13 Қаңтар, 2015

«Жыл құстары келгенде»

1038 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
IMG_9093

Сұлтан Қалиұлының «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітабы осылай аталады

Сұлтан Қалиұлы – балалар ақыны. Балалар ақыны болғанда да шығармашылық шабыттың аптабына күйіп, аязына тоңған 47 жылда ұтқыр ұйқастарға, тың теңеулерге толы көркем сөзбен кестелей, өміршең өлеңдерімен өрнектей өндіре жазып, өзін­­дік қолтаңбасымен жас оқыр­манның жүрегіне даңғыл жол салған көрнекті қаламгер. Жалпы, балалар табиғаттың көріністерін, пейзажды шебер суреттегенді ұнатады. Пейзаждық сурет – эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі. Баланы талғампаздыққа, әдемілікке тәрбиелейді. Балалар әдебиеті оларды еңбекке, ғылымға, әртүрлі мамандыққа еліктіріп, үлкен істерді орындауға дайындай білуді, соған әуестендіруді көздейді. Балалар әдебиетінің тілі жеңіл, көркем, түсінікті, айқын әрі әсерлі болуы тиіс. Міне, осы жоғарыда екшелген ерекше­ліктердің толыққанды орындалуына Сұлтан Қалиұлының жоғарыда аты аталған «Жыл құстары келгенде» атты жаңа жинағы жарқын дәлел. Мысалы, «Ата өсиеті» атты тақырыппен берілген тізгінқағар өлеңді оқып көрелік: Тәуелсіздік – төріңде, Нұр құяды көңілге. О, жас ұлан, Еліңнің Ертеңі үшін ерінбе!   Жақсы оқып, білім ал, Саналылар ұғынар: Жастайынан білімді Болып өскен ұлылар. Бұл егіз шумақтан оқушы­сы ерінбей еңбек етуді, қиындықпен күресе білуді, оқуға зейін қою­дың қажеттілігін терең түйсіне түсері хақ. «Қазақстаным» «Ата Заң», «Астана – символдар қаласы», «Менің елім», «Қазақстан жалауы», «Елтаңбасы елімнің», «Ата-баба жолдары» атты жырлары жас буынның сана-сезімін ширатып, ақыл-ойын байытып, адамгершілікке, патриотизмге, отансүйгіштікке баулып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге құрылған мәйекті туындылар. Дара тақырыпқа шоғырлан­дырылмағанмен, ара-тұра кез­де­сетін мектеп сахнасына ла­йық­талған шағын сценарий­лері, Әсет Бейсеуов, Бейбіт Дәлденбаев, Раушан Қали, Темір Тайбеков, т.б. композиторлар арнайы ән шығарған өлеңдері, санамақтары мен жұмбақтары, жаңылтпаштары, ертегілері, термелері, поэмалары 7 жастан 18 жасқа дейінгі оқырманын қанша мәрте қайталап оқыса да, еш жалықтырмайды. Өйткені, мұнда бірде-бір жалаң, шалаң шығарма жоқ. «Бақыт құсы» деп аталатын ертегі күллі поэтикалық дү­ние­лердің ішіндегі қарасөзбен жазылған жалғыз шығарма. Бұл балалар әдебиетінің биік талаптарын бағындыра білген Сұлтан Қалиұлының әдемі классикалық ертегі десек, асырып айтқандық емес. Бар болғаны төрт-ақ беттен тұрады. Ісі атына сай емес, сабақ үлгерімі нашар, «екілік» алудан көз ашпайтын, өзінен кішілерге де, құрдастарына да жұғы­мы жоқ, тәртіпсіз, жұрт­тың бәрі оған тыжырына қарайтын Азамат деген баланың бірде ойға қалып, сабақта озат, жұрт сүйсініп жүретіндей бала болғысы келеді. Бірақ қанша тырысса да үйреніп қалған әдет-дағдыларынан, жан «досына» айналған жалқаулығынан арыла алмай: «Не деген бақытсыз едім. Шіркін-ай, ертегілердегідей бақыт құсын басыма қондырып алсам сабағым да, әдет-дағды, мінез-құлқым да өзінен-өзі жөнделіп жүре берер еді ғой», деп бақыт құсын табуға әрекет жасайды. Зообаққа барып, әрбір аң-құстан сұрастырса «Көрген емеспін, кездестірген емеспін» деген мардымсыз жауап алады. Ал аң патшасы арыстан болса: «Бақыт құсы саған неге керек? Мен құсап темір тордың ішінде тұрған жоқсың. Қол-аяғың бос. Не істеймін десең де, ерік өзіңде. Бақыт деген сол емес пе? Е... сенің ойыңды білдім. Бақыт құсын басыңа қондырып, оңай олжаға кенелмек екенсің ғой. Кет бұл арадан, кет көзіме көрінбей! Бесіктен белің шықпай жатып, басыңа не күн туды сонша?!» деп қатты кейиді. Азамат арыстанның сөзін көңіліне ауыр алса да, зоодү­кенге соғады. Құстардың небірін көреді. «Бақыт құсы бар ма араларыңда?» – деп әрқайсысынан сыбырлап сұраса, бәрі де үн қатпай сырт айналады. Шеткі торда отырған имек тұмсық тоты ғана: «Жоқ, – деп алып, басын бұрып, оң жағындағы көршісін қас-қабағымен ымдайды. Азамат түсіне қояды да соны сатып алып, үйіне әкеледі. Оған айрықша күтім жасауға кіріседі. «Таңертең Азамат бақыт құсының сайраған дауысынан оянады. Тұра салып, жем бергісі келсе, кешегі қойған жемі сол қалпымен тұр екен. «Қап, бұл аштан өлмесе жарар еді, әлде жем ұнамай ма? Басқа не берсем екен?» деп әбігер болады Азамат. Бақыт құсы не берсе де жемей қояды. Не істерін білмеген ол енді әжесіне келіп кеңес сұрайды: – Кітапханадан құстар туралы кітаптарды алып, іздестірші. Қандай жем жейтіні біреуінде болмаса, біреуінде жазылған шығар, – деп әжесі ақыл береді. Содан Азамат талай-талай кітаптарды әкеліп, құстың қасын­да отырып, оқи бастайды. Дауыстап оқыса, бақыт құсының тыңдағанын аңғарады. Сөйтсе, ол кітапты өте жақсы көреді екен. Кітаптағы суреттерді көр­сетсе, одан сайын қуаныпты. Құсының көңілін көтеруді мақсат тұтқан Азамат жазғы демалыс аяқталғанша оған өзінің барлық оқулығын, сонымен қоса, кітапханадан алған кітаптарын да оқып береді. Сол кітаптардың бірінде құсының қандай жемді сүйсіне жейтіні де жазылыпты. Күзде сабаққа барғанда, Азамат мұғалімдерді таң-тамаша қылдырады. Қай пәннен сұраса да, сайрай жөнеледі. Содан жұрт оны «Азамат десе, азамат-ау, болсаң, Азаматтай бол!» деп өзгелерге үлгі тұтатынды шығарыпты. Азамат мақсатына осылай жеткен екен». Меніңше, жоғарыда тілге тиек етілген ертегіні жұмыр жердің қай халқының тіліне аударса да оқырманның ойынан отау тігіп, көңіліне қонақтай кететін пәлсапалық пафостағы шымыр шығарма. Балаларға ойлау қабілетін арттыратын да алуан түрлі ойын керек. Жұмбақтар мен жаңылтпаштар да сондай ойын­дардың қатарында. Мұндай дүниелер ақын туындыларын да көптеп кездеседі. Орыс балалар әдебиетінің классик ақыны Самуил Маршак өзінің сюжетке құрып жазған өлеңдерін «Рассказы в стихах» деп атайтыны бар. Бізде