Өнер • 15 Мамыр, 2024

Француз классикасымен кездесу

81 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова
21 мамырда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Фореден Пуленкке дейін» концертін көрермен назарына ұсынады.

Француз классикасымен кездесу

«Большая опера» халық­аралық телевизиялық жоба­сының жеңімпазы Салтанат Ахметованың көпшілік ұна­татын даусы мен музыкалық өнерді тереңнен түсінуі оның осы күнге дейін ұсынылған концерттерінің барлығын жарқын әрі мазмұнды етіп келеді. Сыншылар әншінің адам жанының түкпіріне бой­лап, тыңдармандарды өзі­нің әсерлі орындауымен қы­зықтырып, музыкалық бей­нелердің кең шоғырын оңай­лықпен жүзеге асыратынын сан мәрте атап өткен еді. Ал бұл концертте тыңдармандар әйгілі француз композиторларының вокалдық музыкаға айрық­ша қызығушылық танытқан әрі қайталанбас музыкалық жау­һарларды жасаған XIX-XX ғасыр­лардағы өнер ат­мос­ферасына енуге мүм­кін­дік алады.

– Әлемдік музыкалық мә­дениетте француз классикасы ерекше орынға ие, ол керемет операларды қамтиды. Бүгінде театр сахналарында жиі қойылып жүрген Ж.Би­­зенің «Кармен» операсы со­лардың қатарында. Бұ­­дан бөлек, XIX ғасырдың соңғы он­жылдықтары мен ХХ ғасыр­дың басындағы, яғни «жаңа­ру» деп аталған кезеңдегі фран­­цуз музыкасы өте бай әрі қы­зықты. Клод Дебюссидің дебюттік этюдтері мен прелюдиялары, Эрик Сатидің сонаталары мен камералық ан­самбльдері, сондай-ақ Морис Равель мен Франсис Пуленктің шығармалары, өкінішке қарай, біздің сахнада жиі орындала бермейді. Десе де, олар мені, ең әуелі, өздерінің біре­гей дыбыстауымен және үй­ле­сімділік пен форманың тәжі­рибесі­мен қызықтырады. Аталған композиторлардың туындыларын орындағанда олар­дың сөз тіркесі мен дина­ми­кадағы нюанстар сынды өзіндік техникалық талаптарын ескеру өте маңызды деп санаймын. Оның қиын­дығы техникалық дәл­дікті, мәнерлі­лікті және әлбет­те, дұрыс айтылымды сақ­тай отырып, олар­дың дара қолтаңбасы мен шы­ғар­малардың атмосферасын жет­кізуде болып табылады, – дейді Салтанат Ахметова.

Әнші атап өткендей, бағ­дарламаға француз композиторлары Габриель Форе, Франсис Пуленк, Эрик Са­ти мен басқа да танымал ав­тор­лардың сол дәуірдегі стиль­дердің сан алуандылығын бейнелейтін түрлі туындылары енді. Таңдаулы вокалдық миниатюралардан бастап флейта мен кларнет қатысатын ка­­мералық ансамбльдерге дейін әрбір композиция өзінің бірегей көркемдік бейнесін ашады. Сопрано Салтанат Ах­метованың, флейташы Алексей Косы­рев­тің және кларнетші Алмаз Тоқпановтың орындауы аудиторияға әрбір туын­дының тереңдігі мен әсемдігін шынайы сезіну­ге мүмкіндік береді. Фор­тепиано партиясын концертмейстер Зәру Жазықбаева ұсынады.

– Әрине, мені сахнада опе­ра­лық спектакльдерде жиі көруге болады, алайда партияны орындау мен тұтас камера­лық музыка концерті – екеуі де кез келген музыкант үшін өздерінің бірегей талаптарын қояды. Операда техникалық қана емес, сондай-ақ актерлік шеберлік және эмоцияны музыка мен сахнадағы қимыл арқылы жеткізу қабілеті де маңызды. Ал камералық музыка концерті анағұрлым терең орындауды талап етеді. Мұнда әртістің туындыны жеке пайым­дауы, оған деген көзқарасы, музыкалық қабілеті маңызды. Шын мәнінде, бұл – бір әртіс қатысатын кәдімгі спек­такль, себебі мұнда опера­дағы­дай серік­тестеріңмен өзара әре­кет­тестік жоқ, – деп әнші шы­ғармашылық кешінің ерек­шелігіне де жан-жақты тоталып өтті.

«Фореден Пуленкке дейін» концерті өнерсүйер қауымға әйгілі композиторлар шы­ғармаларының әдемі орындауынан ләззат алуға керемет мүмкіндік сыйлап қана қой­май, классикалық музыканың ғаламат атмосферасын да паш етеді. Авторлардың әрбір шы­ғармаға салған сезімдері мен эмоциялар гаммасын орын­даушылардың қалай жет­кізе­тінін көру барлығына қы­зық­­ты болары сөзсіз.