Шымкент • 11 Мамыр, 2024

Қос ардагерге пәтер кілтін тапсырды

97 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков соғыс арда­гер­лері Нина Мосунова мен Мұ­раталы Төлепбергенге Жеңіс кү­н­іне орай пәтер кілтін тапсырды.

Қос ардагерге пәтер кілтін тапсырды

Н.Мосунова биыл 100 жасқа толды. Ардагер соғыста радист болған. М.Тө­леп­берген ақсақал Польша, Германия жерінде шайқасқан. Ерлігіне сай «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» ордендерімен марапатталған.

Ардагерлермен бірге «Даңқ» мемо­риа­лындағы «Мәңгілік алау» мону­мен­тіне гүл шоқтарын қойып, құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алған қала әкімі майдангерлерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтаухатын оқып берді.

«Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен ты­ныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайт­пай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл арда­герлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», делінген Президент құттықтауында.

Сондай-ақ шаһар басшысы өз атынан да майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады. «9 мамыр – Жеңіс күні баршамыз үшін үлкен мереке. Бұл күні бейбіт аспан астындағы бүгінгідей мамыражай өмір сыйлаған батырларға құрмет көрсетеміз. Өйткені біз Жеңіс­тің құндылығын ешқашан ұмыт­паймыз және бостандық үшін қаза тап­қан батырлардың жарқын бей­несі әрдайым жадымызда қалады. Сіздер­дің бойларыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық – болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі», деді әкім.

Осылайша, мегаполис басшысы соғыс кезіндегі аталарымыздың ерліктері мен еңбектері өскелең ұрпақ үшін қайсарлық, жанқиярлық пен отаншылдықтың жарқын мысалы екенін атап өтті.

Өз кезегінде құрмет көрсетіп, шексіз ілтипатқа бөлеген қала басшы­лығына ғасыр жасаған майдангерлер разылығын айтып, алғысын жеткізді.

«Көргеніміз тек жақсылық болсын. Мұндай соғыстың бетін құдайым енді аулақ қылсын. Жастар өсіп-өнсін. Ұрпағымыз аман болсын. Еліміз дамып, гүлдене берсін. Халқымыз мәңгі жасасын», деп Мұраталы Төлепберген ақсақал батасын берді.

Бұл күні ерлерге тағзым көрсету үшін қаланың барлық тұрғыны «Даңқ» мемориалына жиналды. Сол азаматтардың ішінде отставкадағы пол­ковник, Шымкенттегі қарулы күш­тер ардагерлері ұйымының же­текшісі Серікбай Оңбаев Жеңіс күні мерекесі іс-шарасының маңыздылығы жөнінде айтып берді.

«Былтыр қаламызда соғысқа қа­тысқан 9 ардагеріміз бар еді. Өкі­нішке қарай, олардың қатары жылдан-жыл­ға сиреп барады. Биыл көзі тірі екі майдангерімізді ардақтадық. Оларға қала басшылығы тарапынан пәтер кілттерін табыстауы – өте қуанышты жағ­дай. Ескерткіш маңайында ине шан­шар жер жоқ. Барлығы аталарын еске алуға келген. Осыдан-ақ мере­кенің маңыздылығын білуге болады. Бір қуанарлығы, ардагерлерге елімізде барлық жағдай жасалып жатыр. Мәселен, мамырдан бастап Шымкентте 70-тен асқан зейнеткерлер автобуста тегін жүре бастады. Бұл да болса – үлкен көмек. Одан бөлек, ақпан айында Ауған жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне 210 мың теңге сыйақы табысталды. Одан бөлек, желтоқсаншыларға, Таулы Қарабақ қақтығысы, тәжік-ауған шекарасын күзеткен, Чернобыль апаты, Семей сынақ ардагерлеріне де әлеуметтік көмек беріліп келеді. Қарулы күштер ардагерлері ұйымының негізгі міндетіне өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, ел қор­ғауға даярлау, соның аясында түрлі іс-шара өткізу жұмыстары кіреді. Шымкентте 272 орта мектеп, 39 колледж, онға жуық жоғары оқу орны бар. Осы аталған білім ұйымдарының барлығында әскери-патриоттық іс-ша­ра өткі­зіледі. Күн сайын мектеп-кол­ледждерде ерлік сабақ­тарын ұйым­дастырып отырамыз», деді С.Оңбаев.

Ардагерлері ұйымы жетекшісінің айтуынша, биыл Шымкентте есімі орта мектепке берілген Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жыл­ды­ғы аталып өтіледі. Соған орай батыр­ға ескерткіш орнатылмақ. Бұдан бөлек, қоғамдық бірлестіктің ұйытқы болуымен №53 мектепке армия генералы, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың аты беріліп, мектеп ішінен батырға арналып музей ашылды.

«Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойған Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов депутаттар корпусы арда­герлерге қамқорлық жасау бағы­тында жұмыс жүргізе беретінін жеткізді. Ол сондай-ақ қала әкімінің ұсынысымен мәслихат депутаттары арнайы сессия өткізіп, қос ардагерге 2 млн теңгеден бір реттік сыйақы табысталғанын атап өтті. Жеңіс күні мерекесі қарсаңында депутаттар әр майдангердің шаңырағына бас сұғып, оларды құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Б.Нарымбетовтің ай­туынша, ардагерлерге қанша қам­қорлық жасалса да көптік етпейді. Өйт­кені олар әлемді фашизмнен құт­қарды. Сондықтан соғыс, тыл арда­герле­рінің еңбегін өскелең ұрпақ ұмыт­пау керегін еске салды.

«Біз – жеңімпаздар ұрпағының өкіліміз. Сонымен мақтануымыз керек. Соғыста қаһармандық көрсеткен аталарымыздың батырлығы бізге әрдайым үлгі-өнеге болуға тиіс. Осы аталар ерлігін бүгінгі ұрпақтың санасына мықтап бекітуіміз керек. Ол үшін меніңше, идеологиялық мақсаттағы жұмыстарды күшейтіп, тиісті жоба-бағыттарды қайта айқын­дау керек. Жеңіс бұл тек мақтану үшін емес, содан сабақ алып, тарихта мұн­дай сұмдықтың қайталанбауына жол бермеу үшін де керек», деді Б.Нарымбетов.

Биыл сонымен бірге Шымкентте соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға да 166 мың теңгеден бір реттік сыйақы төленді. Бұған дейін оның көлемі 132 мың теңге болатын. Бұдан бөлек, шаһарда тұрып жатқан тыл еңбеккерлеріне де материалдық кө­мектер көрсетіліп келеді. Айталық өткен жылы оларға 41 400 теңге сыйақы беріл­се, биыл бұл қаражат сомасы 55 380
теңгеге ұлғайтылды.

 

ШЫМКЕНТ