да жақсартты. Есім ханның кезінде ел мамыражай әрі сенімді тіршілік кешті. «Есім ханның ескі жолы» атты атақты заң желісі мемлекеттің тұғырлы әрі берік ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырды. Жұмыр жер бақталастық пен тақ таласының алаңына айналып, әрбір билеуші өз үстемдігін жүргізуге ұмтылған жаугершілік заманда Еуразияның кіндігіндегі алып далада Қазақ хандығы сияқты іргелі мемлекет қалыптасып, оның қанатын кең жая бастағаны бүйірлеріне шаншудай қадалып, көз алартушылар көбейе түсті. Әсіресе, көшпенділерден көп запа шеккен Ресей мен Қытай іргелерінде Қазақ хандығы сияқты ірі де іргелі мемлекеттің күшейгенін қаламады. Қайткенде де бұл мемлекеттің іргесін сөгуді ойлады. «Іздегенге сұраған» дегендей бұл кезде, XVI-XVII ғасырлар тоғысында Моңғолияның батыс аймағында Жоңғар хандығының іргесі қаланды. Ғасырлар бойы тау суындай тасқындап, Шығыста Қытайды, батыста Ресейді және бүкіл Еуропаны ықтырып келген көшпелілер мекенінде пайда болған Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы көршілерін бейтарап қалдырмады. Олар осынау екі мемлекетті бір-біріне айдап салып, ғасырлар бойы бүйірлеріне қадалған «шаншудан» құтылуды ойластырды. Осы орайда, әсіресе, Ресей белсенділік танытып, жоңғарлармен шұғыл елшілік байланыс орнатып, оларды астыртын отты қарулармен жасақтап, Қазақ хандығына қарсы арандату шараларын жасады. Ресей патшалығының Жоңғар елінің Торғауыт, Дүрбіт, Қошауыт сияқты үлкен тайпаларына Еділ бойынан қоныс бөлуі қазақ пен қалмақ арасындағы жүз жылдық соғыстың тұтануына себеп болды. Осынау жүз жылдық соғыс салдарынан салт атты көшпелілердің үш мың жылдық өркениеті толық күйреп, қазақтардың Ресей патшалығына бодан болғаны, ал жоңғарлардың ата жұртынан мүлде жойылып кеткені тарихтан аян. Міне, осы қатерлі қасіреттің алғашқы дауылымен Есім хан беттесті. 1620 жылы жоңғар қонтайшысы Қара Құла Қазақ хандығының иелігіне тұтқиылдан шабуыл бастады. Бейбіт елді қатты қырғынға ұшыратып, асқан қатыгездік танытты. Еліне жау тигенін естіп, Есім хан шұғыл жорыққа аттанады. Қазақ әскері жоңғарларды тас-талқан етіп, Сібірдегі орыс қалаларының іргесіне дейін айдап салды. Сол замандағы орыс жазба деректерінде: «Қазақ Ордасының Есім ханы қалмақтарды қатты қырғынға ұшыратты. Қалмақ тайшылары өте қиын халге түсті», деп атап көрсетілген. 1627 жылғы ұлы жорықта Есім хан жоңғарларға тағы ойсырата соққы беріп, алғашқы Ойрат одағын ыдыратып жіберді. Еңсегей бойлы ер Есім ханның бұл ұлы жеңістері Қазақ хандығына енді ешкімнің тісі батпайтындай сыртқы жағдайды қалыптастырып еді. Өкінішке орай, дәл осы кезеңде өзін хан деп жариялаған Тұрсын сұлтанның дербес саясатының салдарынан Қазақ хандығында үлкен күйзеліске ұрындырған азамат соғысы басталды. Ташкент қаласы қазақтарға қараған соң, көп ұзамай оны Жәнібек ханның немересі Жалым сұлтан ұлы Тұрсын сұлтан билеген еді. Бертін келе ол тәуелсіз хан болуды көксейді. Сол заманның тарихшысы Махмұд бен Уәлидің жазуынша, Есім хан 1627 жылы жоңғарларға қарсы жорыққа аттанғанда, Тұрсын сұлтан бар әскерімен Түркістан қаласын шабады. Бейбіт жұртты қырып-жойып, ат тұяғы жеткен жердің бәрін ойрандайды. Есім ханның әйелдері мен бала-шағасын тұтқындайды. Енді Есім ханның өзін құртпақ болып, ауыр