Ғылым • 15 Мамыр, 2024

Қасиетті топыраққа қызмет

626 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқымыз «Білім – инемен құдық қазғандай» дейді. ХІ–ХІІ ғасырда өмір сүрген ғұламалар Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, т.б. еңбектерін сол кездегі туған жұртына жақын тілмен жазудағы мақсаты – өздері жақсы меңгерген араб тілін сыйлай отырып, түркі ғылыми тілінің мәртебесін көтеру еді. Бірде академик-математик Мұхтарбай Өтелбаев жиылған зиялы қауым алдында: «Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, сонан кейін ғалыммын. Ата-бабамның аруағын сыйламасам, мыңдаған жыл өмір сүрген ана тілімде сөйлемесем, ата салтымды сақтамасам, мен ешкім емеспін», деп ой айтқаны жадымызда.

Қасиетті топыраққа қызмет

Біз бүгін отандық топырақтану ғылымының сирек кездесетін елшіл ғалымы туралы сөз еткелі отырмыз. Ол – aуылшaруaшылық ғылымдaрының докторы, профессор, Халықаралық Экология академиясының aкaдемигі, біртуар топырақтанушы, қоғам қайраткері марқұм Есбол Жaмaлбек.

Алматының байырғы зиялылары Есекеңді біршама жақсы біледі. Ғылым академиясының Топырақтану институты, Қазақ ауылшаруашылығы институты, Қазақ мемлекеттік университеті – Есбол Үсімбекұлы едәуір танылған, еңбегі бағаланған орындар. Өзі де сол ғылым-білім ордаларына аянбай еңбек сіңірді.

Білім алушылармен кездескенде немесе таңдаулы дәрістерінің кіріспесінде тамаша екі пікір айтатыны есімізде қалыпты. Біріншісі – «Барлық ғылымның бастауы – «Бұл неге мұндай?» деген қа­рапайым сұрақ». Екіншісі – «Адам ойын­да шектеу мен шекара жоқ. Ғалымның ойы – адамзаттың асыл ойының ұшқыны. Ғылымға шын берілген адам нәтижеге жетпей қоймайды».

Есекең ұлтымыздың мына нақылын жиі қайталайтын: «Жақсымын деп мақ­танба, халық айтпай. Батырмын деп мақ­танба, жеңіп қайтпай». Салаға жан­а­шы­р­­лығы да, білім-ғылымға жанкүйерлігі де, елдің дамуына кәсіби маман, сыйлы зиялы ретінде болысуы да осы өреде көрінетін.

Ол 1934 жылы 17 мaмырда  Түркістан өңірінің Алатау мен Қаратау қолтықтас­қан аумағындағы Кершетaс aулындa дү­ниеге келді. 1951 жылы сол кездегі С.М.Киров aтындaғы Қaзaқ мемлекеттік университеті биология-топырaқтaну фaкультетінің топырaқтaну мамандығына оқуға түседі. Жастай ғылымға ынтызар болды. 1956 жылы университетті үз­дік бітірген соң, aспирaнтурaғa қалды­рылды. 1965 жылы Қaзaқстан Ғылым академиясы Топырaқтaну институты мен Ботaникa, Микробиология инс­титуттaрының біріккен Ғылыми кеңесінде «Мaқтaарaлдың топырaқ-мелио­рaтивтік жaғдaйы және оны жaқсaр­ту жолдaры» атты тақырыпта канди­даттық диссертация қорғап, aуыл­шa­руaшылық ғылымдaрының кaнди­дaты ғылыми дәрежесін алды. Ұзақ жыл осы Ғылым академиясы жүйесін­де жауапты қызметтер атқарды. Халық­аралық, республикалық бірнеше экспедицияға қатысты.

Ғалым Есбол Жaмaлбек тәуелсіздіктің ғылыми атмосферасын жасауға табан­ды түрде қызмет етті. Еліміздің топырақ-мелиоративтік хал-ахуалын жақсарту мен оны тиімді игеру туралы ел, сала басшылығына бірнеше дәлелді ұсыныстар жолдап, қолдау тапты. 1973 жылдан Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жүргізілген тиянақты ғылыми-зерттеу жұмыстары бұрынғы одақ деңгейінде танымал болды.

Азаттықтың елең-алаңында, 1992 жылы Түрікменстан астанасы Ашғaбaдтың Ғылым академиясындағы әйгілі (бұрынғы бүкілодaқтық) Шөл институтында «Мaң­ғыстaу түбегінің жер ресурстaрын эколо­гиялық-мелиорaтивтік бaғaлaу, тиім­ді пaйдaлaну және қорғaу» атты тaқырыпта геоэкология мaмaндығынан докторлық диссертaциясын сәтті қор­ғaды. Қорғауға ұсынған бірнеше ғылыми тұжырымдамасы Топырақтану институты мен Қазақ ауылшаруашылығы институтының (қазір Ұлттық зерттеу ауылшаруашылығы университеті) зертханаларында сыналып, ел абыройын көтерді. Осы сала бойынша 10 монография, 8 оқу құралын, 8 әдістемелік кітапша, 400-ден аса ғылыми, ғылыми-танымдық мақала жариялады.

