Хромтау қаласында тұратын 100 жастағы майдангер В.Грецкий Белоруссияның Витебск облысы Полоцк қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болғанда, анасы шиеттей жеті баламен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қоныс аударған. Мойынқұм мектебінде оқуын аяқтап, мақта егістігінде жұмыс істеп жүргенінде соғыс басталады.
1942 жылдың қаңтарында Алматы қалалық әскери комиссариатына шақыртылып, алты ай әскери дайындықтан өткен соң алдыңғы шепке аттанады. І Украина және ІІІ Беларусь майдандарында 8-кавалериялық дивизия құрамында шайқасып, Польша, Чехияны азат етуге қатысып, 1945 жылы Жеңісті Берлин түбіндегі Ельцих қаласындағы әскери госпитальда қарсы алды. «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталып, елге оралған соң бейбіт еңбекке араласты. Әйелі екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір ғасыр жасаған ардагер алты немере мен он шөберенің атасы.
Мұрағаттағы құжаттарға сүйенсек, 1941 жылы 1 қаңтарда Ақтөбе облысында 335 мың 900 адам тұрған. Соғысқа 122 423 ақтөбелік шақырту алған. 36 192 жауынгер майданда қаза тапса, 86 231-і елге аман оралды, 17 368 сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті. Алайда соғыста із-түзсіз кеткендердің дерегі нақты емес.
Бірер күн бұрын ақтөбелік «Әлия» іздеу жасағы 1942 жылы Ақтөбеде құрылған 74-дербес теңіз атқыштар бригадасы жауынгерлері соғысқан Парфин ауданында қазба жұмыстарын жүргізуге Ресей Федерациясы Новгород облысына аттанды. Осы кезге дейін 1941 жылдың тамызында соғысқа жіберілген Ақтөбеден жасақталған 312-атқыштар бригадасының 5 мың жауынгерінің деректерін түгендеу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ 1942 жылдың күзінде басталған «Марс» операциясына қатысқан, Тверь облысының Оленин ауданында шайқасқан 101-ұлттық дербес атқыштар бригадасы жауынгерлерін іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облысы