Құқық • 15 Мамыр, 2024

Судьяға сенім қайтсе артады?

207 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Әділеттілік жойылған кезде адамдардың өміріне құндылық бере алатын ештеңе қалмайды» деген екен әйгілі неміс философы Иммануил Кант. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының һәм Әділетті Қазақстан құру идеясының мән-маңызы ерекше. Мемлекет басшысы ел билігін өз қолына алысымен, заң үстемдігін орнату мәселесіне, соның ішінде сот жүйесін реформалауға әрдайым баса назар аударып келеді.

Судьяға сенім қайтсе артады?

Президент 2019 жылғы 2 қыр­күйекте жариялаған «Сын­дар­лы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Сот және құқық қор­ғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құ­қықтарын қорғаудың және олар­­дың қауіпсіздігін күшейтудің негіз­гі факторы. Азаматтарымыз жа­рия-құқықтық дауларда билік ор­гандарының шешімдері мен әре­­­кет­теріне қатысты шағым түсі­ру кезін­де көп жағдайда теңсіздік ахуа­лында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік ап­параттың ресурстарымен салыс­тыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктеледі», деген еді. Нәтижесінде, еліміздің құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер басталып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмысқа кірісті. Осы жаңа жүйе халықтың соттар атқарушы билікке тәуелді, сондықтан көбінесе мемлекеттік органдардың сөзін сөйлейді деген теріс пікірін өзгерте бастады. Себебі Жоғарғы соттың мәліметіне сүйенсек, егер бұрын соттар 15 па­йыз жағдайда ғана азаматтардың пайдасына шешім қабылдаған болса, қазір бұл көрсеткіш 60 па­йыздан асқан. Ал екі ғасырға жуық тарихы бар аталған құқықтық институтты еліміздің сот жүйесіне енгізу турасында 15 жылдай әңгіме болып келгенімен, құр сөзден әрі аспаған болатын. Заңгерлер Мемлекет басшысы батылдықпен енгізген бұл жаңашылдықты қарапайым азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы револю­ция­лық реформа деп санап отыр.

2017 жылы бір аудандық сот төрағасы әңгіме үстінде өзінің айлық жалақысы 230 мың теңге ғана екенін, аудан прокуро­ры мен аудандық полиция бөлімі­нің бастығынан едәуір кем ала­ты­н­ын қынжыла айтып, «Судьялар пара алмай қайтеді?..» дегендей емеурін білдірген. Расында да, судьялардың жалақыларының ат­қарып жүрген жауапты қызметіне лайықты болмауы олардың арасында парақорлық дертінің өршуіне әкеліп соққан сияқты. Осы келеңсіз жағдай ескеріліп, 2019 жылы аудандық судьялардың жалақысы 655 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл – елдегі орташа жалақыдан үш есеге жақын көп сома. Мұның өзі Фемида қызметшілерінің халыққа адал да әділ қызмет етуіне мүм­кін­дік бергені даусыз. Әрине, «Дә­ніккеннен құныққан жаман» демекші, кейбір құныққан судьялар «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтуларын әлі де қоймағандықтан, талайы құрықталып, темір торға қамалып жатыр.

Сот жүйесінде IT-сервистер, оның ішінде Сот кабинеті тиім­ді енгізіліп, пайдаланушылар олар­дың игілігін көріп отыр. Халықаралық сот әкімшілігі қауым­дастығының (IACA) басшылығы былтыр Қазақстанның қолжетімді цифрлық ақылды соттарды енгізуде дүниежүзінде төртінші орынды еншілегенін атап өтті. Аталған ұйым президенті Луис Мария Пальма: «Әлемдік үздік тәжірибеге сүйенген Қазақстан қысқа мерзімде сот басқаруының бірегей моделін енгізе отырып, терең реформалар жүргізе алды» деп, еліміздің судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетіп, нақты уақыт режімінде сот төрелігіне онлайн қол жеткізудің оң тәжірибесін жоғары бағалаған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте жария еткен «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жол­дауында: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, бар­лық судьялардың мәртебесін те­ңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», деп атап айтты. Бұған қоса Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың сотқа ықпал етуін болдырмау, судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрін жою міндетін алға қойды. Сонымен қатар судьялардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыруды да ұсынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат жанынан құрылған Сот жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобы қазір сындарлы диалог орнына айналып отыр. Оның құрамындағы депутаттар, адвокаттар, заңгер-практиктер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері көптеген маңызды заңнамалық шешімді көп болып, кеңесіп қабылдады. Мәселен, сот үдерістерінің тым созылып кетуіне жол бермеу мақ­сатында апелляциялық соттар был­тырғы шілдеден бастап істерді бірінші сатыдағы соттарға кері қайтаруды тоқтатып, мәселенің мән-жайын өздері анықтап, түпкілікті шешім қабылдайтын болды. Бұл шара екі сатыдағы судья­лардың өздері қабылдайтын шешім үшін жауапкершілігін күшейткені сөзсіз.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – судьяларға құқық қорғау органдары мен сот төрағалары тарапынан жасалатын қысымды болдырмау мақсатында оларға қатысты жасырын арнайы жедел іс-шараларды жүргізу үшін санкцияны бұрынғыдай облыс прокурорлары емес, елдің Бас прокуроры ғана беретін болып шешілді. Бұған қоса сот жүйесінің атқарушы билік тармағынан тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржыландырудың жаңа моделі енгізіліп, оған барлық мемлекеттік органның шығыстарының кемінде 6,5 пайызы мөлшерінде қаржы бөлу заңдастырылды. Сот жүйесі бюджетінің шығыстары және судьялардың жалақыларының мөл­шері барлық деңгейдегі сот делегаттарының қатысуымен Жо­ғарғы соттың кеңейтілген жалпы отырысында айқындалатын болды.

