Іргетасы осыдан 93 жыл бұрын қаланған Алматы қаласындағы аталған оқу орнының Тәуелсіздік жылдары М.Тынышбаев есімімен атау тегіннен-тегін емес. Өйткені елімізге белгілі Алматы теміржол инженерлері институты талай жыл үзіліссіз осы салада білікті маман даярлап келді. Ал Мұхаметжан Тынышбаев – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері, Алаштың танымал тұлғасы. Сондай-ақ ол – 1917 жылы құрылған Түркістан автономиясының тұңғыш премьер-министрі. М.Тынышбаев – Түркістан – Сібір магистраль жобасын жасап, жүзеге асырған инженер.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мен осы оқу орнының ресми мәліметінде М.Тынышбаев есімі университетке 2000 жылы 23 мамырда беріліп, белгісіз себеппен 2021 жылы өзгергені (алынып тасталғаны) жазылған. Айтқандайын, «Egemen Qazaqstan» газеті 2024 жылы 10 сәуірде «Тұрар Рысқұловтың есімін университетке қайтару – көптің қалауы» атты көкейкесті мақала жариялап, «Нархоздағы» ономастикалық жүйесіздікті сынаған еді. Қайраткер М.Тынышбаев есімінің қайта жаңғыруы – аталған оқу орны мен сала басшылығына ой салады деп үміттенеміз.
Теміржол саласы мамандары мен осы кәсіпті меңгеріп жатқан жастарды қуанышты жаңалықпен құттықтай отырып, еліміздің ономастика заңдылықтарында ұлт тұлғаларының есімі құндылық ретінде бекітілуі қажеттігін ұсынамыз.