Мәселе • 04 Мамыр, 2024

Шығынды өтеу өлшемі – әділеттілік

201 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің бірқатар өңірінде болған алапат су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын, оларға қаржылай көмек көрсетіліп, материалдық шығындары толық өтелетінін мәлімдегені белгілі. Ал Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар осы сын сағатта бекем бірлік көрсеткен халқымызбен бірлесіп, қарғын судың бетін қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр.

Шығынды өтеу өлшемі – әділеттілік

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Нәтижесінде, қазір бұрын-соңды бол­ма­ған су тасқынының қаупі сейіле бастады. Алайда оның ауыр зардаптарын жою оңайға соқпайтыны анық. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ескерілмеген түйткілді мәселелер де бар болып шықты. Мәселен, Петропавл қаласының қарғын су басқан Заречный шағын ауда­нының тұрғындары өткен сәуір айының басында тайлы-тұяғына дейін түгел эвакуацияланған еді. Олардың көпшілігі эвакуациялық пунктке орналастырылса, біразы пәтер жалдауға мәжбүр болды. Бірақ жұмыртқадан жүн қыр­­қатын пайдакүнем пәтер иелері жұрттың басына түскен қиын­дықты өз мүддесіне пайдаланып, жалдау ақысын ша­рықтатып жіберді. Сөйтіп, заречныйлықтардың қайсысы болсын уақытша тұрмыстық қо­лайсыздықтарды бастан өт­керіп, қосымша қыруар шы­ғынға да ұшырады. Ол аздай, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға мемлекет тарапынан берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алуға өтініш бергенде жергілікті шенеуніктердің алалауына тап болды. Нақты айтсақ, олар көпқабатты тұрғын үйлердің қарғын су кірген бірінші қабатында тұратын, тұрмыстық заттары бүлінген тұрғындарға ғана 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңге мөлшерінде ақшалай жәрдем көрсетіледі, ал мұндай өтемақы мүлкі зақым­данбаған 2-3-қабаттардағы пәтер­лердің иелеріне төленбейді деген көрінеді. Тіпті көппәтерлі үйлердің жоғарғы қабаттарында тұратын заречныйлықтардың қайсыбірінің біржолғы әлеу­меттік төлем алуға берген өті­ніш­терін қабылдамай тастап­ты. Бұған қоса олар су тасқы­ны­­нан зардап шеккендер тізі­міне енгізілмегендіктен, екін­ші деңгейлі банктер мен микро­қаржы ұйымдары бұрын алған кредиттерін төлеу мерзімін ұзар­тудан бас тартқан. Мұның өзі зареч­ный­лықтардың наразы­лығын туғызып, қала әкімі Серік Мұхамедиевке ұжымдық шағым жазуына тура келді. Ақыры қала билігі қарғын су басқан көппәтерлі үйлердің 2-3-қабаттарында тұ­ратын тұрғындарға да 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеу­меттік төлем төлеу туралы ше­шімге келді.

Шынтуайтында, эвакуация­лауға жатқызылғанымен, көп­пәтерлі тұрғын үйлердің жоғары қабаттарындағы пәтер­леріндегі мүлкі бүлінбеген аза­маттарға біржолғы әлеуметтік төлем тө­леу, оларды су тас­қы­нынан зар­дап шеккендер қатарына жат­қызу 2014 жылғы 11 сәуірде қа­былданған «Азаматтық қорғау ту­ралы» Заң мен Үкіметтің сол жылғы 19 желтоқсандағы қау­лысымен бекітілген Табиғи сипат­тағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен­дер­ге келтірілген зиянды (нұқ­санды) өтеу қағидаларында қарас­тырыл­маған.

Су тасқынынан зардап шек­кен азаматтардың басқа мұқ­таждықтары да аз емес екен. Пар­ламент Сенатының Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаты Әсем Рахметова жуыр­да Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, өңірлерде су тасқынынан зардап шеккендермен кездесулер барысында үйлері суда тұрған, өздері эвакуациялық пункттерде бас сауғалап жүрген жергілікті тұрғындар көтерген көкейкесті мәселелерді жеткізді. Оның айтуынша, қарғын судың кесірінен үйлері құлағандар немесе тұрғынжайларын су шайы­п кеткендер үшін материалдық шығынды дәлелдеу қиынға соғып отыр. Ал үйлерін, қора-жай­ла­рын салып алғанымен, олар­ды жыл­жымайтын мү­лік ретінде ресми тіркетіп үл­гермеген және саяжайларда тұрып жатқан адам­дар мемлекеттен берілетін материалдық көмектен қағыламыз ба деп алаңдаулы. Бұған қоса су басқан елді мекендердегі тұрғын үйлерді жалға алғандар біржол­ғы өтем­ақыға қол жеткізе алмай жүр. Тағы бір өзекті мәселе – есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілген біржолғы әлеуметтік төлем сомасын екінші деңгейлі банктер олардың алған кредиттерін төлеу үшін ұстап қалып жатыр. Осыған орай сенатор қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен то­лықтырулар енгізіп, су тасқыны кезінде толық жойы­лу немесе жоғалу себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес тұрғын үйге келтірілген залалды өтеу, гараж, шаруашылық құ­рылыстар, монша сияқты тұрғынжай емес ғимараттарға және жиһаз, тұрмыстық техника тәрізді мүлікке келтірілген зиянның орнын толтыру, саяжайларда тұратын азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлем төлеу тетіктерін әзірлеуді, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен жеке не мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтарға біржолғы өтемақы төлеу және олардың материалдық шығынын өтеу тәр­тібін айқындауды, төтенше жағдай кезінде екінші деңгейлі банктердегі шоттары бұғатталған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды.

Парламент Мәжілісінің Қос­танай облысынан сайланған депутаты Екатерина Смышляева Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жол­даған депутаттық сауалында қарғын су басқан үйлері бү­лініп, апаттық жағдайда тұрған от­басыларға баспана беруге әкім­діктердің тұрғын үй қорлары же­тіспейтіндіктен, олар жалдап тұрып жатқан пәтерлердің жалдау ақысын 50 пайыз мөлшерінде субсиядиялау туралы ұсыныс жасады. Мәжілісмен тағы бір өзекті мәселені көтеріп: «Қолданыстағы ереже бойынша қарғын су қайт­қаннан кейін тұрғын үйлер мен аулаларды санитарлық өң­деу олардың иелерінің есебі­нен жүр­гізілуге тиіс. Алайда бұл шара қымбат тұрады әрі оны тиіс­ті мамандар атқаруы қажет. Сон­дықтан санитарлық өңдеу жүр­гізу үшін бюджеттен қара­жат бөлу және бұл жұмысты маман­дандырылған ұйымдарға тапсыру қажет», деді.

Түйіндей айтсақ, мүдделі мемлекеттік органдар мен Парла­мент депутаттары биылғы алапат су тасқынынан тиісінше сабақ алып, азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік қолдау көр­сету туралы қолданыстағы заң­наманы жетілдіру мақсатында бірталай жұмыс атқаруы қажет. Әзірге жергілікті атқарушы органдар туындаған мәселелерді төтенше жағдай режіміне сәйкес шешіп жатыр.