Бір назар аударарлық жаңалық  биылдан бастап аудандық сот­тардың төрағаларын сайлау ен­гізілмекші. Бұл лауазымдарға кандидаттарды судьялар қауымы жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Әйтсе де, сот жүйесін жетілдіруде әлі де ойланарлық жайлар бар. Нақты айтсақ, Ұлттық статистика бюросы былтырғы қазан-қараша айларында жүргізген әлеуметтік зерттеу халықтың сот жүйесіне деген сенім деңгейі 61 па­йыз екенін көрсеткен. Бұл көрсеткіш прокуратура (63,8 па­йыз) және полиция (63,1 пайыз) органдарымен салыстырғанда біршама төмен.

Бұдан бірер жыл бұрын егін­шілікпен айналысатын ауылдасым: «Бір элеватордың бастығы шарт бойынша 100 миллионнан астам теңгеге бағаланған астығымның ақы­сын төлемей, созбаққа салып жүр. Не көмегің болады?», деп сұрады. «Экономикалық сотқа жүгін», деп кеңес бердім. Бірер аптадан кейін әлгі ауылдасым тағы телефон соғып тұр: «Судья әуелі 3 миллион теңге сұрады. Арада бір апта өткен соң, ол соманы 7 миллионға дейін өсірді. Енді не айтасың?», деді жыларман болып. Не айтушы едім? «Бір тиын да пара берме. Жоғарғы сотқа дейін арыздансаң да, түбінде сен жеңуге тиіссің», дедім. Судьялардың ішінде көпе-көрінеу жасалып отырған қиянатты түзету үшін миллиондаған теңге пара сұрайтын осындай арсыз да болады екен. Міне, сондай сот жүйесіндегі «бір қарын майды шірітетін бір құмалақ» іспетті жемқорлардан арылу үшін, бәлкім, АҚШ, Италия, Швейцария сынды Экономика­лық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердегі сияқты, біздің елде де судьялар­ды да сайлауға көшетін кез ту­ған болар. Бұл мәселені жуырда Жоғарғы соттың бұрынғы төр­ағасы, Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің профессоры Мұсабек Әлімбеков «Сот жүйесі – қазақстандық қоғамды дамыту негізі» тақы­рыбында өткен Халықаралық ғы­лыми-практикалық конференцияда көтеріп: «Кейінгі кезде қоғамда сот жүйесі жиі сыналып жүр. Бүгінде ауыл және аудан әкім­дерін халық сайлайды, Үкі­метті Пар­ламент тағайындайды, заң шы­­ғарушы органдар да сайлау арқы­лы қалыптастырылады, ал судья­лар әлі тағайындалып келеді. Біз судьяларды халықтың өзі сайлауы туралы ойлануымыз керек. Өйткені кешегі кеңес заманында судьялар сайланған болатын. Мысалы, мен 1982 жылы сол кездегі Жамбыл қаласының Орталық ауданының халық судьясы болып сайланғанмын», деді.

Басқа кейбір белгілі заңгерлер де «Судьялар тағайындалатын болғандықтан, жоғары жаққа қа­рап, жал­тақтап отырады. Сот жүйе­сіне сенімді арттырудың бір жолы судьяларды халықтың тіке­лей сайлауы болуға тиіс», деген пікір білдіріп жүр.