Білім • 11 Мамыр, 2024

Негізгі ҰБТ 16 мамырда басталады

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Грантқа түсуге мүмкіндік беретін негізгі ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) бірінші мүмкіндігіне өтініштер қабылданып болды. Екінші мүмкіндігіне өтініштер 14 мамырға дейін қабылданады. Талапкерлер арасында «нағыз ҰБТ» аталып кеткен тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Бірақ су тасқынынан төтенше жағдай жарияланған өңірлерде тестілеуге тіркелу уақыты да, ҰБТ өткізу мерзімі де ұзартылды.

Негізгі ҰБТ 16 мамырда басталады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, төтенше жағдай жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты 20 мамырға дейін ұзартылды және ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2024 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып (екі сертификат та жарамды), ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және тапсыратын орнын өздері таңдайды. Алайда олар екі мүмкіндік үшін бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын таңдайды. Негізгі ҰБТ-ны 2024 жылғы мек­теп және колледж түлектері, мек­теп жә­не колледждің өткен жылғы тү­лек­тері, шетелде 11(12)-сынып бі­лім алушылары, қандастар, жо­ға­ры оқу орындарында шартты түр­де білім алушылар тапсыра алады.

Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға да­йындығын жақсарту мақ­сатында осыған дейін әр пән бойын­ша жеке тақырыптық тал­дау енгізіл­ді. Талдауда әр ҰБТ-дан кейін (қаң­тар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар бірінші мүм­кін­дікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындығын жақ­сар­та алады. Одан бөлек, онлайн бай­қау сынақтары іске қосылған.

Білім беру орталықтарымен бірлесіп ұйым­дастырылған тегін онлайн сабақ­тар жалғасып жатыр. Ал оқу жы­лының басында Ұлттық тестілеу орта­лығының сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізі­мі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.

Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейінді пәндер бойынша сұ­рақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейінді пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10, «Математикалық сауаттылықтан» 10 және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырма беріледі. Жоғары балл – 140, бұл да өзгеріссіз қалды. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.

Академиялық адалдықты қам­та­масыз ету мақ­сатында тест нұс­қалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Осыған қоса калькулятор, Химиялық элементтердің период­тық жүйесі мен тұздардың ері­гіштік кестесін компьютерде қол­дануына рұқсат. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы да беріледі.

Шекті ұпай да өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғы­лым­дар» бі­лім беру салалары үшін кемінде – 75, «Ден­саулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (ме­­ди­цина)» кемінде – 70, «Ауыл ша­руа­шылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде – 60 (ұлттық университеттер үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде – 65, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 ұпай жинау керек.

Тест тапсырушылар тестілеу аяқтал­ғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруіне болады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінен көре алады.