соғыстан оралып келе жатқан қазақ әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бірақ Есім ханға хабар бұрын жетеді. Екі әскер Сайрам қамалының түбінде беттеседі. Есім хан ант бұзған Тұрсын сұлтанның жақтастарын қирата жеңіп, Ташкент бекінісіне дейін тықсырады. Бар әскерінен айырылған Тұрсын сұлтанды нөкерлері тұтқындап, жауының қолына тапсырады. Есім хан опасыз Тұрсынның басын алып, оның қолтығына су бүркіп, қандастарына қарсы соғысқа айдап салған Бұхар ханы Имамқұлға сәлемдемеге жібереді. Тұрсын «ханның» опасыз өлімі туралы Марқасқа жырау былай дейді: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісіп жатырсың. Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» Тарихшы Махмұд ибн Уәли «Бахыр әл-асырар» атты еңбегінде Есім хан 1628 жылы қайтыс болды деген дерек келтірсе, «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда Есім хан 1645 жылы қайтыс болған көрінеді. Ал кейбір тарихшылар 1628 жылдан бастап 1643 жылға дейін Есім ханның ұлы Жәнібек хандық құрды деген пікірді алға тартады. Қайткен күнде де Қазақ хандығының шежіресіндегі осы бір жылдардың тарихы көмескі. Нақты деректер де, зерттеулер де жоқтың қасы. Сөйтіп, Есім хан дүние салған соң Қазақ хандығының тағына оның ұлы Жәңгір хан (1643-1652) ие болады. Елі үшін еңіреп туған Жәңгір таққа отырмастан бұрыннан халық арасында зор құрметке бөленіп, елінің, жерінің азаттығы жолында жанқиярлықпен күрескен тарихи тұлға еді. Жәңгір сұлтанның қайраткерлік істерінен оның хан болып жарияланғанға дейінгі жылдардың өзінде мемлекет саясатын, әскер билігін ұтымды басқарғанына тәнті боламыз. Хан Жәңгірдің ғажайып ерліктері қалың қазақ жұрты былай тұрсын көрші елдерге кеңінен мәлім болды. Халық оны Салқам Жәңгір деп құрметтеді. Жәңгір хан билік құрып тұрған кезеңде Қазақ мемлекеті мен Жоңғар хандығы арасында үш ірі соғыс болғаны тарихтан мәлім. Оның біріншісі 1635 жылы, екіншісі 1643-1644 жылдары, үшіншісі 1652 жылы болған еді. 1635 жылғы шайқастың толық қалай аяқталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ осы шайқаста Жәңгір сұлтан қолға түсіп, көп ұзамай тұтқыннан қашып шығады. 1643 жылдың соңғы айларында, қақаған қыста бүкіл Жоңғар жұртын бір тудың астына топтастырып, Жоңғар хандығының еңсесін көтерген Батұр қонтайшы Қазақ хандығының иелігіне басып кіреді. Орыс деректері бойынша, Жоңғар басқыншылары ең алдымен, Алатаудағы қырғыздарды шауып, бейбіт жұртты қырып-жойып, Тоқмаққа дейін жетеді. Ол заманда қырғыз халқы Қазақ хандығының құрамындағы бір ұлыс болатын. Ел шетіне жау тигенін естіп, Жәңгір шұғыл аттанып, шағын нөкерлерімен қырғыз арасына жетеді. Жау бетінің қатты екенін түсінген Жәңгір қалың әскерінің келуін күтпестен, аз ғана жанкешті жасағымен жоңғарлардың 50 мыңдық әскеріне қарсы тұруға шешім қабылдайды. Соғыс тарихында 600 жасақпен басқыншы жаудың мұздай қаруланған 50 мың әскеріне қарсы ерлік күрес ашқан оқиға бұрын-соңды болып көрген емес еді. Әскербасы шеберлігінде шендесі жоқ Салқам Жәңгірдің көзсіз ерлігі сол заманның бүкіл соғыс шежіресіне бетбұрыс жасады. Соғыс тарихында ұлы ерліктің баламасыз бұл оқиғасы туралы тарихи жазба деректерде былай делінген: «Жәңгір өз жасағының бір бөлігіне жоңғарлар биік таудан асып өткенше, екі тау