Спорт • 30 Сәуір, 2024

Саламатты өмір салты – денсаулық кепілі

151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде «Бірлік жүгірісі» республикалық жартылай марафоны өтті. Саламатты өмір салтын қолдайтын іс-шара бір мезетте 15 өңірде басталып, 15 мыңға жуық спортшы қатысты. Желаяқтар түрлі қашықтықта бақ сынады. Алдымен 21 ша­қы­­рымға жүгіретін спортшылар жарыс жолына шықты. Одан кейін марафоншылар қала көшелерімен жүгіріп өтті. Ал балалар 1 шақырым қашықтықта жарысты.

Саламатты өмір салты – денсаулық кепілі

Марафон Қазақстан халқы­ның бірлігі күні қарсаңына арнайы ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы бас­тамашы болды. Сондай-ақ Астана қаласының триатлон федерациясы мен Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері де ұйытқы болды.

– «Бірлік жүгірісі» – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біз әр­түр­ліміз, бірақ теңбіз» қағидасын негізге алды. Мұның бәрі мереке қар­саңында халқы­мыздың бірлігін ны­­ғайтуға, ынтымағымызды көр­­­сетуге, саламатты өмірді қа­лып­­тас­тыруға үлесіміз деп санаймыз. Жарысқа 15 мың адам қатысып отыр, елімізде мұндай көлемде жүгіріс бұрын-соңды болған емес. Сондықтан іс-шараны енді жыл сайын өткізуді ойластырамыз, – деді ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

см

Елордада таңғы 7:00-де бас­тал­ға­нына қарамастан, 2 мыңға жуық адам жарыс жолына шықты. Жүгіру бә­се­кесіне қала тұрғындарымен қатар, Пар­ла­мент депутаттары, Астана қала­сы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, республикалық және астаналық этномәдени бірлестіктердің, жастар және еріктілер ұйымдарының, спорт федерацияларының, жүгіру клубтарының өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, биыл алғаш рет жас спортшылар бір шақырым қашықтыққа жарысты.

– Ата-анам жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысады. Әрине, мен де олардан қалыс қалмаймын. Жарыстарда өз қатар­ластарыммен бірге сайысқа түскен ұна­й­ды. Мен үшін жеңімпаз болу міндетті емес. Уақытқа да қара­май­мын. Бастысы – жүгіруден ләз­зат аламын, – деп, 9 жастағы Мар­кус атты жас қатысушы өз ойын­ білдірді.

Мәреге жеткендердің барлы­ғына естелік медаль берілді. Ал жеңімпаздар жас санаттары бо­йынша бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс аясында барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, кәсіби мамандар төрешілік етті.

ми

– Саламатты өмір салтын наси­хаттау мақсатында елордамызда ересектерден 1 500, балалардан 300-дей қатысушы жиналды. Былтырғы жарысымызда тек 500 метр, 2,5 және 5 шақырымды құрап, 250-дей ғана спортшы жарысқан еді. Енді көріп отырғанымыздай, 1 жылдың ішінде 10, 21 шақырымды да қосып, қатысушылардың қа­тары 6-7 есеге артты. Ересек­тер­ден бөлек, 6-17 жастағы балалар 1 шақырым жүгіреді. Бұл – жақсы дәстүр. Өйткені бала ата-анасының айтқанын емес, көргенін істейді. Тағы бір жақсы жаңа­лығымыз – трасса халық­ара­лық жеңіл атлетика федерациясы тара­пынан мойындалған. Яғни осы көрсеткішпен өзге де ірі халықаралық марафонда бақ сынауға болады. Мұнымен тоқ­тап қалмаймыз. Келер жылы то­лыққанды 42,1 шақырымды ен­гізсек дейміз, – деді Астана қаласы триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт.

Іс-шара соңында қатысу­шылар «Таза Қазақстан» ак­циясы аясында сол маңдағы қоқыс­тарды тазалап кетті.

– Айналамдағы достарым жүгі­ру­ге ықпал етті. Олар: «Жүгі­ру­дің еш қиындығы жоқ, арнайы залды қажет етпейді. Кез кел­ген уақытта аяқкиім киіп, бас­тай бересің» дегеннен кейін, жү­гіруге бел будым. Сәуір айында ең алғаш қолға алып, 5 шақырымға тіркелдім. Қорқыныш болды. Мәреге жете алмай, ұят бола ма деп ойладым. Құдайға шүкір, 35 минутқа жеткізбей, қашықтықты бағындырдым. Осының өзі же­тістік болғанымен, 20-25 минутта жүгіретіндерге қызығып, мен де осылар секілді болсам деген жоспарым бар. Саламатты өмір салтын ұстанумен қатар, «Таза Қазақстан» акциясында айна­ладағы қоқыстарды да жинау­ға өз үлесімді қостым. Ерте тұр­ған­ның нәтижесінде қоғамға да септігімді тигіздім деп ойлаймын, – деді Астана қаласының тұрғыны Өркен.