Технология • 16 Мамыр, 2024

«Ертемірлер» төрге озған жиын

152 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемнің бір шетіндегі көбелектің қанат қағысы, екінші шетте дауыл тұрғызады. Құйрықты жұлдыздай ағып түскен талантты оқушы Әлихан Мақсұттың роботтехникадағы талпынысы қазір самсаған қазақ балаларының осы саладағы жетістігіне сеп болып отыр. Оған естігеннің жарғағында, көргеннің жанарында, жаттағаннның зердесінде кететін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен технократ оқушылардың фестивалінде көз жеткіздік.

«Ертемірлер» төрге озған жиын

Суретті түсірген – Ардақ ШӘДЕТ

Домбыра үйрететін құрылғы

Ерекшелігі – тұңғыш рет респуб­ли­калық деңгейде өтіп жатқан «RoboZerde-2024» сайы­сы  Астанада өткелі жатқан V Дүниежүзілік көшпе­лі­лер ойынының құрметіне ұйымдас­тырылды. Іс-шарада оқушылардың бір бөлігі «Мәдени мұра» санаты бойынша шығармашылық жобаларын ұсынса, бір бөлігі роботтарын бағдарламалап, оларды ұлттық спорт бойынша сайысқа салды.

рп

Балалардың бастамасы ә дегеннен әсерге бөледі. Бірінен бірі өтеді. Еліміздің жиырма облысынан келген командалар өз өңірінің тарихи, мәдени жәдігерлерін жоғары технологияға қалыптаған үлгі-жоспарларын таныстырып жатыр.

Мына екі бала макеттің орнына кәдімгі домбыраны қойыпты ғой. Қош делік, қазақтың төл аспабы. Ал оны digital деңгейінде қалай сөйлетпекші екен? Тақала беріп едік, тақылдап өздерін таныстыра жөнелді. 

– Аты-жөніміз Жадыра Түсіп­бекова және Еркебұлан Бұсыр­манов. Астанадағы №9 «Зерде» маман­дандырылған мектеп-лицейінен келдік.

– Бәрекелді, балалар! Қандай жоба көрсетесіңдер?

– Біз ұлт аспабы домбыраны меңгеруге көмектесін арнайы бағдарлама мен тюнинг жүйесіне негізделген «Qazaq aspap» жобасын дайындап шықтық. Телефонның көлеміндей мына құрылғымен сіз дом­быраның құлақ күйін оп-оңай келтіресіз.

– Апырай, мынау тамаша өнертабыс қой. Аспапты қолына енді алып жүрген жандарға құлақ күйін өз бетінше келтіру – жеңіл жұмыс емес, – дедім де құрылғының қалай жұмыс істейтінін дереу көргім келді. Еркебұлан мен Жа­дыра да бағдарламасын бірден іске қосты. Бағдарламаны сынайыншы деп домбыраны теріс бұрауға әдейі келтіріп, құрылғыны тақай бергенім сол еді, әлгінің қысқышы «құлағымды» бұрап келіп жіберсін. Таңғалдым. Шертіп калсам кәдімгі ре-соль нотасында, оң бұрауда күмбірлеп тұр. Оқушыларға алғыс білдірдік те, істеріне сәттілік тілеп, келесі жобаларды көруге асыға бердік.

зд

Макеттердің ішінде менмұндалап Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі көрінеді. Жобаның авторлары – Бекзат Тәліп пен Досан Несіпбай деген екі жігіт. Жақын барып жөн сұрасам, Маң­ғыс­таудың оғландары. Бәсе деймін, көз­інде жалын, сөзінде салмақ бар. Басқалар секілді қобалжымай, байсалды қалпы жобаларын таныстырды. «Біздің жобамыз «RoboSerik» деп аталады. Ар­найы ақпарат енгізілген, қашықтан бас­қарылатын, өзі адамның бойымен шамалас бұл робот мәдени орындарда гид қызметін атқарады. Оны Әзірет Сұлтан мем­лекеттік тарихи-мәдени музейге орналастыруға болады. Сондай-ақ ол 24 сағат бойы ғимарат қауіпсіздігі мен таза­лығын күзете алады. Оқыс жағдай бола қалса, дереу орталыққа хабар береді», деді маңғыстаулық жас технократтар. Расында да мемлекетіміздің ішкі және сыртқы туризмге жіті мән беріп жатқан тұсында мұндай өнертабыстардың көп болғаны керек-ақ.