арасындағы тар шатқалдан ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі қалған жасақтың шағын тобымен таудың екінші жағына жасырынады. Батұр қонтайшы ор қазып, бекініп алған қазақтарға бар күшімен шабуыл жасады. Оңтайлы сәтті күтіп тұрған Жәңгір жаудың ту сыртынан қырғидай тиді. Сөйтіп, жоңғарларды қатты жеңіліске ұшыратқаны сонша, олар жақтан 10 мыңнан астам адам өлді. Ұрыс бітуге жақындағанда 20 мың әскермен Жалаңтөс батыр Жәңгірге көмекке келіп үлгерді. Батұр қонтайшы қатты жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болды» («Қазақ совет энциклопедиясы», 6 том, 380-бет.) 1643-1644 жылдардағы үлкен майданда біріккен жоңғар әскерін күйрете талқандау және оларды ел шетінен асыра қуып тастау – Қазақ хандығының тарихындағы аса елеулі және даңқты оқиғалардың бірі. Майданның алғашқы күнінен-ақ басқыншыларға қарсы ауыр күрес жүргізген Тиес би бастаған қырғыз халқының ерлігінде де шек жоқ. Осы соғыста одақтастық шартын берік сақтап, өзбек әскерін бастап көмекке келген алшын Жалаңтөс баһадүрдің еңбегі де ерен. Тарихи деректер нақты айғақтағандай, жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресте туысқан үш халықтың мерейі үстем шығып, қазақ-қырғыз-өзбек әскери одағы тамаша жеңіске жетті. Ұрпақтары ұлағат алар бабалар ерлігі осылай түйінделеді. Қисапсыз қырғынға ұшырап, масқара жеңіліс тапқан Батұр қонтайшы Жоңғарияға оралысымен жаңа соғысқа әзірлене бастады. Жоңғардың шегірткедей қаптаған әскеріне ондаған есе аз жасағымен қарсы тұрып, оңдырмай сағын сындырған Салқам Жәңгір ханнан қайткен күнде де кек қайтаруды көкседі. Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығының арасындағы келесі жойқын соғыс 1652 жылы болады. Ыза мен намыс буып, кек қайтару соғысына мұқият дайындалған Батұр қонтайшы 1652 жылы қазақ еліне тағы басқыншылық соғыс ашады. Бұл соғыс туралы тарихи деректер мардымсыз. Кейінгі тарихшылардың «бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді» деген біржақты пікірлері де ақиқаттан алыс жатқан сияқты. Өйткені, алдағы жылдардағы тұтқиылдан шапқан соғыстардағыдай қазақ әскері қапысыз емес еді. Батұр қонтайшының кек қайтару жорығына дайындығынан да Жәңгір хабардар болатын. Ендеше, сыралғы жаудың бұл шапқыншылығынан қазақ әскерлерінің жеңіліс табуы ешбір мүмкін емес. Тарихшылардың қазақ жасағы жеңілді деген тұжырымының туындауына майдан даласында Жәңгір ханның қапыда қаза табуы негіз болған сияқты. Сол заманның соғыс стратегиясында дос та, дұшпан да мойындаған қолбасшылық біліктілікті асқан дарындылықпен жүзеге асырған, шайқас тәсілдеріне теңдессіз өзгерістер енгізген, қазақ әскерін үнемі жеңіске бастаған Жәңгір ханның қан майдандағы қазасы қазақтар тарапынан соғыс қимылдарын күрт тоқтатуға мәжбүр етті. Қазақ әскері кейбір тарихшылар болжағандай, бұл соғыста жеңілген жоқ, керісінше жеңісті шабуылдарын өз еріктерімен тоқтатты. Өйткені, қалың әскер қатты құрмет тұтатын ержүрек баһадүрді құрметпен соңғы сапарға шығарып салу – сансыз жорық жолдарында бірге болған әрбір жауынгердің парызы еді. Қаһарман ханның асыл сүйегінің Қазақ мемлекетінің астанасы – қасиетті Түркістанға әкелініп, Әзірет Сұлтанның саясына ақ арулап жерленуі осы ойымыздың айшықты дәлелі болса керек.«Алтын ғасырлар» соңы
