Еңбек • 30 Сәуір, 2024

Талап табысқа айналады

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеңес одағы «қайта құру» деп ұрандатып жатқан 1985 жыл еді. Жетпіс жыл елді билеген жүйені жаңартады деген әлеуметтік-экономикалық саясаттың соңы қайда апарып соғарын білмесе де, жұрт соған имандай сенді. Бірақ сол қайта құруыңыз­дан да қайран болмай, одақ іргесі сетіней бергені де есте. Дәл осы жылдары 6 баланың анасы Тогус Абдуллаева жа­ла­қы алып жүрген жұмысын тастап, құрылыс саласына келді.

Талап табысқа айналады

Теміржол саласының есеп-қисап жағында жүретін Тогус өз ортасына сыйлы маман болды. Бірақ жұмыстың да жайы күн санап кете бастаған еді. Екі ойлы болып жүрген күндердің бірінде қала іргесіндегі «Амангелді» кеңшарына мал қорасын дайындайтын жұмыс күші керек деген хабар құлағына тиген. Ақшасы қомақты болғанымен, кесімді мерзімде аяқтай алатынына сенімсіз жұрттың көбі тәуекелге бел байлай қоймаса керек. Мұны естіген Тогус бір сәт те кідірмеді, қаланың өзі тұратын Шанхай бөлігіндегі таныстарынан бригада жасақтап, жұмысты бас­тап кетті. Қазақта «Мың өнердің анасы – мұқтаждық» деген бар ғой. Алты баланың қамын ойлаған келіншектің талабы оңғарылып, содан бергі 40 жылда осы саланың нанын жеп келеді.

«Тоқсаныншы жылдары туыс­та­рымыздың көбі Шешенстанға көшті. Мені де талай үгіттеген. Бірақ туған жерімнен, ағайындай сыйласқан көршілерімнен ірге ажыратқым келмеді. Осы топы­рақ­қа жер ауып келген әке-шешемді бөтенсімеген, «ұлтың бөлек» деп өзімді сыртқа теппеген қазақтай бауырмал жұртты басқа ешқайдан таба алмайтынымды сездім», дейді Тогус Хамидқызы.

Талабы табысқа айналғанын көрген соң, балаларын да осы салаға бейімдеді. Қазір сол соқпаққа немерелер де түсіп, саладағы белгілі маманға айналып отыр. Құрылысшылар бригадасының жұмыссыз қалған кезі жоқ. Өзге облыстарға да шығып, тапсырыс­тар орындайды. Қызылордадағы құрылыс компаниялары салып жатқан үйлерін әрлеуге келгенде Тогус Хамидқызын іздейді. Қала­дағы мектептер мен әлеу­мет­тік нысандардың денін жөндеп шыққан осы бригада. Қазір об­лыстық жүйке аурулары ауру­ханасы ғимаратының сыртын әрлеп жатыр.

Осы салаға келгелі байқағаны – кәсіпте талаптан бөлек обал-сауапты да ұмытпау керек. Мысалы, қазір жөндеуден өткен көп ғимараттың сырты алты ай айналмай жатып алағаттанып түсіп қалады. Сон­дай жауапсыз жұмыстың кесі­рінен бүкіл құрылысшыларға сын айтылатын кез де аз емес. Әрлеу материалдарының құра­мын сақтамасаң, сылаған тұсың шаңытып тұрады. Жаңбыр суынан-ақ сыпырылып қалады. Астынан арнайы ерітінді жақпасаң, сылақ қабырғаға жұқпайтынын құры­лыс­тың әліппесін ашқан кез келген адам біледі. Бірақ  аз шығынмен көп пайда тапсам деген ашкөздік басым болып тұр.

«Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәр­тебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз», деген сөзі біздің қоғамдағы маңызды мәселеге дәл берілген баға болды.

Шынымен біз белуардан бейнет кешіп, осы қоғамның байлығын еселеп жүрген жандарды бағалауды ұмытып кеттік. Мысалы, қазір дамыған мемлекеттердің көбінде қара жұмыс істейтін адам жоқ. Өндірістегі жұмысты жеңілдету үшін түрлі технология ойлап тапқан талай ел егіннің арамшөбін отап, малының жем-суын беруге қыруар ақшаға сырттан адам жалдап отыр. Табыс іздеген қаншама жастарымыз сонда жүр. Олардың жағдайын жасап, өзімізде қал­дыр­масақ, болашақта біз де жаңағы мемлекеттердің кебін киеміз», дейді кәсіпкер.

Шешенстандағы бауырлары сан мәрте шақырғанымен де туған топырағын қимады. Қыздарын қазаққа ұзатып, бауырмал жұрт­пен байланысын бекіте түсті. Бүгінде құрылысшылар әуле­тінде 50-ге жуық жан Тогус Хамид­қы­зы­ның жолын қуыпты.

Осыдан 40 жыл бұрын нар­тәуекелмен басталған талапты тірлік бүгінде табысты арнаға айналып, ел дамуына үлес қосып келеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА