Жәдігер • 30 Сәуір, 2024

Әндіген

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың мергендік өнеріне қатысты қару-жарақ атаулары арасында «әндіген» сөзі көп кездеседі. Мысалы, Ақтамберді жыраудың «Тобықшық толы әндіген, Толтыра тартар ма екенбіз» деген сөз тіркесі бар. Бір қызығы, күні бүгінге дейін біз «әндіген» не зат екенін басып айта алмай жүрміз. Оған себеп, әндіген бірде садақ оғының атауы ретінде айтылса, келесі бір деректе басқа мағына да беріліп жүр.

Әндіген

Әшекейлі әндіген. Алтын Орда дәуірі (Жаңғыртпа жасаған О.Федоров) 

Осы орайда, қазақтың көне сөз­де­рінің білгірі Бодаухан Тохан 2016 жылы жарық кө­рген «Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсін­дір­ме сөздігі» атты еңбегінде: «Әндіген – жау­гер­шілікте пайдаланылатын ағаштан жасалған баулы ыдыс, сапты­аяқ» деген анықтама беріпті. Ең дұрысы осы.

Демек әндіген – қорамсақтың бір түрі. Ерекшелігі қорамсаққа атуға дайын оқтар салынып, жаугершілікте белге байлап алып жүретін болса, әндігенде сапалы оқтар арнайы сақталатын болған. Тәпсірлеп айтар болсақ, шеберлер жасаған сапалы оқтар, ауа райының құбылыстары (дымдану, ылғал тарту, суықта үсіп қалу, т.б.) немесе жаугершілік кезінде туындайтын болжаусыз қимыл-қозғалысқа байланыс­ты оқ майысу, сыну, формасын бұзу, т.б. келеңсіздік туындамау үшін жауынгерлер ұзақ жорыққа шаққанда оқтарын әндігенге салып алып жүретін болған.

Сол себепті, әндіген сыртқы әсердің салдарынан майыспайтын қатты заттан жасалып, іші ылғал өткізбейтін материалмен қапталған. Яғни әндіген дегеніміз – садақ оғының сапасын бұзбай сақтаушы құрал. Сондықтан да, кейбір фольклорлық деректерде «әндіген оқ» деген тіркес кездеседі. Бұл қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «әндігенде сақталған оқ» деген мағынадағы сөз.

Жоғарыдағы Ақтамберді жырау­дың «тобыршықты әндіген» дегендегі «тобыр­шығы» жебесінің ұшына бекі­тіл­ген қатты зат. Бұндай оқты жыр­ларда «тобыр­шық оқ» деп те атайды. Осындағы «тобыр­шықты әндіген» ұғымын қазіргі түсінік­ке жатқызып айтар болсақ, «тобыр­шық оқ толты­рыл­ған әндіген» дегенге саяды.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кететін тағы бір дүние, садақтың сұғы мен иінін біріктіріп бекіткен тұсқа адырнаның серіппесін жұмсарту үшін қатты заттан (мүйіз, сүйек, ағаш) жасалған бармақтай ғана қорғаныс құрал орнатады. Бұны да «тобыршық» деп атайды.

Сонымен қатар халқымыздың жадында сақталған әндігеннің «қобди» немесе «сандықша» дегенде атаулары да бар. Мысалы, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «қобди» атауына: «түрлі зат салып қоятын кішкене ағаш жәшік немесе әр алуан құрал сайман салып жү­ру­ге арналған сандықша» деген тү­сінік беріліпті (Қазақ дәстүрлі мәде­ние­­тінің энциклопедиялық сөздігі. – Алма­ты: «Сөздік-Словарь». 1997.- 368 б).­ Демек әндігеннің «қобди – сан­дық­ша» атануы жоғарыда айтқа­ны­мыздай садақтың оғын сақтайтын сан­дық – қобдиша деген ұғымға сайып­ тұр.