Ноттингем университетінің профессоры қызметін атқарып жүрген жерлесіміздің мысалынан елдегі мамандарға деген құрметті аңғаруға болады. Аталған жоғары оқу орны өз елінде мамандығы бойынша қызмет таппаған оқытушы-ғалымды жұмысқа бірден қабылдаған. Осы себеппен үш жыл бұрын кәрі құрлыққа қоныс аударған. Білім берумен қатар Ұлыбританияның ғылымына да айтарлықтай үлес қосып жүр. Қазақстандағы бірқатар университеттің есігін қағып, мардымды жұмыс таппаған соң, шетелге кеткен.
Сонда шетелге қажет болған маман өз елімізге керек емес пе? Әлде білікті кадрлардың қадір-қабілетін бағамдай алмаймыз ба?
Мұндағы қазақ отбасылардың бірқатары біржола осы елде тұрақтауға бел буған, өйткені баспана, көлік сатып алып, тірлік етіп жатыр. Тұрақтаған қаланың орталық ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейтін екінші жерлесіміз жалақысының жоғары екенін айтып, елге оралғысы жоқ. Оның үстіне ғылыммен айналысуға уақыты мен мүмкіндігінің барын алға тартты.
Біздің қоғамның сана-сезімінде қалыптасып қалған тағы бір қағида бар, ол – шетелдік мамандарға сену. Өзіміздің мамандарға қимаған жоғары жалақыны шетел кадрларына он есе деңгейінде төлейміз. Олардың істейтін жұмысын өзіміз он орап әкететінімізге сенімсіздікпен қараймыз.
1993 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің жетекші оқу орындарында 15 мыңнан аса адам білім алып, шетел ғылымының сырына қанықты. «Болашақтың» бір мақсаты – өзге елден маман тартуды тоқтату, өз азаматтарымызды шетелден оқытып, шетел мамандарының орнын басу емес пе еді? Әлі де өзге мемлекеттерден маман тарту жүйесі тоқтаған жоқ. Оларды шақырған соң баспанамен қамтып, жоғары жалақы төлеу қажет. Қазақстанға келіп-кетуі, күнделікті іссапар шығындары да елдегі мекеменің есебінен төленеді. Яғни шетелден келген маманға берілетін жалақыдан бөлек, қосымша төленетін қаражат бар. Өзіміздің мамандар қанша жерден әлемнің жетекші оқу орындарында оқып келсе де, сол шетел маманының айлығын алмайды. Диплом бірдей, білім бірдей. Өйткені «шақыртылған» маман атымен «шақыртылмағанның» арасында айырмашылық бар. Бұл мәселені еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы айтып келеді, әзірге нәтиже жоқ. Еңбек кодексіне сәйкес жалақыда айырмашылық болмауға тиіс. Алайда шетелдік азаматтар келісімшарт негізінде еңбек ететіндіктен, бұл құжатта көрсетілген жалақы мөлшері құпия түрінде сақталады.
Статистикаға тоқталсақ, биыл 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 12 882 шетел азаматы еңбек етеді. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 565 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 671 рұқсат (екінші санат) санаттары бар. Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 871 және 595 адам.
Күні кеше бірқатар аймақтағы су тасқынын болжай алмай, одан шығар жол таба алмаған билік ғалымдардың көмегіне зәру екенін мойындады. Президент ақыры шетелге кеткен ғалымдарды қайтару керек деп мәлімдеді. «Өзімізді емес, өзгені жарылқаймыз» деп жүргенде, ғалымдардың жетіспеушілігін сезіндік. АҚШ-қа қоныс аударған математик-ғалым Уәлбай Өмірбаев отандық баспасөздің біріне берген сұхбатында «НУ мен ҚБТУ-да болмаса, көп ЖОО-ларда ғалымға жағдай жасалмаған. Өйткені министрлікте отырғандардың, шенеуніктердің ішінде ғылым адамы жоқ. Олар ЖОО-лардағы профессорлардың жағдайын мүлде түсінбейді», деген еді журналистерге берген сұхбатында. Сонымен қатар ол мемлекеттік органдар ғалымдарды құжатпен жүгіртіп қоятынын алға тартты. «Ғалым құжатпен жүгіре ме? Ақша іздей ме? Әлде зерттеумен айналыса ма? Өкініштісі, осындай бюрократиялық, түсініксіз жүйеден жақын арада құтыла алмайтын секілдіміз. Ал дамыған елдерде шенеуніктер бұлай ғылымға кедергі келтірмейді», деді ғалым. Өз ғалымдарымыз шетел асып, Абайдың сөзімен айтсақ, «Білгенімді кімге айтамын, білмегенімді кімнен сұраймын» болып қалмайық.