Аймақтар • 17 Мамыр, 2024

Экономика көрсеткіші халық тұрмысымен өлшенеді

97 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлеуметтік қамсыздандыру – мемлекеттік даму көрсет­кіш­терінің бірі. Республиканың үшінші мегаполисінде әлеуметтік қолдау саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.

Экономика көрсеткіші халық тұрмысымен өлшенеді

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Шымкентте әлеуметтік мәсе­ле әр­дайым өзек­ті болуы заңды. Себебі мегапо­листің тұрғын саны көп. Демографиялық ахуал жылдан-жылға жақсарып, нәти­жесінде халық саны ұлғайып келеді. Сонымен бірге шаһар – республикадағы жастары көп қаланың бірі. Олардың өзі –  үлкен еңбек күші. Сондықтан жастарды оқыту, мамандыққа үйрету, жұмысқа орналас­тыру мәселесі қалалық әкімдіктің күн тәртібінен түскен емес. Ресми ста­тис­­тикаға көз жүгіртсек, Шым­кент қала­сында бүгінгі таңда жұмыссыз ре­тінде тіркеуде тұрған 13 323 адам бар екен. Хал­ыққа шаққанда жұмыссыздық дең­гейі ме­гаполисте 4,9 пайызға тең. Жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік қор­ғау бас­қармасының биылғы жос­пар кестесінде 30 207 адамды еңбекке тар­тудың түрлі шарасына қатыстыру көзделген.

Осы мақсатты орындау үшін арнайы үш жобаны жүзеге асыру қарастырылған: кәсіпкердің қажеттілігіне қарай маман даярлау, субсидияланатын жұмыс орындарының ауқымын кеңейту, адам­дардың жеке кәсіп ашуына қар­жылай көмек көрсетіп, жағдай жасау.

Алғашқы жобада жұмыс беру­шілердің сұранысы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға қысқа­мерзімді кәсіптік оқыту қарастырылған. Жаңа мамандық игеріп шыққан соң, жұ­­мыссыздар курс соңында нақты жұ­мысқа орналастырылады. Тіпті ма­мандық игерушілер оқу барысында үш ай бойы шәкіртақы алып отырады. Биыл бұл бағытта жұмыссыз ретінде тіркелген 1 110 азаматқа қайта оқыту кур­сына жолдама беріледі. Оқу сәтті аяқ­талғаннан кейін жұмыс беруші жа­ңа кәсіп меңгеріп шыққан азаматты 6 ай мерзімге жұмысқа орналастыруға міндетті. Жұмыс берушімен болған бұл әлеуметтік келісімшарт 10 жұмыс күні ішінде қаралып бітуге тиіс. Мұндай шара, әсіресе, қолында дипломы бар, бірақ жұмыс таппай жүрген жандарға өте пайдалы. Өйткені кезінде сұранысқа ие емес мамандық оқып, соңында жұмысқа кіре алмай қалған жандар қоғамда бар­шылық. Ал бүгінде техникалық ма­мандыққа сұраныс артып тұрғаны белгілі. Әсіресе зауыттарда қол күші же­тіспейді. Еңбек нарығындағы сол сұранысты қанағаттандыруға қала­лық әкімдік кәсіпкерлердің жеке талап­тарына орай нақты мамандықтарға оқытады.

Мұндай бастама бірінші кезекте жастардың жұмыссыз жүріп қалмауы үшін маңызды. Себебі жұ­мыссыздық көптеген ілеспе проблема тудырады. Сон­дықтан мемлекет арнайы бағ­дарлама қабылдап, жас­тарды, орта буын азаматтарды қайта даярлап, тұ­рақ­ты жұ­мыс табуға көмектесіп жатыр.

Екінші жобаға келсек, халықты жұ­мыспен қамту мәсе­лесінде субсидияланатын жұмыс орындары да өзіндік мәнге ие. Биылғы жоспар бойынша 7 454 адамға субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру қарастырылса, бүгінгі таңға дейін 4 490 адам сол тиісті жолдаманы алып үлгерді. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, күміс жас, қоғамдық жұмыстар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары секілді әлеуметтік шараларды айтуға болады. Аталған бағдарлама бойынша жұмыспен қамту шарасына қатысып жатқан азаматтардың еңбекақысы мемлекет тарапынан өтеліп жатыр.

Тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету бағдарламасының ең нәтижелі бөлігі – азаматтарды жеке кәсіп бастауға демеу білдіретін арнайы іс-шара. Осы күнде жеке кәсібін ашу үшін әкімдік азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасына қатыстырып жатыр. Аталған жоба шеңберінде биыл 3 750 адам кәсіпкерліктің әліппесін үйренеді. Бүгінге дейін 1 364 адам онлайн форматта кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған. Сонымен қатар осы жылы 426 адамға кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 400 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде қайтарымсыз грант бе­ріледі. Алғашқы лекте 213 адамға тегін грант алудың бақытты сәті бұйырады. 273 жасқа жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр. Қазір тиісті ведомостволар мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында келісімшарт түзу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Халықты тегін грантпен қамтамасыз етудің де пайдасы өте үлкен. Себебі сол ар­қылы шағын және орта бизнес дамиды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында осы мәселені қозғап, шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамыту жөнінде Үкіметте тиісті тапсырмалар береді. Әлбетте, кәсіп бастау үшін адамға алдымен идея, сол идеяны қағазға түсірген жос­пар мен бастапқы қаржылық капитал керек. Осының бәріне қол жеткізу үшін қарапайым адамның шамасы кел­мейтіні анық. Ал енді бұл тірлікті тү­гелдей мемлекет өз мойнына алып, кәсіпкер боламын деген азаматтарға толықтай қолұшын беріп жатса, бұдан артық қандай көмек керек. Ендігі жерде азаматтардың міндеті сол мемлекет ұсынған жәрдемді алуға ұмтылып, халыққа пайдалы, әлеуметтік маңызы жоғары бизнес-жобаларды ойлап тауып, соларды іске асыруға асығу қажет. Халыққа жаңа бизнес ашуға демеу білдірген мұндай әлеуметтік қолдау шарасы әлемнің барлық елінде бар деп айта алмаймыз. Сондықтан еліміздің осынау қамқорлығына, әрбір маңызды бастамаларына шын ықылас танытудың өзі – нағыз адамгершіліктің үлгісі.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасының дере­гінше, 2021–2025 жылдар аралығында 10 индикаторлық көрсеткішке қол жеткізу міндеті қойылған. 4 индикатор ресми статистикалық деректер арқылы алынады. Соның ішінде халықтың нақты ақшалай табысы өсімінің жоспары 8,6% болса, инфляция деңгейінің жоғары болуына байланысты қазір ол 3,6%-ға төмендеген.

«Ақшалай табысқа еңбек қызметінен түскен табыс, әлеуметтік трансферт және өзге де ақшалай түсімдерден түскен табыс кіреді. Халықтың ақшалай табысының құрамында еңбектен түскен табыс басымдық болғандықтан, еңбекақы төлеу халықтың табысын арттырудың бас­ты мақсаты, яғни еңбекшілердің нақты жалақысын жүйелі түрде жоғарылату, халықтың ақшалай табысын арттыру, еңбек өнімділігі мен сапасына сәйкес лайықты сыйақыны қамтамасыз ету болып саналады. Үй шаруашылықтарының азық-түлік тауарларына арналған шы­ғысының жоспары 43,6% болса, инфляция деңгейінің жоғары болуына бай­ланысты 2023 жылдың төртінші тоқсанында көрсеткіш 53,4%-ды құрап, жоспардан асып отыр. Бұл деген сөз қала тұр­ғындары өз айлық табысының 53,4%-ы­н азық-түлік сатып алуға жұмсай­тынын көрсетеді.

Қалалық мәслихат шешімімен 5 000 ардагер мен зейнеткердің шипажайда ем алып, денсаулығын түзеу мақсатында бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмекке, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балаларға қосымша төлемге биыл жергілікті бюджет есебінен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен бірге 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 153 отбасы немесе 254 адам «қандас» мәртебесін алды. Сондай-ақ 26 адам «қандас» мәртебесін 6 айға ұзартты. Елімізге қоныс аударған қазақтардың басым бөлігі – Өзбекстаннан көшіп келгендер. Олардың көбі бүгінде құрылыс, сауда-саттық және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысады. Осы тұста айта кеткен жөн, Шымкентте 2008 жылдан бері Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – респуб­лика заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы қоғамға бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету. Аталған мекемеде 13 отбасы бейімделу шарасынан өтіп жатыр. Сондай-ақ қалалық әкімдіктің ха­лықты жұмыспен қамту орталығына 59 қан­дас жүгініп, олардың 37-сі жұмыспен қам­ту бағдарламасына тартылды.

 

ШЫМКЕНТ