Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Алғыс арқалаған азамат

153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін еліміздегі этномәдени орталықтар өкілдерін марапаттады. Олардың қатарында «Ассамблея жастары» ұйымының Қарағанды аймағындағы басшысы Александр Урмашов та бар.

Алғыс арқалаған азамат

Президент Александрға қоғам­дағы бірлікті, келісімді сақтап, волон­тер­­лік қызметті дамытуға қос­қан үлесі мен белсенді азамат­тық ұстанымы үшін Алғыс жария­лады.

– Мемлекет басшысының алғысы – баршамызға айтылған алғыс. Бұл – ортақ жұмыстың нәтижесі. Алғысхатпен бірге Барыс белгішесін иелену бәріне бірдей бұйыра бермейтіні рас. Үлкен марапатты еңбекпен айналысатын барлық ҚХА еріктілеріне айтылған алғыс ретінде қабылдадым. Олар бүгінде көптеген әлеуметтік жобаға белсенді атсалысып жүр. Мәселен, бүгінде «Жүректен – жүрекке» акциясына әртүрлі жас­тағы адамдардан тұратын облыс Ассамблеясының 12 мыңнан астам еріктісі жиналды. Біз бұл бағыт­тағы жұмыстарды жалғас­тырамыз. Алдағы уақытта су тас­қынынан кейін жағдайы күрде­лен­ген құрылыстарды, мүлікті қалпына келтіріп, тұрғындарға үйлеріне оралуға көмектесу керек. Бес айда барлығына үлгеру міндеті тұр. Қысқа мерзімде мақсатқа жету жолында бізге бірігу керек, – дейді Александр Урмашов.

Президенттің қатысуымен өткен ҚХА сессиясы Александр Урмашовтың бірінші сапары емес. Жас белсенді «Ассамблея жастары» ұйымының жыл сайын өтетін сессияларына тұрақты қатысып, аймақ жастарының абыройын асқақтатып жүр.

Президент Ассамблеяның волонтерлік қызметі, «Жүректен – жүрекке», «Қайырымдылық керуені» секілді акцияларын атап өтіп, оған Қарағанды облы­сы­ның ҚХА өкілдігі белсенді қатысатынына ерекше тоқталды. Сондай-ақ Александр секілді ұстанымына берік азаматтардың жұмысына риза екенін жеткізді.

Александрдың айтуынша, Мемлекет басшысының алғысы секілді мәртебелі марапаттардың барлығы оған этносаралық қатынас­тар­ды, қоғамдағы бірлікті сақтауға және ҚХА жастар қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Белсенді қарағандылық бұған дейінгі пікірталас форматындағы Ассамблея сессияларында да қо­ғам­дағы бірлікті сақтауда өз пікі­рін айтумен көптен көзге түскен.

– Бірнеше жыл бұрын сессияны өткізу форматы өзгерді. Енді ол белгілі бағыттарға жауапты орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен панельдік пікірталас форматында өте бастады. Биыл да су тасқынына байланысты сессия форматы өзгертіліп, онлайн жүйеге ауыстырылды. Қ.Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккендердің өтемақы алатыны туралы сөздері ерекше есте қалды. Оларды қиын жағдайда қалдырмау өте маңызды. Мен Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары, Арқалық қаласында болып, зардап шеккендермен сөйлестім, мәселенің аса ауқымды екенін бағамдадым. Бұл туралы баяндамамда атап өттім. Ол жақта гуманитарлық көмек қабыл­дап, эвабекеттерге бардық. Ерікті­лер­дің бірігіп жұмыс істейтінін, отандастарымыздың қажетті кө­мекті жинап, солтүстікке жі­бе­ріп жатқанын көрдім. Ел мүддесі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бекер емес екеніне көзім жетті, – дейді А.Урмашов.

Алғыс арқалаған Александр басшылық ететін өңірдегі «Ассам­б­лея жастары» 2022 жылдың қаң­тарында құрылған. Бүгінде 6 негізгі бағытта жұмыс атқарады. Жас­тар­ды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында «Social Assembly» жобасы қолға алынған. Мұнда жас­тарды жұмысқа орналастыруға, білім алуларына жағдай жасауға басымдық беріледі. Екінші бағыт – «Бірлік тілі». Бұл бағытта Ассам­б­лея құрамындағы жастарға мем­лекеттік тілді үйретеді. Яғни жас­тар­ға қазақ тілін білу міндет­тел­ген. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тарихи жәдігерлердің сақталуына айрықша тоқталған еді. Қ.Тоқаевтың бастамасын қолдап, Ассамблея жастары «Ел мұрасы» деген бағытта жұмыстарын бас­тап кетті. Жастар Арқадағы тарихи орындар мен жәдігерлердің сақталуына өз үлестерін қосады. «Таза орта» бағытындағы еріктілер өңірдегі экологияны жақсарту және қоршаған ортаны сақтау үшін еңбек етеді. Жас буынның патриоттық рухын көтеру мақса­тында «Қасиетті парыз» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жас­тар­ды медиажобаларды жасауға үйрететін «Jastar media» жобасы да бар.

 

Қарағанды облысы