Фото: oimaqnews.kz
Майдан даласында ерен ерлік көрсеткен қайсар қыздың өмір жолы туралы деректі фильмдер топтамасы бұған дейін түсірілгенімен, толықметражды көркем фильм алғаш рет көрерменге жол тартпақ. Жобаның режиссері елімізге танымал жас режиссер – Ален Ниязбеков. Ал фильмнің сценарийін мәскеулік журналист Алена Кулешова үш жыл көлемінде жазып шыққан.
– Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова майданға аттанғанда жасөспірім болды. Қолына қару алып, мергендік танытқан ол 78 жау әскерінің көзін жойып, Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бұл оқиға мәскеулік журналист Алена Кулешованы баурап алғаны соншалық, ол өмірінің үш жылын сценарий жазуға арнады. Мифтер мен аңыздардан бас тартып, өмірдің шынайы шындығын іздеді. Әлияны жақсы білетін адамдарды тауып, олармен тілдесті, – дейді фильмнің бас продюсері Александр Шухов.
Киногерлер жұмыс барысында ғылыми қауымдастық пен тарихшылардың да пікірі ескерілетінін, «Әлия» фильмі соғыс туралы емес, батылдық пен қайсарлықты бойға сіңірген қазақ қызының болмысына арналатынын атап өтті.
Алматыда журналистермен жүздескен шығармашылық топ өкілдері жобаға 900 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады деп жоспарланғанын, түсірілім жұмыстары ел аумағынан бөлек, Беларусь елінде өтуі мүмкін екенін жеткізді.
«Біз тек сенімді, сарапшылар растайтын және мойындайтын фактілерді қолдануды мақсат еттік, Мәскеу әскери мұрағаттарындағы жұмыс нәтижесінде драмалық материал үшін дәлелденген негіз жиналды. Туындыда Әлияның өскен ортасы, ата-анасы, туған жері туралы баяндалады. Аталған жоба өскелең ұрпақты отаншылдыққа, адалдыққа баулитын дүние болады деген үмітіміз мол. 9 мамырдан бастап жалпыұлттық кастинг өтеді. Басты рөлді сомдайтын актрисаны Қазақстан тұрғындары арасынан іздестіреміз. Әлияның образын ашатын 15-16 жастағы, бойы 150-155 см болатын қазақ қызына кең ауқымды ашық кастинг жариялаймыз», дейді режиссер Ален Ниязбеков.
АЛМАТЫ