Аймақтар • 03 Мамыр, 2024

Масаншының мақтанышы

121 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қордай – өңірде халық ең тығыз орналасқан аудан. Қазір мұнда түрлі этнос өкілдері татулық туын көтеріп, бейбіт ғұмыр кешіп жатыр. Ауданда 160 мыңға жуық халық бар. Дерекке жүгінсек, жергілікті халықтың 32 пайыздан астамы – дүнгендер.

Масаншының мақтанышы

Жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен дүнген жұрты қазақы дәстүрді берік ұстанады. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін қазақ халқымен бірге тойлатып жататындары да бар. Ең бастысы, олардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгеруге талпынып, талаптанып жүр. Тіпті қазақ тілін бізден бір мысқал кем білмейтіндері де бар.

Әсіресе Масаншы ауылын мекендеген дүнген өкілдерінің басым көпшілігі мемлекеттік тілді бір кісідей меңгерген. Олар жергілікті ұлт өкілдерімен қазақ тілінде еркін тілдеседі. Солардың бірі – мемлекеттік тілді жергілікті мектеп оқушыларына да үйретіп, оқытып жүрген дүнген қызы Щехуар Мусарова.

Щехуардың айтуынша, мем­ле­кеттік тілге деген құрмет оның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуына ықпал еткен. Содан да болса керек, Масаншы ауылындағы мектепте 12 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүр.

«Әуелі Қордайдағы «Береке» коллед­жінде арнаулы орта білім алдым. Кейіннен Тараз қаласындағы бұрынғы Жамбыл гуманитарлық университетінде оқуымды жалғастырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі маманы атандым. Мен үшін оқу­шы­лармен жұмыс істеген өте қызық. Әр баланың бойында мем­лекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныс жоғары. Мұның өзі этнос өкілдерінің жергілікті халыққа деген құрметін айқындап тұрса керек. Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы №50 мектепте 5, 10-сынып оқушыларына, бас­тауыш сынып білім алушыларына сабақ беремін. Болашақ ұрпақтың санасына білім нәрін сеуіп жүргенімді мақтан тұтамын. Оқушыларымның қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мені кәдімгідей қанаттандырады. Сон­дықтан да бар білгенімді үйретуге күш саламын», дейді Щ.Мусарова.

Дүнген этносы көп шоғыр­лан­ған ауылда еңбек етіп жүрген ол бастапқыда тәлімгер ретінде жұмыс істепті. Кейіннен жергілікті балаларды қазақ тіліне баулу мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде іске кіріскен.

Қазақстан мен Қырғыз Рес­пуб­ликасының шекарасында тұрған Қордай ауданында қазақ халқынан кейін дүнген ұлтының өкілдері тығыз шоғырланған. Олар қазіргі кезде жергілікті ұлтпен біте қайнасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бірлік пен достықты, татулықты бәрінен биік қойған дүнгендердің қазақтарға деген құрметі бөлек.

«Мемлекет басшысы қазақ тілі болашақта этносаралық қатынас тіліне айналатынын айтты. Шыны керек, қазақ даласында дүниеге келіп, киелі топырағында өсіп-өнгеннен кейін мемлекеттік тілді білу парызым деп есептеймін. Өйткені қай қалаға барсақ та, қандай қызметке тәуелді болсақ та, қазақ тілін білуге тиіспіз. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, өз ойымызды айқын білдіруіміз керек. Бірлік бар жерде берекенің артатыны анық. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Татулық пен достық қай кезде де бәрінен биік тұрады. Жаны жайсаң азаматтар қоныстанған Жамбыл облысында бірлік пен берекелі тірліктің арқасында жанға жайлы ғұмыр кешіп жатырмыз. Достықтан асқан құндылық жоқ. Кез келген азамат осыны есінен шығармаса екен деген тілегім бар. Жұдырықтай жұмылған елдің бағындырмайтын белесі, алмайтын асуы болмайды», дейді Щ.Гусарова ағынан жарылып.

Масаншы ауылындағы мектепте еңбек ететін өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі бөлек. Олардың бірі жергілікті білім ордасында сабақ беріп жүрсе, енді бірі балабақшадағы дүнген балаларына мемлекеттік тілді үйретуден жалыққан емес.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы