09 Қаңтар, 2015

Ауылда өткен олимпиада

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қалың қазаққа «Алакөлдің Атымтай Жомар­ты» атанған белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың арқасында  алғаш рет шалғайдағы елді мекенде дарынды балаларға арналған жаратылыстану бағытындғы пәндерді тереңдетіп оқытатын  лицей-мектебі ашылған болатын. Алматы облысы Алакөл ауданындағы Жыланды ауылындағы бұл мектеп қазір меценат азаматтың арқасында заман талабына сай, талапты балаларға жақсы білім беруде. Жыланды ауылының бүгінгі тірлігі қаладағылардан кем емес. Елді мекеннің сыртқы келбеті ғана сәнді емес, іші де мәнді. Мәдениет сарайы, спорт мектебі және тұрғындар мен жастарға қажетті басқа да әлеуметтік-мәдени нысандары бар. Күні кеше ғана тәй-тәй басып, тұсауын кескен  Жыланды мектебінің оқушылары күзгі демалыс кезіндегі ауданаралық жарыста жоғарғы  жетістікке қол жеткізіп, бірінші орынды ием­денді. Айтқандай, осы Жыланды ауылына қонаққа келген Алматы қаласының №178 лицейінің оқушысы Аяжан Талғат өз білімін сынап көру мақсатында жарысқа қонақ ретінде қатысып  ең жоғары ұпай жинап ерекше ілтипатқа ие болды. Аяжан Талғатты жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша көрсеткен жоғарғы  нәтижесі үшін Алакөл аудандық әкімдігі Алғыс хатпен марапаттады. Алматыдан барған Аяжан Талғаттың осы жолғы олжасы жайдан-жай емес. Жеңімпаз бала білім алып жүрген Алматы қаласындағы  физика-математика пәндерін тереңдете оқы­татын №178 лицей – жақсы  жетістіктерімен мақ­талып жүрген білім ордасы. Республикалық байқауларда, ғылыми жобалардың жарыстарында, түрлі мәдени шараларда алдыңғы қатардан табылып жүрген қаладағы маңдайалды білім мекемелерінің бірі. Өткен оқу жылында  осы білім ұясын бітірген 109 түлектің ішінде 22 халықаралық ғылыми жобалар жарыстарының, халықаралық конкурстардың қатысушылары мен жеңімпаздары, 22 «Алтын белгі» иегері, 15 ерекше үлгідегі аттестат иегерлері өздеріне артқан сенімді ақтай білді. Соңғы оқу жылында бүкіл республика бо­йынша  бірінші болып ең жоғары балл жинаған да осы мектептің  түлегі Айғаным Әбдіжапар 125 балл жинап, мектебінің де, ата-анасының да, ұстаздарының да мерейін тасытқан еді. Аяжан Талғат та қазір мектептегі «Алтын белгіден»  үміткер оқушылардың бірі. Ол өзінің шығармашыл, ұшқыр ойлы және ең бастысы, өз білімін іске асыратын тұлға – дарынды оқушы екенін дәлелдеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.