Жәңгір ханның ұрыс даласында мерт болған қасиетті қазасынан кейін Қазақ хандығының шекара нығайтқан жеңімпаз жорықтары шектеліп, стратегиялық әскери әлеуеті бәсеңси бастаған сияқты. Екі жүз жылдан астам даңқты тарихы бар ортағасырлық ірі де іргелі мемлекет – Қазақ хандығының шежіресінде 1652 жылдан 1680 жылдың аралығындағы кезең ең бұлдыр уақыт болып саналады. Бұл жылдары Қазақ хандығының тағында Бөлекей сұлтан ұлы Батыр хан отырды деген дерек бар. Осы бір отыз жыл шамасында Қазақ мемлекеті ірі соғыс оқиғаларына араласпай бейбіт кезеңді бастан кешірген сияқты. Өкінішке орай, осы кезеңде біртұтас мемлекетті нығайтып, оның қорғаныс қуатын арттыру мақсатында да шыбық басы сындырылмағанға ұқсайды. Қайта сұлтандар арасындағы бақталастық бәсеке белең алып, іргелі мемлекеттің іргесін шайқалтудағы алғашқы сызаттар түсе бастаған. Сұлтандар арасындағы бақталастық ашық тақ таласына ұласпаса да жүзге бөлінудің алғашқы шоғын бықсытып, жалпы қазақ халқының бірлігіне орасан нұқсан келтірді. Бір мақсатқа, бір орталыққа жұмылған біртұтас хандықты әлсірете бастады. Бірақ Қасым, Есім, Жәңгір сияқты өз замандарының озық ойлы қайраткерлері іргесін нығайтқан ірі мемлекет уақыт сынына төтеп берді. Тек тарих сахнасындағы өзінің орнын ойып алып, бірлігін сақтап, беделін паш етті. Қазақ хандығының іргелі ел екенін танытып, беделін күшейткен Салқам Жәңгір ханның ұлы – Тәуке хан (1680-1715) тарихтағы халық берген есімі – Әз Тәуке, яғни дана Тәуке болатын. Әз Тәуке қазақ тарихында біртұтас мемлекетті күшейтуге бағытталған бірқатар реформалар жүргізген реформатор мемлекет басшысы ретінде қалды. Тәуке мемлекеттік билікті бейбіт күнде қолға алды. Оның мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасуы да отыз жылдық бейбіт кезеңмен тұспа-тұс келеді. Тәукенің қол бастаған жауынгер хан емес, ақылман хан ретінде билік құруының түп төркіні де осында жатса керек. Тәуке ханның ел үшін сіңірген тарихи еңбегі негізінен екі қырынан айқындалады. Біріншісі, елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты шебер ұйымдастырып, сырттан көз алартқан көп жауға дес бермей, мемлекетті сақтауы, екіншіден, елдің ішкі жағдайын реттеуде саяси-құқықтық реформалар жүргізуі болып табылады. Әсіресе, терістіктегі қатерлі де қуатты көршісі Ресей патшалығымен елшілік алмасып, сауда істерін жүргізуге ден қойды. Әз Тәуке Бұхара хандығымен бейбітшілік қарым-қатынаста болуға, Орта Азиядағы барлық қалалармен сауда-саттық жасауға тырысты. Қазақ хандығының шын қатерлі жауына айналып, дүркін-дүркін шабуылдап жүрген Жоңғар хандығымен де тату көршілік орнатуды ойлады. Қазақ ханының елшісі ретінде барған Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысына айтқан атақты толғауынан да мемлекет мақсаты айқын аңғарылады: «Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгенмін. Табысуға көнбесең, Тұрысатын жеріңді айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгенмін». Мемлекеттің ішкі құрылымын реформалау барысында Әз Тәуке алты алаштың тізгінін алты биге ұстатты. Яғни, Ұлы жүзде үйсін Төле би, Орта жүзде Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзде алшын Әйтеке би, Қырғызда Қараш би, Қарақалпақта Сасық би, Құрамада Мұхамед би тізгін ұстады. Әз