Қазақстан • 14 Мамыр, 2024

Алматыда Орталық Азия сауда форумы басталды

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 13-ші Орталық Азия сауда форумы «Сауда интеграциясы: жаһандық даму» тақырыбында өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда Орталық Азия сауда форумы басталды

Фото: Еламан Турысбеков/ Kazinform

Форумды АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) өткізеді. Бұл ынтымақтастықты, кәсіпкерлікті және сауда саясатын ілгерілетуге бағытталған аймақтың жетекші сауда іс-шараларының бірі.

Алматы қаласына Орталық Азиядағы сауданы дамыту мүмкіндіктерін зерттеу үшін Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен 300-ден астам бизнес пен үкімет өкілдері жиналды. Форум отырыстарында цифрландыру, көлік, логистика, процедураларды үйлестіру, сауданы реттеу, дүниежүзілік сауда ұйымының стандарттары, сондай-ақ Орталық Азиядағы сауданың дамуына кедергі келтіретін факторларды талқылау үшін сессиялар ұйымдастырылды.

«Біз он жылдан астам уақыт бұрын сауда ынтымақтастығын арттыру тұрақты, гүлденген және өзара байланысты Орталық Азияны құра алады деген сеніммен дүниеге келген осы форумды қолдайтынымызды мақтан тұтамыз», деді Вашингтон қаласынан келген USAID әкімші көмекшісінің аға орынбасары Зейнах Салахи.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев форумның басты міндеті аймақтағы мүмкіндіктер мен проблемаларды ашық диалогта бағалау екенін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Орталық Азия елдері теңізге шыға алмайтындықтан, аймақішілік сауда үлкен рөл атқарады. Сауда – кез келген елдің экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Мұнда қатысушылар сауданы, инфрақұрылымды, электронды коммерцияны талқылайды, сонымен қатар елдер бойынша белгілі бір тақырыптық сессиялар бар», деді Қайрат Төребаев.

Орталық Азия сауда министрліктері  құны 32 миллион доллардан асатын келісімшарттарға қол қоюға ықпал етті, сондай-ақ іс-шараға 25 елден 10 мыңнан астам мемлекеттік және коммерциялық құрылымдардың өкілдері қатысты.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті