09 Қаңтар, 2015

Жұмыс орындары арта түспек

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_9208– Қыдыркелді Өміржанұлы, сіз басқарып отырған ауданда инно­ва­ция­лық даму бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда? – Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының индустрияландыру картасы шең­берінде соңғы 4 жылда ауданымызда 10 ірі әрі аз уақытта кеңінен танылған нысан іске қосылып, тұр­ғылықты халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Шыны керек, сол елдің айлық жалақылары уақытылы төленеді. Сан сала бойынша өндірілген өнімдер сапалылығымен де ерекшеленді, оның басты дәлелі сұраныс мол. Тағы да бір айта кететін жайт, мемлекетке салық төлеуде біздің ауданымыз облыс­та көш бастап отырғаны ақиқат. Осы­нау уақыт талабына сай атқа­рыл­ған жұмыс биылғы жылы өзін­дік жалғасын тауып Алматы облысы өңірлік индустрияландыру картасына 3 инвестициялық жоба енгізілді. – Сонда жұмыс орындары жаңадан ашылуда ма? – Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 1166 кіші кәсіпорын, 1875 шаруа қожалықтары, 4711 жеке кәсіпкерлер бар. Бұл салада бар­лығы 26,4 мың адам жұмыспен қам­тылған. Өндірілген өнімі мен көрсетілген қызметтің көлемі 127 млрд. теңгені құрады. Соңғы айларда сату және қыз­мет көрсету саласында 50 кіші кәсіпкерлік нысандары іске қосы­лып, 328 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал өнеркәсіп саласында 14 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 280 жұмыс орны ашылып және осыған дейін іске қосылған 8 кәсіпорындарда 141 жаңа жұмыс орындары тағы ашыл­ды. – Мемлекеттік саясатқа сай теміржол мен автомагистральдың бойында шағын бизнес дамыса, ондағы тұрғылықты халыққа қандай мүмкіндіктер туады? – Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – бо­лашаққа бас­тар жол» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясаттың діңгегі ретінде жалпы инвестициялық портфелі 6 триллион теңгені құрай­тын, 5 жылға есептелінген инфра­құ­рылымдық даму жоспарын белгілеп бергені мәлім. Қысқа мерзімді перспективадағы негізгі бағыттар көліктік-логис­тикалық, индустриялық, энерге­тикалық, тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен қамту жүйелерін жаңғырту болып табылады. Осы басым бағыттар шын мәнін­де күрделі қаржы салуды қажет ете­тін экономиканың негізі болып отыр. фото-1 фото-3 фото-4 Мұның бәрі халықты жұмыспен қамтып, табыстарын өсіруге бағыт­талған, экономика мен қоғам жаңа­рып, соның нәтижесінде әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасы жақсаратынын көрсетеді. Бірінші бағыты бойынша кө­ліктік-логистикалық инфра­құ­рылымдарды дамыту, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұл бағытта аудан аумағынан өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Алматы – Өскемен, Үлкен Алматы айналмалы автожолдарының құ­ры­лысы мен қайта жаңғырту жұ­мыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жер телімдерін сатып алу және жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, ауданның индустриялық инфрақұрылымдары одан әрі дами түсетіні анық. Осыған байланысты, шағын және орта бизнес өндірісін дамыту мен қосымша инвестиция­лар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар құру мәселесін шешу үшін Боралдай индустриялық аймағы құрылуда. Онда 70 өнеркәсіптік кәсіпорын орналастырып, 3000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Бұл аудан тұрғындары жаңа жұмыс орындарымен қамтылып, туризмнің дамытылатынын біл­діреді. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділік нығаяды. Әрине мемлекет тарапы­нан жеңіл­детілген несие, шағын несие, қар­жылай сауық­тыру сияқты көмек­тер көрсе­тілуде. Халықтың тұрмы­сын жақ­сарту бағыты бойын­ша сол елдің жұмыссыз адам­дарын жұмыс­қа орналастыру және аз қамта­масыз етілген тобын әлеуметтік кө­мектермен қамта­масыз ету болып табылады. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.