Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

Әулиеатада дендрокарта жасалады

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір ай бойы тоқтаусыз жалғасатын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді жастан бастап, еңкейген қарияға дейін қолдан келгенше атсалысып жатыр. «Өнегелі ұрпақ» деген атау алған осы аптаның алғашқы күнінде еліміздегі ең үлкен шағын аудандардың бірі «Ұлы даланың» аумағын көгеріштендіру жұмысы қолға алынды.

Әулиеатада дендрокарта жасалады

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

«Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» ұра­ны­мен өтіп жатқан экологиялық ак­цияға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастап, өзге де атқамінер азаматтар қатысты. Бұл күні көне шаһардағы жаңа шағын аудан саналатын «Ұлы даланың» аумағына 125 түп қараағаш, 100 түп емен, 170 түп терек пен 101 түп шырша көшеті егілді.

Жалпы алғанда өңір бойынша «Таза Қазақстан» акциясына 27 мың­нан аса облыс тұрғыны үлес қо­сып жатыр. Қалалар мен ауылдарды абат­тандыруға атсалысып жатқандардың ішінде түрлі кәсіпорын мен әлеуметтік мекемелердің 5 222 қызметкері бар екенін айта кеткен жөн. Іс-шара бас­талғалы бері өңірде 60 тарихи-мә­дени ескерткіштің маңайы қоқыстан тазартылып, 143 саябақ, 1 400-ге жете­ғабыл аула, 8 300 шаршы метр су жүйелері тазаланды.

Жергілікті атқарушы билік келт­ір­ген дерекке жүгінсек, өңір бойынша абаттандыру, көгалдандыру және сани­тарлық тазалау жұмыстарына қазы­надан 9,4 млрд теңге қаржы қарас­ты­рылған. Қазіргі кезге дейін 57 100 көшет егілген екен. 809,4 мың шақырым арық-атыз тазаланған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да сәтімен жалғасады.

«Президент тапсырмасы аясында қала инфрақұрылымын жақсарту үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы қалаларды лайықты және тартымды етіп ұстаудың маңызы зор екенін атап өткен еді. Осы орайда өңір халқы жұмылған жұды­рықтай бірігіп, экологиялық акцияға бел­сен­ділікпен қатысып жатқанын айта кеткен жөн», дейді өңір басшысы Е.Қарашөкеев.

Ресми дерекке сенсек, қазіргі кезде Тараз қаласындағы ағаштарды түген­деу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін қала бойынша ұтымды суару жүйесін қалыптастыру мақсатында арнайы дендрокарта жасалмақ.

 

Тараз