Экология • 13 Мамыр, 2024

Экологиялық талап сақталуы керек

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласында Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтіп, Ұлытау облысының экологиялық және энергетикалық мәселелерін шешу жолдары талқыланды.

Экологиялық талап сақталуы керек

Комитет төрағасы Еділ Жаң­быршин бастаған көшпелі отырысқа қатысушылар облыс орталығы мен Сәтбаев қаласындағы бір­қатар нысанды аралап көрді, жергілікті жердегі эко­логиялық ахуалмен жете танысуға ұмтылды.

Ал аймақтағы экологиялық жағдай – алаңдатарлық күйде. Кейінгі кезде өңір халқының арасында онкологиялық ауру­лардың көбейіп кеткені бекер болмаса керек. Ауаның ластануына қоса ауызсудың сапасы, әсіресе Жез­қаз­ған қаласында мүлдем сын кө­термейді. Жезқазғандық қоғам бел­сенділері бұл мәселеге биліктің назарын аудару мақсатында Жез­қазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын «Экологиялық апат аймағы» деп жария­лау жөнінде ұсыныс білдірген еді. Осы талаптың нәтижесінде «Экосервис-С» ЖШС Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі онкологиялық аурулардың себептерін зерттеу­мен айналысып жатыр. Бұл мекеме зерттеу жұмыстарын ал­дағы қазан айында аяқтайды. Өкі­нішке қарай, Жаңаарқа ауда­нында мұндай мақсаттағы зерттеу жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл – жергілікті биліктің тарапынан жіберілген ағаттық. Әйтпесе, Жаңаарқа өңірінде де түйінді мәселелер жеткілікті. Басқасын айтпағанда, Жаңаарқаға бір емес, екі рет зымыран құ­лап, гептил төгілгені белгілі. Об­­лыстың Қара­жал қаласы мен Жәй­рем кентінің тұрғындары халыққа жетімсіздік туындап жатқанда «Казцинк ЖГОК» зауытының өндіріс қажетіне ауызсуды пайдалануына наразылық білдіріп жүр. Кәріз суларының өзен, көл­дерге құйылуы, облыс тер­риториясындағы суқой­ма­ла­ры­ның ластануы және басқа мәселелер көшпелі отырыста жан-жақты сөз болды.

Көшпелі отырыс кезінде Мәжіліс депутаттары, партия­лардың өкілдері, еңбек арда­герлері, қоғам белсенділері жи­ынға қатысқан Үкімет мүше-л­е­ріне, облыс пен ірі өндіріс басшыларына өзекті сұрақ­тарын қойып, ұсыныстарын жет­кізді. Қоғам белсенділері тарапынан ай­мақтағы алпауыт кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-ның атына көп сын айтылды. Олардың айтуын­ша, аймақта алаңдатарлық ахуалдың қалыптасуы – корпо­рацияның экологиялық талаптарды сақтамауының салдары, «Қазақмыс» өз міндеттемелерін орындауға салғырт қарауы. Бұл – бір ғана мысал. Үкімет 2022 жылғы 4 қарашада Ұлытау облысын әлеу­меттік-экономикалық дамы­тудың 2022-2026 жылдарға арналған кешен­ді жоспарын бекіту туралы №871 қау­лы қабылдаған еді. Осы қаулының «Жы­лумен жабдықтау» деп аталатын бө­лігінің 48-тармағында Сәтбаев қаласында қосымша 5-қазандықты орнатып, №1 жылу стансасын жаңғыртудың орындалу мерзімі 2024 жыл деп көрсетілген. Былтыр Сәтбаев қаласы қазандығынан будақтаған қара түтін қаланы алты ай бойы күлге көміп тас­тады. Бұған ешкім жауап берген де емес. 5-қазандық салу, жаңғырту жұмыстары да жүргізілген жоқ. Соған қара­ғанда «Қазақмыс» Үкімет бекіткен кешенді жос­­пардағы өздеріне алған міндетте­ме­ле­рін есінен шығарып алған да болуы мүмкін.

Жиынды қорытындылаған Е.Жаң­быршин белсенділік танытқан бар­ша азаматқа алғы­сын айтып, көпшілік­тің пікірі аяқсыз қалмайтынына сендірді.

– Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бір демде шешу мүмкін емес, бірақ кейінге ысыра беруге де болмайды. Біз мұны Жезқазған жерінде болып екі күнде көзімізбен көріп, жанымызбен сезіндік. Мыс ордасының кетеуі кеткен күйін көріп, кө­ңіліміз құлазыды, жүрегіміз ауырды. Сондықтан мүмкіндігінше қолдау, көмек көрсету – міндетіміз, – деді ол.

 

Ұлытау облысы