Тәукенің қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы ең үлкен еңбегі – «Жеті жарғы» аталатын заң жүйесін жасауы. Шын мәнінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының этникалық болмысын, әлеуметтік-шаруашылық және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, халықтық географиялық қоныстануы негізінде жасалған мемлекеттік, саяси-құқықтық заң болатын. «Жеті жарғы» арқылы далалық демократия мемлекеттің саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық өмірінде нақты көрініс тапты. Тәуке ханның тарихи еңбегі, бұған дейінгі сан ғасырлық өмір тәжірибесін, көшпелілердің демократиялық үрдістерін жан-жақты қорыта келіп, елдің береке-бірлігіне қызмет ететін жаңа мемлекеттік-құқықтық жүйені жасай білуінде. Сондықтан да халқы оны «Әз Тәуке» деп құрмет тұтты. 1715 жылы Әз Тәуке хан дүние салып, Қазақ хандығының билігіне Хысырау сұлтан ұлы Қайып сұлтан келді. Қартайып қалған Қайып хан халық арасында бедел ала алмады. Әз Тәуке іргесін нығайтқан ірі мемлекетті жүйелі басқарудың жөнін білмеді. Билігі босаң Қайып ханды Әбілқайыр сияқты көкжал сұлтандар толық мойындамады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей бұл кезеңде қылышынан қан тамған Жоңғар одағы да қазақ даласына басқыншылық соғысын күшейткен еді. Қайып хан үшін басты міндет – ел іргесін сөккен жауға қарсы қимыл таныту еді. Қал-қадерінше басқыншыларға қарсы шайқасқа дайындалып, 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан Қазақ хандығының отыз мың сарбазын бастап, жоңғарға қарсы аттанады. Кешегі Қасым хан кезінде үш жүз мың әскер шығаратын Қазақ хандығы басқыншыларға қарсы елді азат ету жорығына бар болғаны 30 мың жасақ шығара алды. Осыдан-ақ Қайып ханның қауқарын аңғаруға болады. Осы жорықтан Қайып хан мен өркөкірек Әбілқайыр сұлтан бар әскерінен айырылып қарақан бастарын ғана аман алып қалыпты. 1718 жылы жоңғарлармен болған кезекті бір шайқаста Қайып хан қаза табады. Алты алаштың игі жақсылары жиналып, Әз Тәукенің бел баласы Болатты ақ киізге салып, хан көтереді (1718-1730). «Жақсыдан жаман туар – бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар – адам айтса нанғысыз» дегендей Болат ханның аты затына сай болмай шықты. Қабілетсіз әрі болжыр Болат хан үш жүз жылдық даму тарихы бар Қазақ хандығын тоқырауға ұшыратты. Болат ханның кезінде орталық хандық билік мүлде әлсіреп, әр жүздің өз ханы дербес билік құрды. Дәл осы Болат ханның тұсында Жоңғар одағы қазақ мемлекетін жаулап алып, қазақ халқы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырады. 1730 жылдан 1771 жылға дейін билік құрған Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет хан іс жүзінде тек Орта жүздің ғана ханы болды. Себебі, Болат ханның тұсында-ақ Кіші жүзді бөлектеп, хан атанған Әбілқайыр 1731 жылдың 10 қазанында Ресей патшалығына бодандығын мойындаған болатын. Дегенмен, бұдан кейін де Қазақ хандығының тарихында ер етікпен қан кешкен күйзелген кезеңдер де, ел еңсесін көтеріп, бірлік туын асқақтатқан (Абылай мен Кенесары хандар тұсы) кезеңдер де өтті. Қалай болғанда да Болат ханның билік құрған жылдарымен бірге төрт ғасыр дәуірлеген Қазақ хандығының «алтын ғасыры» аяқталған еді.. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».