Қоғам • 11 Мамыр, 2024

Отандық сарапшы Президент Жарлығына қатысты пікір білдірді

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіз сарапшы Рустам Жүрсінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 8 мамырдағы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» №542 Жарлығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық сарапшы Президент Жарлығына қатысты пікір білдірді

Фото: Р. Жүрсінов.

Сарапшының айтуынша, Жарлық кәсіпкерлік бағытта еркіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақыттағы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды.

«Ел Президентінің Жарлығы – мемлекеттің экономикаға араласуын азайту және бәсекелестікті ынталандыру жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар Жарлық ұлттық стандарттар бойынша жобалық құжаттаманы міндетті түрде әзірлемей-ақ, құрылыс үшін халықаралық стандарттарды пайдалану мүмкіндігін береді, сондай-ақ бизнес құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл дегеніміз – елдегі жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосымша серпін беретіні анық», дейді Рустам Жүрсінов.

Тәуелсіз сарапшы соңғы екі жыл ішінде Бизнес-омбудсмен кеңсесі Үкіметпен бірлесіп «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізгенін, 10 мыңнан астам ескірген және артық талаптар жойылғанын атап өтті.

«Бұл ретте Жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, оның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыруға, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу жолымен бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок болғаны қуантады», дейді Р.Жүрсінов.

Сарапшы аталған Жарлықты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және қолайлы кәсіпкерлік ахуал жасауға бағытталған елдің экономикалық саясатының маңызды аспектісі деп бағалап отыр.