Қоғам • 15 Мамыр, 2024

Журналист қызметінің құқықтық құзіреті сараланды

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қолына қалам ұстаған қауым – кәсіби құқықтары мен әдебін білуге міндетті. Айтқанмен, медиа құзіретті терең меңгеруге көбі тиянақтылық танытпайды. Мамандар осы олқылықтың орнын толтыруда оқыту курстарының рөліне айрықша назар аударады, деп жазады Egemen.kz.

Журналист қызметінің құқықтық құзіреті сараланды

Фото: kaz.orda.kz

Салаға жауапты министрлік пен Жетісу облысының әкімдігі тақырып төңірегінде журналистердің біліктілігін арттыру үшін БАҚ өкілдерінің басын қосты. Талдықорғандық әріптестеріміз Б.Құранбек атындағы Журналистер үйіне жиылса, республиканың өзге өңіріндегі тілшілер Zoom платформасы арқылы кәсібилерден кеңес алды.

Алдымен сөз алған БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов «Масс-медиа туралы» Заңға енгізілетін түзетулер соңғы саты Сенатта талқыланып жатқанын жеткізіп, кейінгі өзгерістерден құлағдар етті.

Ахетовтің айтуынша, аймақтағы журналистердің әлеуметтік әлеуетін көтеруді көздейтін «пресс-карта» жеңілдігін енгізуді мамандардың өзі мақұлдамаған. Оған медиа тұлғаларды бөле-жарып қарау қадамының алдын алу себеп болыпты.

Алайда журналист, ақын Айтақын Бұлғақов бұл мәселенің салмағын саралау үшін «Тәуелсіз сарапшыларды» іске тартуды ұсынды.

«Алатау» газеті Республикалық қоғамдық-саяси басылымның бас редакторы тілшілікке қатысты бірқатар заңнамалық бастамаларын ортаға салды. Олардың қатарында Мемлекеттік және жекеменшік басылымдардың мәртебесін теңестіру, «Ақпарат саласының үздігі» атағына ұсынудың жолын қысқарту, жергілікті журналистердің жалақысын да көтеру мен газеттер үшін өткізілетін тендерге жылда телміртпей 3 жылда бір-ақ өткізу, жалпы журналистердің құқықтық қолдау мәселелері бар.

БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов «Масс-медиа туралы» Заңға енгізілген соңғы түзетулерде БАҚ үшін мемлекеттік тапсырысты 3 жылға дейін жасау мүмкіндігі қарастырылып отырғанын тілге тиек етті.

«Журналистердің кәсіби құқықтарын қорғауға мемлекет те мүдделі. Енді мемлекеттік тапсырыс 2 негізде қарастырылады. Біріншісі: мемлекеттік БАҚ үшін – мемлекеттік тапсырыс және жеке меншіктегі БАҚ үшін – мемлекеттік грант. Тапсырысты алуға барлық медиа құқылы. Сондай-ақ тапсырыс беру мерзімін ұзарту арқылы контент сапасын арттыру мақсаты қойылып отыр. Мемлекет осы тапсырыс негізінде ғана БАҚ-ты қаржыландырып, контентін сатып ала алады», деді Қ.Ахетов.

Қазақстанда ресми 5 000 БАҚ тіркелсе, оның 80-90 пайызы жекенің жауапкершілігінде. Осы тұста көпшілікке кәсіби, сауатты, тексерілген материал ұсынуда журналистердің қоғамдағы статусын шегелеу шешімін табу керек.

Құзырлы органдармен жедел ақпарат алмасу жұмысында да біршама кедергілер бары жасырын емес. Жиналған журналистер бұл мәселені де ұмыт қалдырмады.

«Журналистердің кәсіби қызметінің құқықтық және әдептілік аспектілері» курсының екінші бөлімі «KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаеваның шеберлік дәрісіне ұласты.

Тәжірибелі журналист заңнамадағы өзгерістер мен медиа әлеміндегі маңызды міндеттерді әңгімелесу, танымдық ақпарат беру, ойын әдісі арқылы ұтымды жеткізе білді. Халықаралық БАҚ-тағы құқық бұзушылық жағдайларының нәтижесін бөлісу арқылы ақпаратты әрдайым ыждахаттылықпен тексеруге, бейтарап ұстанымды ұстын етуге шақырды.

Сондай-ақ Бақтыгүл Бурбаева әлеуметтік желіден алынған ақпараттан соң әлек болып қалмау үшін, оқиғаның байыбына бару, астарына үңілу, жазба авторынан келісім алу – журналистикалық қызметтің негізгі аспектісіне айналғанын айтты.

Бүгінгі БАҚ-тың елей бермейтін келесі түйіні – авторлық құқық. Кез келген ақпараттың алынған төркінін көрсету, біріншіден, оқырманға құрмет, сенімді дереккөз ұсыну болса, екінші ретте журналистердің келеңсіздікке тап болмауының кепілі. Сондықтан дереккөзді актив сілтемемен айшықтау – қажет қадам.

Журналистер кәсіби құзіреті мен құқығы туралы жекелеген ұсыныстарын «Масс-медиа туралы» Заң қабылданғаннан кейін екі ай ішінде айта алады.