Аталған фестивальда «Жер күні – Ұмай» халықаралық мейрамына арналған велошеру ұйымдастырылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Одан кейін аумақты қоқыстан тазарту жұмыстары қолға алынды. Жалпы, экофестивальдың мақсаты – экологиялық құндылықтар мен мәдени мұраны насихаттау. Одан бөлек, Жетісу өңірінде экологиялық туризмді дамытуға бағытталды.
Игілікті іс-шараға қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, ЭКО фестивальды ұйымдастырып жатқан әрбір жанға, табиғат жанашырлары мен еріктілерге алғысын білдіріп, ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы және басқармаға қарасты мекеме қызметкерлері де белсене қатысып, ағаш көшеттерін егуге жәрдемдесті. Д.Рақышев атындағы филармония әншілері концерттік бағдарламамен жиналған қауымның көңілін көтерді.
Экофестиваль аясында қатысушыларға Қызыл тас – Тасбақа тас петроглифтеріне экскурсия жасалып, мәдени орынның тарихы айтылды. Ашық аспан астында өңір қолөнершілерінің көрмесі қойылды. Артынан түрлі байқаумен жалғасын тауып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.
Айта кетейік, жиын аясында Тасбақа тас аумағына мыңнан аса адам жиналып, 200 дана ағаш көшеті отырғызылды. Қазір өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы «Жасыл аймақ» апталығы басталды. Бір күнде облыс көлемінде 1400-ден аса ағаш отырғызылды.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне сүйенсек, көгалдандыру шаралары облыстың барлық аудан-қаласында белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінгі бір күннің өзінде 1401 түп ағаш отырғызылған. Олар негізінен жапырақ тұқымдас, қылқанжапырақты және жеміс ағаштары.
Мәселен, Кербұлақ ауданы Сарыөзек аулында тұрғындар 850 түп қарағай ексе, Ақсу ауданы Есеболатов, Қарасу ауылдарында барлығы 150 түп алма ағашы отырғызылды. Сол сияқты Сарқан ауданы Алмалы, Амангелді ауылдық округтерінде шырша, алма, бөртегүл ағаштары егілді. Бұдан өзге аудан-қаланың барлығы да апталыққа белсенді қатысып, көшет отырғызумен қатар ағаштардың түптерін ағартып, парктер мен скверлердің, мекеме-ұйымдардың аумағына тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар апта бойы жалғасады.
Айта кетейік, өңір бойынша «Қазсушар» филиалы биыл 173,1 шақырым каналды тазартып, 54 гидротехникалық құрылысты және 10 гидропосты жөндеуді жоспарлап отыр. Бүгінде каналдың 40 шақырымы тазартылды, 1 гидротехникалық нысан салынды және 4-еуі жөнделді.
Сонымен қатар 1060 шаруа қожалығымен су беру туралы келісімшарттарға қол қойылды. Шаруалар 20 мың гектарға жуық алқапты суару үшін 174 миллион текше метр су алады.
Жетісу облысы