л

Әрі қарай назарымыз салуалы киіз үйдің үлгісіне түсті. Сырттай қара­пайым көрінгенімен, оқушылар оны да ІТ технологиялармен жабдықтап қойып­ты. Керегенің көзіне орнатқан арнайы қабылдағыш үйдің температура­сына қарай ауа ылғалдығын реттеп отырады. Түңлік те автоматты түрде күн түс­кенде өзі түріледі. Бұған қоса мұнда да қазақтың салт-санасы, дәстүр, әдебін түсін­діре­тін аудио-гид бағдарламасы іске қосылыпты. Жобаның авторлары 9-сынып оқушылары Арман Сұлтанбек пен Данат Жаңбырға бәрекелді дестік. Көрушілердің қатарында осы фестивальге демеушілік білдірген Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті-бас хатшысы Тастанбек Есентаев та болды. Оқушылардың жобасымен танысқан ол ұсынылып отырған digital-киіз үйді Көшпелілер ойыны аясында жасалатын «Бірлік керуені» және «Этноауыл» іс-шарасына қосуға ыждағат білдірді. Осы­дан соң «РобоСпорт» бағытының «Арқан тартыс», «Асық ату», «Мерген» және «Ақсүйек» атты төрт санат бойынша жарысқа түсіп жатқан оқушыларды көруге бет алдық.

Салмақты сақа шеңбер ортасында тізілген асықтарды ұшырып түсірді. Бірақ сақаны иірген бала емес, робот. Иә, кәдімгі робот. Асығын алшы­сынан түсіргендері жүлделі жеңіс сәтіне жа­қындай береді. Басқалары өз  кезегін күтіп, сақаларын сайлап тұр. Осы сәтте қазақ балаларын ептілік пен ұқып­тылыққа үйреткен асық ату ойы­ны­ның «жаңа дәурені» келгеніне анық көзіміз жетті. Робот қалай асық ойнамақ дейсіз ғой? Жауабын Маңғыстаудан келген 6-сынып оқушылары Мұратбек Таир мен Айшуақов Нұрбек айтсын.

п

– Біз бұл жобамызды екі сағатта жасап шығардық. Роботтың мақсаты – асық­­тарды атып, шеңберден шығару. Жолақшаның бойымен асық сырғанап келеді де, резеңкенің күшімен атылады. Роботтың дәл атқаны ғана емес, түзу қоз­­­ғалуы да маңызды, – дейді жас өнертапқыштар.

Осылайша, көнеден жеткен ұлттық спорт түрінің қазіргі технологиямен ұштасқаны көңілімізді көкке көтеріп тас­тады.

 

Робот-мерген мүлт кеткен жоқ

Арқан тартысып жатқан роботтар алаңында кіл мықтылар жиылыпты. Еліміздің жиырма аймағынан келген технократ оқушылар өздері дайындап, өздері баптап қосқан роботтардың беліне арқан байлап, әлеуетін көріп жатыр. Бәрі де өз аймақтарының үздігі. Бірақ қай роботтың техникасы мығым, қайсысының күші көпке шыдайды, сол жеңімпаз атанар сәтке жақындай түседі. Финалда 36 роботтың арасында іріктеліп шыққан екі робот бақ сынасты. Баптары келіп-ақ тұр. Өйткені біраз уақыт екеуі де арқанды өздеріне қарай тартып, қаққан қазықтай орындарынан тапжылмай тұрды. Тіпті ортадағы арқан үзіліп кетер ме екен деп қорқа бастадық. Бірақ не дегенмен, мықтының аты мықты ғой, тартыстың соңына қарай Қарағанды облысынан келген «Ертемір» қарсыласын жұлып әкетті.

дл

Ақсүйек ойнап жатқан роботтар да адамдар сияқты жұппен ойнайды. Ойын алаңында алдын ала жасырылған координатаны алғаш тапқан роботтың біреуі өзінің GPS мекенжайын хат арқылы әріптесіне жолдайды. Ал әріптесінің мақсаты жұбының қай жақта тұрғанын нақ­ты тауып,  оған дереу жету. Сонда ойын­ның мақсаты сүйекті емес, сүйіктіні із­деу керектігін роботтар да жақсы мең­герген екен.