кейбір қаламгерлер ондай өлеңдерге «баллада» деп айдар тағады. Меніңше, оған келісуге болмайды. Балладаның табиғаты мүлде бөлек. Ал «баллада» деген атау бізге орыс әдебиетінен келіп отыр. Бізде әзірше балаларға арналған сюжетті өлеңдерге лайықты жанр атауы табылмай жатқан сияқты. Сұлтекең кезінде қызыға оқып жүріп Маршакқа көп еліктеді ме екен, кітабында сюжетке құрылған ұзақты-қысқалы өлеңдері өте көп. «Жаңа жыл кешінде», «Інім», «Ойын түбі», «Өзіме де сол керек», «Лаң», «Конкурс», «Боран», «Ақын жүрегі», «Алдар мен шайтан», «Тоғайда» тағы басқа өлеңдері қызықты да тартымды. Шәкірттерге берер тағылымы да ұшан-теңіз. Жем шашсам күнде, күн ара Тауықтар әбден тояды. Мен жасап берген ұяға Жұмыртқа салып қояды. («Сыйға – сый...»)   Ән салмай, шырқамай Отырған мұнда құс жоқ тегі. Мен білсем, Бұл тоғай – Ән салғыш құстардың мектебі. («Тоғай»)   Добымыз біздің ғажап доп, Қуамыз күнде жақ-жақ боп. Ол зулап, жүйткіп, зыр қағып, Жеңіске бізді жүр баулып. («Футбол») сияқты бір шумақты, екі шу­мақты өлеңдері де жеткілікті. Кітап «Жаңарған қазақ елі» деген бөліммен ашылып, ол бөлімде жас ұрпаққа тәрбие беретін егемен еліміздің ертеңі үшін олардың терең білім алу керектігі, мемлекеттің Ата Заңы, Отанымыздың жүрегі – Ас­тана туралы, еліміздің Жалауы, Елтаңбасы, ата-баба­ларымыздың қайдан шыққаны, ғарышкерлеріміз, жас түлек­тер жыры тәрізді өлеңдер топ­тастырылған. Одан кейінгі «Жыл он екі ай» атты бөлім бір жыл ішіндегі әр ай туралы бір-бір шумақ өлеңмен ашылып, жылдың төрт мезгілі: қыс, көктем, жаз, күзінің әрқайсысындағы мерекелер мен қызықты оқиғалар туралы өлеңдер, өлеңмен жазылған сценарийлер, ойнақы ойындар беріліп отырған. Кітаптың соңы «Ертегілер елінде» бөлімінде берілген екі ертегімен аяқталған. Жинақтың құрылымы туралы әңгімелеп отырғанымыз – бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына мерекелерге қажетті дүниелердің көпшілігін осы топтамадан табуға болатынын мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға құлаққағыс ету. Сонымен, егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баршамызды өмірдегі күллі қиын­шы­лықтарды ерік-жігер­мен жеңуге, мобильді, муль­тиме­диялық, нано және ғарыш­тық технологияларды жетік мең­геруге, халықтық мақ­сат­тардың мінсіз орындалуына ат­салысуға шақыруына ақын, аудармашы, публицист, жазушы Сұлтан Қалиұлының өскелең ұрпақтың тілін ұстартып, сөздік қорын байытуға, мейірімділікке, қайырымдылыққа, намыс­қой­­лыққа, арманшылдыққа, өнер-білімге, талғампаздыққа, сауат­тылыққа, ынсапқойлыққа жете­лейтін осы «Атамұра» бас­пасы­нан шыққан «Жыл құстары келгенде» атты кітабы лайықты үлес болып қосылар деген ойдамыз. Кітаптың тұсауы кесілді. Қазақ әдебиетінің «Қазақ балалар әде­биеті» саласындағы шұрайлы шы­ғар­малардың шоғыры әмісе осы­лай шоқтықтана, шұғы­лалана берсін. Ұлан ОСПАНБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. АЛМАТЫ.