1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің геогрaфия фaкультетіне шақырылып, ғылыми жұмысты ұстaздық жұмыспен үйлестіріп қызмет ете бастады. Өйткені фaкультетте қaзaқ бөлімі ашылып, осы бағытты сапаландыру міндеті тұрды. Профессор Есбол Үсімбекұлы қазақ, орыс тілдерінде қатар дәріс оқыды. Аспиранттар мен докторанттарды ғылым әлеміне орайлы тарта білді. 2000 жылдардан кейін магистрлік, PhD ғылыми бағдарламаларының Қазақ­стан мазмұнын мейлінше толықтырды. Осы саладағы Есекеңнің шәкірттері елімізде де, шетелдерде де табысты қызмет істеп жүр. Байсалды қасиеті үшін Отанымыздың жоғары мектеп мамандары, ғылыми орта ол кісіні айрықша құрметтеді.

Бір қызығы, Есбол Үсімбекұлының мемлекеттік марапатынан гөрі қоғамдық марапаты көбірек екен. Ол – туған ауданы мен облысының құрметті, ардақты азаматы. Сондай-ақ 2009 жылы студенттер мен магистранттардың ұстаздарды бағалау рейтингіне (әділ таңдауына) салғанда, геогрaфия фaкультетінің «Ең үздік оқытушысы» атанғанын да айта кеткен ләзім. Бұл конъюнктурадан ада атақ еді. 2016 жылы Республикалық ғылым ардагерлері ұйымы да Есекеңе «Үздік ғылым ардагері» деген марапат тағайындайды. Мұны да қоғамның бағасы деген орынды.

Әлі есімізде, 1990–1991 жылдары Ғылым академиясы түрлі саласының отаншыл азматтары тұңғыш рет қазақ тілінде ғылыми конференция өткізуді шешкенде, атағы дардай біраз академик «Ғылымды қазақша жазу, баяндау мүмкін емес» деп, тәуекелдікті тоқтатқан еді... Мәселе мынада: сол кезде ғалымдардың көбі ауылдан шығып, таза қазақтілді мектеп бітірсе де, ғылыми еңбектерін ана тілінде жаза алмайтын күйге түскен-ді.

Осы стереотипті бұзған ғалымның бірі де профессор Есбол Жaмaлбек десек, қателеспейміз. Оның «Жер құнары – өмір нәрі» («Қайнар» баспасы, 1987), «Қазыналы түбек» («Қайнар» баспасы, 1990), «Қазақстан топырағы және оның экологиясы» («Санат» баспасы, 1995), «Жалпы топырақтану және топырақ географиясы» (ҚазМУ, 1997), «Жер кадас­тры» (ҚазМУ, 200, телавторлармен), т.б. зерттеулері мен оқу құралдары қашанда өзекті.

Қазір ғой, жер мен топырақты дұрыс игеруді, су мен ирригация мәселесін жиі айтамыз. Осы зәрулікті Есбол Үсімбекұлы сонау 1959 жылдан бастап көтеріпті. Сол жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне «Еленбей жүрген мәселе» атты мақала жазыпты (18.08.1959). 1961 жылы «Білім және еңбек» (№9) журналына «Топырақ тоза ма?» атты өткір материал жария­лапты. 1962 жылы «Лениншіл жас» газетіне «Жер тыңаймаса, жеміс аз» деген бағытта сериялық мақала жазыпты. 1972 жылы 24 қарашада бүкіл зиялы, ақын-жазушы оқитын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жер – адамзат анасы» атты проблемалық мақала бастырады. Мұн­дай мақаласы 90-жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде де жарияланып тұрды. «Табиғаттану тәлімі» (6.12.1991), «Туған табиғаттың топырағы» (26.09.1995), «Тыңнан алар несібеміз түгесілген жоқ» (17.03.1995), т.б. мақалалары есімізде. Есекең өзекті ой-пікірін ұлттық барлық басылымға ұсынды. Телевидение мен радиоға да білікті спикер-сарапшы ретінде шақырылды.

Ғалым осындай сүбелі ойларының басын құрап, кейін «Қазақ ғылымы: кім, не, қайда, қашан?» атты кітап та шығарды. Бұл – ғылым мен қоғамның, теория мен тәжірибенің арасын жалғаған тамаша дүние де есептейміз.

Есбол Үсімбекұлы туған перзенттеріне, ағайынның балаларына, шәкірттеріне тәлім-тәрбие беру ісінде бәріне тең қарады. Кәсіби мамандану мен ізденісті, тазалық пен адалдықты бірінші орынға қойды.

Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Есбол Жaмaлбек тірі болса, биыл 90-ның төріне шығар еді. Әлемді әбігерге сал­ған пандемия ол кісіге де оңай тимеді. Ал­дында қуатты, сергек-ақ еді. Науқастан күрт әлсіреп қалды. Көңілін сұрай барған бір шәкіртіне Есекең: «Бұрынғылар «Жақсы аға – орман, жақсы іні – қорған» деуші еді. Жақсы аға бол!» деп бата беріпті... Оның елім деп соққан жүрегі 2021 жылы 87 жасында тоқтады.

Есбол Үсімбекұлының қасиетті қазақ топырағына сіңірген шынайы қызметі ұмытылмай, ұлт ғылымында өнеге болып қала бермек.

 

Ыспандияр Ақайұлы,

филология ғылымдарының докторы 

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024