Ойын алаңының ортасында «Мер­гендер» бәсекесі дүбірлеп өтіп жатты. Әрине, олар да робот мергендер. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 22 оқушының робот сайыпқырандары сапта тізіліп тұр. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Бірінің жылдамдығы мықты, екіншісі дәлдігімен ерекшеленеді, үшіншісі ұқыптылығымен көзге түседі. Бұл сайыстың да шарты ұлттық спорттан ажырамаған, ұғынықты: роботтар белгіленген жолақпен жүріп өтіп, нысанаға оқтарын дәл тигізу керек. Үздік шыққан он бір мерген де жеңімпаз атанады.

Жоғарыда айтқан ұлттық спорттар­ды техникамен шебер ұштастыра біл­ген, «NatRoboCom» ұлттық робот­тех­ника жарысының авторы Марс Мәулетұлының айтуынша, бұл бә­секенің ұлттық тұрғыда жаңғыруы ро­бо­т­­тех­никаның әлеуетін арттыра түседі.

– Еліміздегі жас дарындардың робот­техникадағы жетістіктері мол, бірақ қазақтың ұлттық ойындарына деген қызығушылықтары бәсең тартып жатады. Осы екі арнаны тоғыстыру мақсатында бұл ойындарды алғаш рет 2019 жылы Орал қаласында өткіздік.  Сол жылдан бастап тұрақты түрде республикалық жарыстарды, сондай-ақ Орталық Азия чемпионаттарын өткізіп келеміз. Әуелде жобамызға сенімсіздік танытқандар көп болды. Өйткені қоғамда «Еуропаның, Жапонияның роботтехникалары мықты, солардың дәстүрімен ғана жарысу керек», деген қасаң түсінік болды. Сондықтан ұлттық ойындарды роботтар әлемінде дәріптеу жолында көп тер төктік. Бірақ еткен еңбек, төккен тер өз жемісін беріп жатыр. Мінеки, бүгін де  Әлихан Мақсұт атындағы рес­публикалық фестивальге өз үлесімізді қосып жатқанымызға бек қуа­ныштымыз. Әлихандай білімді, қабілетті әрі тәрбиелі дарындардың қанат жаюына осындай фестивальдердің қосар үлесі зор, – деді Марс Мақсот.

 

Берері мол фестиваль

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау орталығы, Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі, «Роботек» роботтехника мектебі, «Марс роботикс» роботтехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры бірлесіп ұйымдастырып отырған фестиваль жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өтеді. Фестивальдің тұрақты демеушісі – «Amanat» партиясы мен партияның «Жастар рухы» жастар қанаты. Дарынды оқушылардың ғылыми дағдысын шыңдау және тәжірибе алмасу үшін келешекте фестивальді халықаралық деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Фестивальдің ашылу салтанатына «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, партия хатшысы Шолпан Каринова,  Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті, бас хатшы Тастанбек Есентаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Ардақ Бейсенбай, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Педагогикалық шеберлік және психологиялық қызметі бөлімінің басшысы Сайран Бақтияр қатысты.

Өз сөзінде Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырғанын атап өтті.

Еліміз ғылым және технология саласына қатысты маңызды мақсат қойып отыр. Президент атап өткендей, ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Мемлекет бас­шысы тапсырмасымен ғылымды дамы­туға үш жылдың ішінде 625 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ғалымдардың жалақысы екі есе өсті. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтіліп, соның нәти­жесінде ғылыммен айналысып жүрген жастар саны артып келеді. Сон­дай-ақ жуырда «Жасанды интеллект» коми­теті құрылды. Яғни цифрландыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Осы орайда, «RoboZerde – 2024» фестивалі жас ға­лымдар мен инновациялық жобалар үшін ай­рықша алаңға айналуға тиіс, – деді ол.

– Біздің фестиваль оқушылардың роботтехникаға деген қызығушылығын арттыруға, балалардың ғылыми-техни­калық қабілетін дамытуға, өскелең ұрпақты ғылыммен айналысуға жан-жақты ынталандыруға бағытталған. Мек­­теп оқушыларына арналған роботтехника – бұл хобби ғана емес, сонымен қатар STEM дағдыларын жетілдірудің қуатты құралы. Сондай-ақ біздің фес­тиваль оқушыларды инженерия және ақпараттық технологиялар саласындағы болашақ мамандықтарға даярлайды», – деді ақын әрі фестиваль бастамашысы Серікзат Дүйсенғазы.

Мемлекет басшысы  еліміздің келе­шегі жоғары технологиялардың даму деңгейіне байланысты екенін үнемі айтып жүреді. Осыған орай Ә.Мақсұт атындағы «RoboZerde-2024» роботтехника фестивалі талантты жастардың талабын ұштайтын мега жобаға айналады деп үміт артамыз.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan»